– Алтын Сейтахметқызы, біздің еліміз – аграрлы мемлекет. Бұл дегеніміз – байлығымыз да, біліміміз де ауылда жатыр деген сөз. Сіздің ғылымның бұл саласына келуіңізге алтын тамыр – ауылда туып-өскеніңіз өз септігін тигізген болар?
– Мен қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Бала жасымнан бақшаға картоп пен басқа да көкөніс дақылдарын отырғызуға, оларды күтіп-баптауға әуес болдым. Уақыт өте келе жерден өсіп шығатын дақылдың биологиясын тереңірек зерттеуге деген ықыласым оянды. Сондағы ұққаным, елдің берекесі де, байлығы да – ауылда. Екі ағам – агроном. Туыстарымның дені агроөнеркәсіп саласында қызмет атқарып жүр. Содан болар ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен үшін әрқашан ерекше құрмет пен беделге ие.
Мектепті бітіргеннен кейін болашақта агроном боламын деп шештім. Түмен ауыл шаруашылығы академиясын тамамдадым. Қолыма диплом ала салысымен егін жинау маусымы қарсаңында Қайранкөлде агроном-есепші болып жұмысқа орналасып, тәжірибе жинадым. Комбайнерлер мені жас маман ретінде қолдауға тырысты. Қайранкөлдік әріптестеріме әркез ризашылығымды білдіріп отырамын. Кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне жұмысқа орналасып, ауыл шаруашылығы кафедрасында педагогикалық қызметімді бастадым. 2010 жылы кандидаттық диссертация қорғадым.
Оқытушыға шәкіртіне сапалы білім беру үшін ғылыми зерттеулермен айналысу маңызды. Осы мақсатта біздің педагогикалық ұжым отандық ғалымдармен, Америка, Қытай, Германия және Ресей сынды мемлекеттердегі мамандармен бірлесіп жұмыс істеуді жолға қойған.
– Ауыл шаруашылығының басқа ғылымдардан ерекшелігі неде?
– Аграрлық ғылым саласында жүрген ғалымдар үнемі тонуста болуы керек. Климат өзгеруде, жаңа арготехнологиялар пайда болуда, селекционерлер жаңа сорттар шығаруда, биологиялық және химиялық препараттардың үлкен таңдауы қалыптасқан. Күн сайын өзгеріп жатқан ғылымда жүрген еңбек адамдарын қайраткер деп есептегеніміз дұрыс болар. Тағы бір ерекшелігі, агроғылым саласы өте қызықты, бұл салада шығармашылықпен айналысып, тәжірибе жасай аласыз. Бірақ қоршаған ортаға зиян келтіруге болмайды, өте сақ болу керек.
Біз дақылдардың биологиялық дамуының барлық ерекшеліктерін бағдарлай біліп, даралығын түсініп, егінді қалыптастырудың әр факторына көбірек назар аударып, сонымен бірге өндірілген өнімнің сапасын арттыру үшін жұмыс істейміз. Аграрлық тілмен айтсам, топырақтың, судың, ауаның, өсімдіктердің орасан зор, биоәртүрлі әлемі бар және мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Біз осы факторлардың белгілі бір ортада бір-біріне ең оңтайлы әсерін тауып, өндірушілерге қажет және өндіріске енгізілуі мүмкін өнімді шығаруымыз керек.
– Сіз “Болашақ” бағдарламасымен АҚШ-та білім алдыңыз. Жалпы екі мемлекеттің білім беру үдерісінде қандай айырмашылық бар?
– Маған “Болашақ” бағдарламасы бойынша АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының бірі – Аризона университетінде ғылыми тағылымдамадан өту және профессор Ирина Панюшкинамен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Тағылымдама барысында мен агрономиялық және агрометеорологиялық зерттеулер үшін “dendrochronology” әдістерін қалай қолдануға болатынын зерттедім. “Seascorr MATLAB” қосымшасының көмегімен Солтүстік Қазақстан облысындағы бидай дақылдары туралы жиналған тарихи деректердегі климаттық сигналдарды есептеп, жалпы климаттық факторлардың теріскей өңірінде бидайдың өнімділігіне қалай әсер ететіні туралы ғылыми зерттеу жүргіздім. Зерттеу нәтижелері бойынша біз “MDPI Journal Agriculture” журналына “IMPACT FACTOR 3.6” ғылыми мақаласын жарияладық.
Қос елдің білім беру үдерісінде айырмашылық көп. Америка ғылымға үлкен қаржы бөледі, зертханаларды жабдықтайды, ғалымдардың жұмысына барлық қажетті жағдайларды жасайды, барлық үрдістерді сүйемелдейді. Ол елде ғылым ерекше басымдыққа ие. Ғылыми жұмысты ұйымдастырудың өзі дұрыс жолға қойылған. Онда университет жанында ғылыми орталықтар, станциялар, алаңдар табысты жұмыс істейді, ғалымдар ғана емес, сонымен қатар дарынды білім алушылар оқыту кезінде технологияларды әзірлейді және оларға осындай мүмкіндік беріледі.
– Сіздің шетелге барып, білім алуыңызға отбасыңыз қалай қарады? Осы сауал, шыны керек, нәзік жандарға ғана қойылатындай. Оның астарын өзіңіз де түсініп отырған боларсыз.
– Бұл ретте ешқандай мәселе болған жоқ, отбасым пікірімді қолдады, бұл менің ұзақ ғылыми тағылымдамадан алғашқы өтуім емес, бұған дейін мен екі рет Израильде және екі рет Қытайда, сонымен қатар Өзбекстан, Беларуссия, Ресей сынды мемлекеттерде болғанмын.
Әйел бір істі бастаса, үрейлене қарау – қазіргі қоғамның асқынып кеткен дерті. Мені осы жайттардың қазақ қоғамында орын алып отырғаны қынжылтады. “Заманына қарай адамы” деген сөз бар. Әйелді отбасының, ошақ қасының ғана маңайынан көргісі келетіндердің әрекетін түсінбеймін. Қазақ әйелі білім мен ғылымның, өнер мен әдебиеттің де маңайынан табыла білуі керек. Сонда ғана біздің ұрпағымыз саналы, көзі ашық, көкірегі ояу болып өседі. Ақылымен елдің құрметіне бөленген Домалақ, Айша бибі, Ұлпан, Бике аналарымыздың салып кеткен сара жолымен өсіп-өнген ұрпақ емеспіз бе? Солардай болмасақ та, ұқсап баққымыз келеді. Әйелдің жеткен жетістіктерінің артында арқа сүйер азаматтың тұратынын білгеніміз абзал болар. Сүйікті жұмысымның жемісін көруіме жағдай жасаған асыл жарыма ерекше ризамын.
– Синоптиктердің болжамына сүйенсек, биылғы жазда қуаңшылық болу қаупі төнуде. Бұл – ауыл шаруашылығы саласына, диқандарға ауыр соққы. Арнайы мамандар табиғаттың тосын құбылыстарымен қалай күреседі?
– Ауыл шаруашылығы саласы қауіп-қатерден сақтандырылмаған. Әсіресе, бұл жайт біздің шұғыл континентальды климатымызда өзекті саналады. Ғылым өзгерте алмайтын климаттық жағдайлар бар. Алайда құбылыстардың реттілігін болжауға, бақылауға, зерттеуге және шығындар мен тәуекелдерді азайту үшін уақытылы шешім қабылдауға көмектесетін агротехнологиялардың да барын ескеруіміз қажет. Дүние жүзіндегі ғалымдар дақылдарды сұрыптау бойынша жұмыс істеуде, жоғары және дәл өнімділігі бар заманауи техника шығарылуда, агроөнеркәсіптерге жаңа цифрлық шешімдер ұсынылуда. Табиғаттың тосын мінезімен осы секілді тиімді тұстары көп іс-қимылдар арқылы күресуге болады.
Ауа температурасының күрт көтерілуі мен ылғалдың шұғыл азаюы әсерінен туатын күрделі метеорологиялық құбылыстың әсерін кеміту үшін атмосфераның жер бетіне жақын қабатындағы ылғал мен жылу балансын реттеу мақсатында жерді арнайы агротехникалық әдіспен жырту, егістікті суару, қар тоқтату, ағаш алқабын жасау, астық тұқымын қолайлы уақытта себу сияқты шаралар жүргізіледі. Қуаңшылық табиғаттың күрделі құбылысы болғандықтан көрсетілген шаралар кешенін қолдану зиянды зардапты бәсеңдетуге септігін тигізеді. Мұндай ақпаратты аграрлық сала өкілдері түгіл, ауылдағы ағайындар да біледі деп ойлаймын.
Мен білім алған Аризона университетінде су ресурстарын басқару мәселелері бойынша 5 ғылыми орталық бар. 100-ден астам ғалым осы бағытта табысты жұмыс істеуде, климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы және суды ұтымды пайдалану мәселесін дайындықтың бағытына қарамастан әрбір студент біледі. Бұл университет суды үнемдеу және судың сапасын бақылау жұмыстарын нәтижелі жүргізу бойынша әлемде екінші орында тұр. Бұл мәселені біздің өңір студенттері де меңгеруі керек. Осыны көздеген біз Аризона және СБАжОШУ (Қытай) университетінің басшылығымен бірлескен үш тараптық ғылыми ынтымақтастық туралы келіссөздерге қол қойдық.
