Петропавлдағы бірінші гимназияның 11-ші сынып оқушысы Егор Глухих Бразилияда өтетін халықаралық олимпиадаға жолдама алды. Дарынды жас осыған дейін облыстық және республикалық сайыстардың жеңімпазы атанған. Білім бәйгесі 23-ші шілде күні Бразилияда басталады. Сайыста еліміздің атынан 2 оқушы бақ сынайды.
– Біздің орталық жыл сайын 8-11 сынып оқушыларына арналған лингвистикадан республикалық іріктеу олимпиадасын өткізеді. Олимпиаданың басты мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау және де лингвистика бойынша білімдерін жетілдіру. Білім сайысы аудандық, облыстық және республикалық кезеңнен тұрады, – деді “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының аға әдіскері Ғалия Тәшібаева.
Талапты жас сайыстарға бір жыл бойы дайындалған. Соның нәтижесінде биыл қатысқан барлық сайыста жеңімпаз атанды. Оның алдына қойған мақсаты – халықаралық білім жарысында топ жару. Физика пәнін сүйіп оқитын білімді жас неміс және ағылшын тілін жетік меңгерген.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.