«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тегінде бар өнер тасада қалмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өнер – жер бетінде адамзат баласы пайда болғаннан бері бірге жасап келе жатқан құбылыс. Біздің заманымызға дейінгі кезеңнің өзінде театр, сәулет, әдебиет сынды өнер салалары қарыштап дамыған ежелгі грекиялықтар “өнерсіз өмір жоқ” деген ұстаныммен ғұмыр кешкен. Әлемдік мәдениеттің іргетасын қалаған жұрттың бұл ұстанымы адамзаттың мәңгілік қағидасына айналуы шарт. Әсіресе қазіргідей адам жаны темірге айналып бара жатқан кезде өнер біздің қарайған жүрегімізді тазартар дәрі сияқты.

Адамның қабылдауына қа­рай өнердің де түр-түрі бар. Құ­лақтан кіріп, бойды баурап, жү­ректі тербеп, тыңдарманды өз күйіне елтіп әкететін тылсымы көп сондай өнер түрінің бірі – му­зыка. Біздің бүгінгі мақалаға ар­қау болып отырған кейіпкеріміз де бала кезден музыканы жа­нына серік етіп, осы күні талай жұртқа қазақтың қара домбыра­сының құдіретін танытып жүрген дарын иесі.

Қанда бар қасиетті өзге жұрт­тан жасырып қала алмайсың ғой. Ата-бабаның қанымен, хақтың нұ­рымен бойға сіңген талант күн­дердің күні жарыққа шығып, жарқ етері анық. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның же­текші домбырашысы, республи­калық байқаулардың лауреаты Асхат Ғалеевтің бойындағы да­рыны бала жастан көріне баста­ған. Бұған оның өнерлі ата-ана­сының тигізген әсері көп. Он жа­сында домбырамен ән айта бас­таған өнерпаз 2001 жылы облыс орталығындағы өнер мектебіне қабылданады. 2006 жылы мек­тепті тамамдағаннан кейін кол­леджде білім алыпты. Өнерлі жас одан әрі өз дарынын елор­дадағы Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінде жетілдірген. Бас қа­ладағы үлкен мүмкіндіктерге қа­рамастан Асхат Ғалеев “ер – туған жеріне” деген тәмсілді басты ұста­ным етіп, алтын бесік – Қызыл­жар­ға оралған. Содан бері 11 жыл бойы осындағы ұлттық өнер­дің өрістеуіне үлес қосып, теріскейлік көрерменнің ақ ба­тасымен өнер биігіне өрлеп ке­леді. Бүгінде ол Сегіз сері атын­дағы халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы болумен қа­тар Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінде ұстаздық қызметте.

Жергілікті, республикалық сах­наларда өнер көрсетіп, талай байқауларда Қызылжардың қор­жынына жүлде салып жүрген жан үшін соңғы бір жыл жемісті кезең болды. Домбырашы өткен жылдың тамызында филармо­ния әртістерімен бірге Италияға сапарлап, қарт құрлық халқының құлағына ұлттық музыкамыздың үнін сіңіріп қайтты. Онда өнерпаз камералық оркестр құрамында және жеке орындауда 3 қалада өнер көрсетіпті.

Жыл басында кейіпкеріміз Үн­дістанда болып, 5 қалада өткен концерттерге қатысқан. Айтуын­ша, әлем жұртшылығының домбыраға деген қызығушылығы жо­ғары.

– Скрипка, гитара сынды аспаптардың үні әлемдік тың­дарманның құлағына әбден сің­ген. Ал оларға біздің домбыраның күмбірлеген үні, құ­рылысы аса қызық. Концерттен кейін сұрақтар қойып, қызығу­шы­лық білдірушілер көп болды. Үн­дістанның белгілі скрипкашысы Субраманияммен бірге ор­кестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсеттік. Кейін ол бізді мейман етіп, домбырамызды зерттеп, бі­раз уақыт бірге жүрдік. Шетел­дерде жүргенде осындай естен кетпейтін, ерекше әсерлі сәттер көп болды, – дейді домбырашы.

Колледжде жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген домбырашы осы күні ұлттық өнерге қызығу­шылар үшін мүмкіндік мол екенін айтады. Ғаламтор арқы­лы өз бетінше күй үйреніп, қабі­летін шыңдап жүргендер де бар екен. Соған қарамастан кейіпке­ріміз кейінгі буынның зейінін оқу­ға аударудың қиыншылықтарын да атап өтті. Сөзінше, телефон­ның әсерінен шыға алмай елең­деп отырған балаларды өнерге баулу қиын. Асхат Ға­леев ел аузындағы күй аңыз­да­рын, белгілі туындылардың та­рихын айту арқылы жастардың назарын ұлттық өнерге аударуға болатынын айтады.

Осы күні өнер майталман­дары тарапынан орындаушы­ларға айтылатын сын да жоқ емес. Күйдің табиғатын ұға ал­маған жандардың сахнада баяу туындыны жылдам, мұңлы дү­ниені күліп отырып тартатын кез­дері кездесіп жатады. Кәсіби домбырашының бұл турасында да өз айтары бар.

– Күйдің тарихынан хабары жоқ адам өзінің не ойнап жатқа­нын білмеуі мүмкін. Мысалы, сіз бен біз білетін “Салтанат” күйінің тарихы бәріне белгілі. Төлеген Момбеков бұл туындыны жары­нан айырылған соң қызы Салта­натқа арнап шығарған. Бір бай­қауда “Салтанатты” біреудің кү­ліп орындап отырғанын көрдім. “Адайды” да ұрғылап, соққылап, тым көтеріп жіберетіндер бар. Шын мәнінде бұл күйде де нә­зіктік, жұмсақтық болу керек. Бұл мұғалімдердің жастарға күй та­рихын ұғындыра алмағанын көр­сетеді. Өкінішке қарай, шәкіртіне не үйретіп жатқанын жете түсін­бейтін тәлімгерлер бар. Меніңше, мұның бәрі орындаушыға уақыт өте келе, тәжірибемен келетін сияқ­ты, – дейді Асхат Ғалеев.

Сөз арасында домбырашы жергілікті көрерменнің ұлттық музыкаға деген ықыласы оянбай келе жатқанын да жасырмады. Өкініштісі сол, әртістердің ұзақ уақыт дайындалып, тер төгіп қой­ған концерттерінде залдың жар­тысы да толмайтын кездер болады екен. Десе де ұлттық өнердің насихатшылары қол қу­сырып отырған жоқ. Концерт­тердің алдында оқу орындарына барып, жастарға дәстүрлі музы­камыздың құндылығын ұғынды­рып, қызығушылығын оятып жүр. Қаракөздеріміздің үлесі аз те­ріс­кей өңірдегі ұлттық мүддеміздің алға озуы үшін ұлттық өнеріміз­дің төрден орын алуы маңызды. Осы жолда талмай еңбек етіп жүрген Асхат Ғалеев сынды да­рын иелерінің еңбегі ерек.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp