«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданына қарасты 18 ауылда 1546 үй су астында қалған. 1500 отбасы 543 млн. теңге көлемінде біржолғы көмек алды.

Қазір барлық зардап шеккен үйлерден су кетті. Тұрғындардың мүлкіне келтірілген залалды бағалау және үйлерді техникалық тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Техникалық тексеруді өңірдегі акредиттелген 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мамандары жүргізуде. Сонымен қатар жұмыстың ауқымдылығына, техникалық тексерудің ерекшелігіне және өңірде аталған мамандардың тапшылығына байланысты елордалық, көкшетаулық сарапшылар да тартылған.

Осы күнге дейін Тепличное, Прибрежное, Бескөл, Ольшанка, Соколовка, Боголюбово, Надежка, Семипалатное, Вагулино, Якорь, Кустовое, Красноярское, Барневка және Долматово ауылдарындағы 1130 үйде техникалық тексеру жүргізілді. Оның ішінде Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылдарында бұл жұмыс толығымен аяқталды.

Әлі тексеретін 416 үй бар. Олардың дені Большая Малышка ауылында орналасқан. Техникалық зерттеу кезінде арнайы компьютерлік бағдарламада жұмыс істеу керек. Құжаттарды мұқият өңдеп, талдауға да уақыт қажет. Бүгінгі таңда 96 техникалық қорытынды берілді. Солардың негізінде ақаулық актісі жасалады және осының негізінде үйді қалпына келтіру сметасы белгіленеді. Сомалар ауданға байланысты 1,5 млн.-нан 10 млн. теңгеге дейін болуы мүмкін. Бұл ретте сметаны тек лицензияланған ұйым әкімдіктің араласуынсыз жасайды, – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шәкубаев.

Мүлікті бағалау бойынша сарапшылар Большая Малышка және Бескөл ауылдарында жұмыс істеп жатыр. Лицензиясы бар екі компанияның 5 қызметкері мүліктік залалды бағалаумен айналысуда. Олар 1172-ден астам үйді, яғни 76 пайызын зерттеп, мүлікке келтірілген залалды бағалаудың 140-тан астам қорытындысын шығарды.

Материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия сараптама ұйымдарынан алынған қорытындыларға сәйкес одан әрі пайдалануға жарамсыз тұрғын үйлердің құнын өтеу жөніндегі материалдарды қарау үшін 4 отырыс өткізген. Нәтижесінде Боголюбово ауылында тұрғын үйлері қалпына келтіруге жатпайтын зардап шеккен 9 меншік иесіне балама тұрғын үй сатып алынатын болды.

Аққайың ауданынан келген 5 механикаландырылған бригада Тепличное және Прибрежное ауылдарында жұмыс істейтін болады. Бригада құрамындағы 45 маман күн сайын Тепличное ауылы үйлерінің аумақтарын қоқыстан тазартуда. Сондай-ақ қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау мақсатында арнайы құралдар мен ерітінділерді қолдана отырып, су басқан үйлерді дезинфекциялау жүргізіледі. Ауылдағы су басқан үйлердің 70 пайызы дезинфекцияланды.

– Аудан әкімі және әкімдік қызметкерлері күн сайын халықпен қоғамдық штаб арқылы, сондай-ақ жергілікті әлеуметтік желілердегі чаттар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл орайда кез келген адам әр ауылдағы арнайы штабтарға барып, көмек сұрай алады, – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шәкубаев.

Жалпы Қызылжар ауданында 20 мамырға дейін зардап шеккендердің мүлкіне келтірілген залалды бағалау және үйлерді техникалық тексеру бойынша жұмыстар аяқталады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp