«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шырқы бұзылған шаңырақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлім БЕКЖАНОВА,

63 жаста.

Көрші Сабыр мен Гүлжанның бұл жаққа көшіп келгендеріне көп бола қойған жоқ. Десе де жас отбасымен ә дегеннен тонның ішкі бауындай жақын араласып, тіл табысып кеттік. Отау құрғандарына бірнеше жыл болған екі жас мені көрсе елпеңдеп сәлем береді. Мен сияқты жалғызбасты әйелге көмектерін көрсетіп, мереке сайын құттықтап жатады. Қазіргі қала қазағының мұндай әдет-ғұрыпты ұмытқаны қашан. Тіпті бір үйде тұратын, бір-бірін күнде көретін тұрғындардың өзі бір-бірінің есімін де білмей жатады. Уақытша қонақүйге келгендей айналасындағылармен шаруасы жоқ. Бар білетіні жұмыс пен үйінің арасында шапқылау ғана. Осындайда ауылдағы ағайынның ақжарқын мінезін, ашық көңілін сағынасың. Қаланың тар көшелерінде көп жүрген адамның пейілі де уақыт өте келе тарыла беретіндей. Алайда мен өз көршілерімнің бойынан ондайды байқаған жоқпын. Керісінше олар келгелі тынысым ашылып, жансыз көпқабатты үйімізде мейірім сәулесі пайда болғандай.

Сабырдың дөңгелетіп отырған шағын кәсібі бар. Гүлжан мектепте сабақ береді. Екеуінің бір-біріне деген сезімі ерекше. Жас отбасы болса да, басқаларға үлгі боларлықтай жұп. Көрші болып қанша жыл тұрып бір-бірімен шәй дескенін естімеппін. Биязы мінезді, көрікті Гүлжан бір ұл мен бір қызға қамқор болып, үйінің жылуын кіргізіп отыр. Олардың қарапайым болса да тату тұрмысына, қуаныштан жүздері жайнап, ойнап-күлгеніне қызыға да, қызғана да қарайтындар көп. Осы бір айрандай ұйыған берекелі отбасының ырысы кемімей, шаңырағының шайқалмауын іштей тілейтінмін. Олардың әр қадамына бірге қуанып, үлкен отбасына айналған сәтінің куәсі болғым келетін. Екі жастың балалары да өздері сияқты елгезек, тәрбиелі болып өсіп келеді. Кездескен сайын “көрші апа” деп етегіме орала кетеді. Кейде ата-анасы үйде болмағанда кішкентайларын маған қалдырып кетеді. Олармен бірге уақытымның қалай өткенін де байқамай қаламын. Өз немерелерім алыста тұрғаннан кейін, осы балалардың қылықтарын қызықтап келемін.

Отбасы деген өте нәзік нәрсе ғой. Кейде сырттай берік болып көрінген қарым-қатынастың өзі болмашы оқиғадан үзіліп кетуі ғажап емес. Жылдар бойы салынған сенім мен махаббаттың берік қамалы көзді ашып жұмғанша күл паршасы шығуы мүмкін. Өмірде ондай оқиғалар аз емес қой. Алайда мен тілеуін тілейтін отбасының татулығына сына қағылуына басқа емес, ең жақын деген адамдардың себеп болатынын мүлде ойламаппын.

Бір күні Сабыр өзінің алыстағы анасын көшіріп әкелді. Жасы біразға келіп қалса да әрін бермеген, әлдақайда жас көрінетін әйелмен кейін жақын таныстым. Мен Сабыр сияқты салиқалы азаматтың анасын қазақтың байырғы әжелеріндей дана, сабырлы, салмақты әже болар деп ойлайтынмын. Алайда ол ондайдың бәрін ұмытқан, жаңаша жүріп-тұратын, қартаю туралы ойына да алғысы келмейтін адам болып шықты. Бір жағынан қарттыққа мойынұсынбай, өзіңді жас сезіну жақсы да шығар. Біздің өмір өтті ғой деп қарап жүргеннен табарың не?

Сабырдың анасы көшіп келгелі мен де оларды мазалауды қойдым. Балалары да әжелерінің бауырынан шықпайды. Кейде оның немерелерін ертіп аулада серуендеп жүргенін көремін. Арасында кішкентайларды бұзақы болса ұрсып та алады. Онысын әжелік мейірімі шығар деп ұқтым.

Кейде өзіміздің үйде тұрғындар жиналып, аулаға керекті заттар, кішігірім жөндеу, тазалық жұмыстары туралы ақылдасып тұрушы едік. Сондай басқосулардың біріне көрші тұратын апа да келді. Келе сала бірден нені қалай істеу керек екенін айтып, бұйрық бере сөйлей жөнелді. Бәрін өзі білетін адамға ұқсап, басқаларды елейтін емес. Егер бұрын оның үлкен қызметте істеген бастық болғанын білмегенімде бұл әйелді сырқат шығар деп қалғандай екенмін. Тіпті өзіне қатысы жоқ нәрселер туралы айтып, бастырмалап барады.

Осыдан кейін бұл адамның жүріс-тұрысы туралы ойлана бастадым. Егер ол үйінде де осылай болмашы нәрсеге кеңес айтып, әр іске килігетін болса, онда балаларға қиын ғой. Олардың қалай қиналып жүргенін көп ұзамай өз ауыздарынан естідім.

Бірде сыртта жүріп Гүлжанды кездестіріп қалдым. Жүзі салыңқы, көңіл күйі түсіп кеткен. Мені көріп жақын адамын кездестіргендей елжірей кетті. Одан не болғанын сұрап едім, Сабырдың анасының тым тынымсыз, әр нәрсеге ақыл айтып, мазаны ала беретінін айтты. Егер өткендегі оқиға болмаса, Гүлжанның бұл сөзін әдепкі ене мен келіннің арасындағы түсініспеушілік деп ұғар едім.

– Жалғыз тұрып бәрін өзінше істеп үйреніп қалған ғой. Үйдегі заттардың орнын ауыстырып, кей заттарды қоқысқа тастап, айтқанға көнер емес. Кейде бала тәрбиесі туралы айтып қоймайды. Жарымның жұмысы туралы да көрінгенді сұрап, кеңес беруді қалыпты әдетіне айналдырып алған. “Ол былай болады, ананы осылай істеу керек” дегенінен кейде шаршап кетеміз. Алғашында жасы үлкен ғой деп мән бермеп едім, кейін келе тырнақ астынан кір іздеп, кез келген іске кеңес айта беретін мінезі шектен шығып кеткен сияқты, – дейді көршім.

Өмірде өзіне қатысты іс болмаса да пікір айтып, ақыл беріп жүретін адамдар болады ғой. Олар жеке өмірде айтарлықтай биікке жетпесе де, басқаның тағдырын талқылауда, оған қалай дұрыс істеу керек екенін айтуда алдына жан салмайды. Әсіресе біздің қазекеңдер ақыл айтуға келгенде шебер ғой. Сол ақылдарын өздері пайдаланып, пайдалы іс істесе қане? Адам біреуге жөн сілтеу үшін өзі де үлгі болу керек қой. Өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейтіні анық. Ал соның бәріне сын айтып, дұрыс жол сілтеудің қажеті жоқ қой.

Бірде аулада қонаққа келген немерелерімді ойнатып едім, қасыма Сабырдың анасы келе қалғаны. Амандасып, хал сұрасқаннан кейін тағы баяғы әуеніне басты. Немерелерімді қалай тәрбиелеу керек, оларды қай бағытта дамыту керек, тіпті қай үйірмеге беру керектігі туралы да айтып берді. Мен одан ештеңе сұрамасам да аз өмірінде бәрін көріп, басынан өткерген адамдай сайрай жөнелді. Мен әңгіме ауанын басқа бағытқа бұрғым келсе де болар емес. Бір сәтте ол:

– Жасың біразға келді. Қашанғы жалғыз тұра бересің. Немерелеріңнің айына бір демалыста келгені жалғыздығыңа ем болмайды ғой. Одан да өзіне тең болар бір ер адам тауып ал немесе мен сияқты балалармен бірге тұру керек, – демесі бар ма?

Көршімнің осы сөзінен кейін тілім байланып, қаттым да қалдым. Осындайда аузыма сөз түссеші. Осы сәтте мен мұндай адаммен тұру Сабыр пен Гүлжанға қандай қиын екенін түсінгендей болдым. Бәрінен де кішкентай немерелерге қиын. Мұным дөрекі болса да кішкентайларды алып, қоштаспастан кетіп қалдым.

Адамның күні адаммен болған соң біреудің өз жақынына жаны ашып, жөн сілтеуі құптарлық іс қой. Ондай кеңес шын жанашырлықтан, қамқорлықтан туса жақсы. Ал егер жаңағыдай керексіз жерде құр ақыл-гөйсу құптарлық іс емес. Бұрын үлкендер біреуге бірдеңе айтқысы келгеннің өзінде онысын тұспалдап жеткізетін. Астармен айтылған сөз жеңіл қабылданып, екінші адам да тез ұға қоятын. Ал қазіргі “бәрін білетін” кеңес бергіштердің қайдан шыққанын түсінбеймін.

Бұның бәрі жақсылыққа апармайтыны белгілі еді. Ененің осы мінезінен келіннің көңіл күйі бұзылады. Одан күйеуі мазасызданады. Екі ортада кішкентай балалар қиналады. Маған көрші үйдегі осы оқиғалардың бәрін бақылап отыру қиынға соқты. Жас отбасы үшін жүрегім ауырып, уайымдайтын болдым. Сабыр жүйкесі сыр беріп, үйге келмейтінді шығарды. Енесі бұған келінін кінәлайды. Ол байғұс жылағаннан басқаны білмейді. Ақыры ол да шыдамай бір күні балаларын алып басқа жаққа кетіп қалды. Көрші үйде өзінен басқаның бәрін кінәлі санайтын анасы мен жүйкесі тозған баласы ғана қалды. Бірде Сабырмен кездескенде сөйлесіп көріп едім, не істерін білмей қиналып жүргенін айтты. Бір жағынан жарын да кінәлай алмай, анасына да қарсы келе алмай басы қатып жүр екен.

Осылай аз уақытта тату отбасының іргесі шайқалды. Сабыр жұмыстан басқаны білмейтін боп алды. Көп өтпей ол да жұмыс бабымен басқа жаққа көшіп кетті. Анасы да мұнда көп тұрған жоқ. Бұрын бір отбасының талай қызықты сәттері өткен пәтерге басқа отбасы келіп, өмір жалғасып жатты.

Біраз уақыт өткеннен кейін Сабырдың анасын көшеде кездейсоқ кездестіріп қалдым. Ол маған бұрынғыдай айналадағының бәріне төбесінен қарап, кеудесін тік ұстайтын емес, бүкшеңдеген қарт адам болып көрінді. Айтуынша, қазір баласының отбасымен бәрі бірге тұрып жатыр екен. Қартаң әйел өзінің бұрынғы істеріне өкінетінін, өміріндегі қиындықтардан кейін бәрін ой елегінен өткізіп, мүлде басқа адамға айналғанын баяндады. Сөйтті де өзінің немересін мектептен әкету керек екені есіне түсіп асыға жүріп кетті. Мен оның артынан ойланып ұзақ қарап тұрдым.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp