«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құрылыс жасақтары құрылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ел аумағында болған су тасқыны зардаптарын жою үшін жастар студенттік құрылыс жасақтарын қайта жандандырып, зардап шеккен жандарға нақты көмек көрсету жайында үндеу тастаған еді.  бұл бастамаға үн қатушылар табылып,  өңірімізде 80 адамнан құрылған студент жастар отряды жасақталды.

Игі бастамаға орай облыс орталығындағы А.Винокуров атындағы спорт сарайында “Ауыл” ХДПП жастар қанаты құрылыс жасағының салтанатты шеруі өтті. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, “Ауыл” ХДПП төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев, жергілікті атқарушы билік өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары және еңбек ардагерлері қатысты.

Петропавл қаласында тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін “Солнечный-2” шағынауданында 500-ден астам үйдің құрылысы басталып кетті. Ауқымды жұмысты уақытында бітіруге қосымша күш керек. Сондықтан “Ауыл” “халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыстық филиалы жергілікті студенттерден  екі құрылыс жасағын құрды. Белсенді жастар құрылыс алаңына аттанып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй салып, бұзылғандарын жөндеуде кәсіби құрылысшыларға көмекші болады. Жасақтың қатарында өңірдегі “Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің” студенттері де бар. Оларға 200 мың теңгеден еңбекақы төленеді.

– Қазіргі уақытта зардап шеккендердің барлығын баспанамен қамту үшін кешенді жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда белсенділік танытқан отандық кәсіпкерлерге айтар алғысым шексіз. Олар өңіріміздегі қиын жағдайды еңсеру үшін  қажет  қаражатты бөлді.

Төтенше жағдай біздің “күшіміз – бірлікте” екенін тағы бір айқындады. Қиын күндері еріктілер, әскерилер, кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар зардап шеккендерге көмектесті. Президенттің үндеуін республикалық “Ауыл” партиясы қолдап, құрылыс жасақтарының жандануына бастамашы болды. Студенттерден құралған құрылыс жасақтарының бүгінгі бастамасы – үлкен бір игі істің жалғасы, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.

“Ауыл” партиясының құрылыс жасағы – әлеуметтік маңызы бар жоба болмақ. Жұмысқа қабылданатын әр жас құрылысшымен келісімшарт жасалып, олардың қауіпсіздігі басты назарда болады. Бұл бастама су тасқыны зардаптарын жоюға ықпал етсе, екінші жағынан студент жастардың жазғы демалыс кезінде еңбекке араласып, табыс табуына мүмкіндік береді.

– Біз ел игілігі үшін бастау алған жаңа бастаманы бірден қолдап, қиын жағдайда қалғандарға көмектесуге асыққан патриот жастардың барына қуанамыз. Олар еңбекке араласып, нәтижесінде баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышының куәсі болады. Біздің басты мақсатымыз да осы – жастардың жүрегінде отансүйгіштік сезімді ояту, – деді “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Серік Егізбаев.

Жалпы биылғы жылы өңірімізде қалың қардың тез еруі салдарынан бірқатар ауылдарды және облыс орталығындағы  3 шағынауданды тасқын су басты. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап өңірлік партия филиалының ұжымы және жастар қанатының 70-тен астам еріктісі бөгет тұрғызуға, апат салдарын жоюға барынша атсалысты. Партия тарапынан еріктілер құрамы жасақталып, кең көлемде гуманитарлық көмек ұйымдастырылды. Жастардың бастамасымен өңірге үш ауыр жүк көлігімен 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізіліп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға таратылды. 

– Еріктілікпен айналысу кезінде елімізге деген сүйіспеншілік одан бетер артып, жүрегімізге мейірімділік сезімі ұялайды. Өзім 4 жылдан бері еріктілер қозғалысының қатарындамын. Ал “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының құрамына кіргеніме екі жыл болды. Тасқын судан зардап шеккендерге нақты көмек көрсету – біздер үшін үлкен тәжірибе, – дейді партия қозғалысының мүшесі Саяжан Қалиева.

Қазіргі таңда  су тасқынынан зардап шеккен өзге аймақтарда да студенттік құрылыс отрядтарын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Құрылысшы жасақтың қатарына 18-ден асқан кез келген жас кіре алады.

Салтанатты шеруден соң, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жастар жасағымен бірге “Солнечный-2” шағынауданындағы құрылыс алаңына барып, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің кірпішін қалады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp