«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық, балаларды жазғы демалыс лагерьлерімен қамту және ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу мәселелері талқыланды.

Әкімдік отырысы тағайындаудан басталды. Көлік министрлігінің бұйрығымен Абылай Қазбаев Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалды. Кейін жылыту маусымына дайындық барысы туралы айтылды. Биыл “Севказэнерго” акционерлік қоғамы Петропавл 2-жылу-электр орталығын жөнге келтіруге 17,6 млрд. теңге жұмсамақ. Бұл қаржыға 4 қазандық пен 3 турбоагрегатты күрделі жөндеу және қайта жаңарту, сондай-ақ мұржаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта жаңа мұржаның құрылысы жүріп жатыр.

“Көкшетау Энерго” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1070 шақырым электр желісі мен 186 қосалқы станцияны жөндейді. “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 шақырым жылу желісін жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізеді. Екі жылу магистралінің құрылысы да аяқталады.

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында көмір қорын дайындау да ұмыт қалмауы тиіс. Қазіргі таңда қоймада 156,9 мың тонна көмір бар. Ал халық үшін көмірге деген қажеттілік 399,3 мың тоннаны құрап отыр. Жылыту маусымына дайындық барысында облыста бюджеттік ұйымдардағы 151 қазандықты ауыстыру жоспарланған. Бұл мақсатқа 1,5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты мемлекеттік органдарға жоспарланған барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтап, алдағы жылу беру маусымының үздіксіз өтуіне толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

“Әсіресе су басқан аудандарды жылумен, сумен жабдықтау, кәріз желілеріне техникалық тексеру жүргізуді тапсырамын. Осы жылдың 15 шілдесіне дейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына тексеру актілерін ұсыну керек. Аудандар мен Петропавл қаласының әкімдері автономды қазандықтарда, орталық қазандықтарда көмірдің 100 пайыздық қорын қамтамасыз етсін. 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жұмысты толықтай аяқтауды міндеттеймін”, – деді өңір басшысы.

Отырыс барысында балалардың жазғы сауықтыру демалысына дайындық мәселесі қаралды. Өңірде биыл жазғы сауықтыру лагерьлерінің басым бөлігі 10 маусымнан бастап оқушыларды қабылдай бастайды. Демалыстың бұл түрімен 6 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Протопопова әкімдік отырысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша ақпарат берді. Биыл барлық оқушылардың 94,2 пайызы немесе 64 мың бала лагерьлерде, мектеп жанындағы алаңдарда, жазғы мектептерде демалады, облыс орталығына, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылады.

Өңірде қазіргі уақытта қала сыртында жұмыс істейтін 14 жазғы сауықтыру лагері бар. Биыл олардың 11-і балаларды қабылдамақ.

“Қызылжар ауданындағы екі сауықтыру лагері су тасқыны кезінде зардап шекті. Солардың бірі – “Орленок” лагерінде 63 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізіледі. “Серебряный бор” лагерінің бес ғимараты су астында қалды. 1958-1965 жылдары олар қамыс-сабаннан салынған. Қазіргі уақытта келген шығын есептеліп жатыр. Жалпы биыл жазғы лагерьлерді демалыс маусымына дайындауға 500 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалады”, – деді Татьяна Протопопова.

Мемлекеттік лагерьлерге жолдаманың бағасы – 35 мың теңге, ал сенімгерлік басқаруға берілген үш лагерьде бір маусым 55 мың теңге тұрмақ.

“Айыртау, Ақжар, Тимирязев, Уәлиханов аудандарында балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлері жоқ. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы бір лагерь апатты жағдайда тұр. Әрине бұл өкінішті жағдай. Балалар көрші аудандарға барып демалуға мәжбүр. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Келесі жылы елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта дайындық жұмысы басталып кетті. Ұсынылған әдіснаманы сынақтан өткізу мақсатында биыл тамызда санақ жүргізілмек. Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы Жорабек Дәуреновтің айтуынша, облыста санақты өткізіп, дайындауға қатысты ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерді шешу жөніндегі өңірлік комиссия құрылды, сондай-ақ науқанды өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған ұқсас комиссиялар облыстың барлық ауданында және Петропавл қаласында бар.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге қатысты бірнеше міндетті жүзеге асыру керек, олардың ішінде – елді мекендердің актуалды картасын дайындау, түсіндіру жұмысын жүргізу, мал басы, алқаптар бойынша мәліметтер базасын ретке келтіру және интервьюерлерді әзірлеу сияқты жұмыстар бар.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp