Петропавлда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен түзету мектептерінің тәрбиеленушілері арасында “Демеу жұлдыздары” атты фестиваль өтті. Бұл байқау биыл жетінші жыл ұйымдастырылып отыр. Оған қатысуға 500-ден астам өтінім түскен. Фестиваль аясында балалар сахнаға шығып, ән айтты, би биледі, өлең оқыды және арнайы ұйымдастырылған көрмеге суреттерін қойды.
– “Демеу жұлдыздары” фестивалін өткізудегі мақсат – балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, әрі қарай дамуды ынталандыру, қолдау көрсету. Жалпы облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығында балалардың қабілетін арттыруға бағытталған 3 үйірме тегін жұмыс істейді, – дейді “Демеу” балалық шақ мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығының маманы Резеда Баймұхамбетова.
Фестиваль аясында облыстық балалар және жасөспірімдер орталығының директоры Владимир Новиков балаларды қолдауға қосқан үлесі үшін “Демеу” медалімен марапатталды. Оның айтуынша, фестивальді өткізуге орталық мұғалімдері және үйірме жетекшілері белсене қатысқан. Байқау соңында қатысушылардың бәрі бірдей марапатқа ие болды.
Әсет ҚАНАФИН.