Бұл жұмысқа 5 айға жуық уақыт кетті, көптеген кездесулер мен келісімдер өткізілді. Алдағы уақытта біз Аризона университетімен су инженериясы бойынша қос дипломды бағдарлама ашуды жоспарлап отырмыз. Студенттер Қытай университетінде бірнеше модульді оқуға мүмкіндік алады, яғни үш университеттің ең жақсы профессорлары оларға сабақ береді, іс жүзінде бұл өте құнды, маңызды келісім.
– Қызылжар аққайыңдар өлкесі саналады. Соңғы уақытта табиғаттың тамыршыларына баланатын қайыңдардың аяусыз кесіліп, отын ретінде пайдаланылып жатқаны туралы жиі айтылып жүр. Соның кесірінен табиғат ажарынан айырылуда. Маман ретінде бұған не дейсіз?
– Аққайыңдар – Қызылжардың көркі ғана емес, барлық дерттің емі. Орманы жоқ елдің таза ауасы да болмайтынын естен шығармағанымыз жөн болар. Таза ауа болмаған елде міндетті түрде аурулар саны артпаса, кемімейді. Қазақстан – аумағының 5 пайызы ғана орманды алқап, ағаш қоры аз елдердің қатарына жататын мемлекет. Содан болар ағаштарды бей-берекет отау кім-кімді болсын қынжылтады. Бар дүниені ұқсата алмағанымыз – елдігімізге сын. Алайда алты ай жаз, алты ай қыспен ғұмыр кешетін солтүстікқазақстандықтарға ағаштың қадір-қасиетін айтып жеткізе алмайтынымыз да өтірік емес. Қайыңмен үйін жылытып отырған жерлестерімізге де кінә арта алмаймыз.
“Орман кодексінде” қурап қалған ағаштарды кесу арқылы орманды қалпына келтіру, зақымдалған ағаштарды санитарлық кесу (суда тұрып қалған, өртке шалынған және т. б.), күтіп-баптау мақсатында кесу немесе таңдап кесу (орманды сирету т.с.с.) сынды арнайы рұқсат етілген орындар болатыны тайға таңба басқандай жазылған. Ғылыми тұрғыдан айтсақ, орман шіри бастағанда талап бойынша оны кесу керек.
2017 жылы көп түскен ылғалдың салдарынан жерасты суы көтеріліп ормандар қурап қалды. Биылғы су тасқынының да табиғатқа тигізген зияны орасан. Судың зардабын тартқан ағаштар кесілуі тиіс. Шіріген ағаш өзін емес, маңындағы өсімдіктерді де бүлдіреді, ауаны да ластайды.
– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған агротехнологиялық факультеттің жұмысы туралы айтып өтсеңіз.
– Факультетте агрономия, мал шаруашылығы, сүт және ет өнімдерін өңдеу технологиясы, орман шаруашылығы бағыттары бойынша мамандар даярланады. Декан ретінде мен оларға тәжірибеден өту кезінде ғана емес, сабақ барысында да өндіріспен тығыз байланыс орнатуға тырысамын, көптеген балалар оқу сабақтары уақытында бейінді ұйымдарда жұмыс істейді. Біз әрдайым жұмыс беруші-практиктерді қабылдаймыз, олар студенттерге сабақ береді. Өндірістегі мамандарды дәрістерге жиі шақырамыз. Мемлекеттік аттестаттауға жұмыс берушілер де қатысады. Студенттерді даярлаудағы маңызды сәт бұл өндірістік тәжірибені ұйымдастыру, біздің студенттерге ұйымдардың үлкен таңдауы ұсынылады. Польшаның озық агроқұрылымында, Германияның биоқұрылымдарында немесе жергілікті жетекші агроқұрылымдарда тәжірибеден өтуге болады. Сондай-ақ студенттер түрлі республикалық бейіндік конкурстарға қатысады, мысалы, биылғы жылы біздің агрономдар командасы 3 және 4 курс студенттері “Eurasia Group Kazakhstan” компаниясының конкурсында 1-орынды жеңіп алды, олар бағалы сыйлықтарға ие болды, алдағы уақытта Германиядағы Джон-Дир зауытына барады.
Олар үшін “Baydala” компаниясынан кәсіптік сертификаттау орталығы ашылды. Онда студенттер қосымша өсімдіктерді қоректендіру жүйесін зерттейді, шаруашылықтарды ғылыми сүйемелдеу жөніндегі менеджерлер агрономия бағытының студенттерімен өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға барады. Осы жылы 12 студент Қытайда және қазақстандық университеттерде 1 семестр оқудан өтті. Органикалық ауыл шаруашылығы саласында АZА қорымен және Германияның “Hohenheim” белгілі аграрлық университетімен нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылды, біздің магистранттар Германияда екінші жыл қатарынан 3 айлық тағылымдамадан өтуде.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.