Өнер – жер бетінде адамзат баласы пайда болғаннан бері бірге жасап келе жатқан құбылыс. Біздің заманымызға дейінгі кезеңнің өзінде театр, сәулет, әдебиет сынды өнер салалары қарыштап дамыған ежелгі грекиялықтар “өнерсіз өмір жоқ” деген ұстаныммен ғұмыр кешкен. Әлемдік мәдениеттің іргетасын қалаған жұрттың бұл ұстанымы адамзаттың мәңгілік қағидасына айналуы шарт. Әсіресе қазіргідей адам жаны темірге айналып бара жатқан кезде өнер біздің қарайған жүрегімізді тазартар дәрі сияқты.
Адамның қабылдауына қарай өнердің де түр-түрі бар. Құлақтан кіріп, бойды баурап, жүректі тербеп, тыңдарманды өз күйіне елтіп әкететін тылсымы көп сондай өнер түрінің бірі – музыка. Біздің бүгінгі мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз де бала кезден музыканы жанына серік етіп, осы күні талай жұртқа қазақтың қара домбырасының құдіретін танытып жүрген дарын иесі.
Қанда бар қасиетті өзге жұрттан жасырып қала алмайсың ғой. Ата-бабаның қанымен, хақтың нұрымен бойға сіңген талант күндердің күні жарыққа шығып, жарқ етері анық. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның жетекші домбырашысы, республикалық байқаулардың лауреаты Асхат Ғалеевтің бойындағы дарыны бала жастан көріне бастаған. Бұған оның өнерлі ата-анасының тигізген әсері көп. Он жасында домбырамен ән айта бастаған өнерпаз 2001 жылы облыс орталығындағы өнер мектебіне қабылданады. 2006 жылы мектепті тамамдағаннан кейін колледжде білім алыпты. Өнерлі жас одан әрі өз дарынын елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жетілдірген. Бас қаладағы үлкен мүмкіндіктерге қарамастан Асхат Ғалеев “ер – туған жеріне” деген тәмсілді басты ұстаным етіп, алтын бесік – Қызылжарға оралған. Содан бері 11 жыл бойы осындағы ұлттық өнердің өрістеуіне үлес қосып, теріскейлік көрерменнің ақ батасымен өнер биігіне өрлеп келеді. Бүгінде ол Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы болумен қатар Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінде ұстаздық қызметте.
Жергілікті, республикалық сахналарда өнер көрсетіп, талай байқауларда Қызылжардың қоржынына жүлде салып жүрген жан үшін соңғы бір жыл жемісті кезең болды. Домбырашы өткен жылдың тамызында филармония әртістерімен бірге Италияға сапарлап, қарт құрлық халқының құлағына ұлттық музыкамыздың үнін сіңіріп қайтты. Онда өнерпаз камералық оркестр құрамында және жеке орындауда 3 қалада өнер көрсетіпті.
Жыл басында кейіпкеріміз Үндістанда болып, 5 қалада өткен концерттерге қатысқан. Айтуынша, әлем жұртшылығының домбыраға деген қызығушылығы жоғары.
– Скрипка, гитара сынды аспаптардың үні әлемдік тыңдарманның құлағына әбден сіңген. Ал оларға біздің домбыраның күмбірлеген үні, құрылысы аса қызық. Концерттен кейін сұрақтар қойып, қызығушылық білдірушілер көп болды. Үндістанның белгілі скрипкашысы Субраманияммен бірге оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсеттік. Кейін ол бізді мейман етіп, домбырамызды зерттеп, біраз уақыт бірге жүрдік. Шетелдерде жүргенде осындай естен кетпейтін, ерекше әсерлі сәттер көп болды, – дейді домбырашы.
Колледжде жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген домбырашы осы күні ұлттық өнерге қызығушылар үшін мүмкіндік мол екенін айтады. Ғаламтор арқылы өз бетінше күй үйреніп, қабілетін шыңдап жүргендер де бар екен. Соған қарамастан кейіпкеріміз кейінгі буынның зейінін оқуға аударудың қиыншылықтарын да атап өтті. Сөзінше, телефонның әсерінен шыға алмай елеңдеп отырған балаларды өнерге баулу қиын. Асхат Ғалеев ел аузындағы күй аңыздарын, белгілі туындылардың тарихын айту арқылы жастардың назарын ұлттық өнерге аударуға болатынын айтады.
Осы күні өнер майталмандары тарапынан орындаушыларға айтылатын сын да жоқ емес. Күйдің табиғатын ұға алмаған жандардың сахнада баяу туындыны жылдам, мұңлы дүниені күліп отырып тартатын кездері кездесіп жатады. Кәсіби домбырашының бұл турасында да өз айтары бар.
– Күйдің тарихынан хабары жоқ адам өзінің не ойнап жатқанын білмеуі мүмкін. Мысалы, сіз бен біз білетін “Салтанат” күйінің тарихы бәріне белгілі. Төлеген Момбеков бұл туындыны жарынан айырылған соң қызы Салтанатқа арнап шығарған. Бір байқауда “Салтанатты” біреудің күліп орындап отырғанын көрдім. “Адайды” да ұрғылап, соққылап, тым көтеріп жіберетіндер бар. Шын мәнінде бұл күйде де нәзіктік, жұмсақтық болу керек. Бұл мұғалімдердің жастарға күй тарихын ұғындыра алмағанын көрсетеді. Өкінішке қарай, шәкіртіне не үйретіп жатқанын жете түсінбейтін тәлімгерлер бар. Меніңше, мұның бәрі орындаушыға уақыт өте келе, тәжірибемен келетін сияқты, – дейді Асхат Ғалеев.
Сөз арасында домбырашы жергілікті көрерменнің ұлттық музыкаға деген ықыласы оянбай келе жатқанын да жасырмады. Өкініштісі сол, әртістердің ұзақ уақыт дайындалып, тер төгіп қойған концерттерінде залдың жартысы да толмайтын кездер болады екен. Десе де ұлттық өнердің насихатшылары қол қусырып отырған жоқ. Концерттердің алдында оқу орындарына барып, жастарға дәстүрлі музыкамыздың құндылығын ұғындырып, қызығушылығын оятып жүр. Қаракөздеріміздің үлесі аз теріскей өңірдегі ұлттық мүддеміздің алға озуы үшін ұлттық өнеріміздің төрден орын алуы маңызды. Осы жолда талмай еңбек етіп жүрген Асхат Ғалеев сынды дарын иелерінің еңбегі ерек.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.