Облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде “Даналық мектебі” ашылды.
Аты айтып тұрғандай, мұнда өскелең ұрпақтың бойына тәлім мен тәрбие тереңінен сіңірілмек. Ол үшін арнайы жабдықталған кабинет бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. “Даналық мектебінің” ашылу салтанатына қазыналы қарттар қатысты. Ақ жаулықты әжелер жиналғандарға тоқыма өнерін көрсетті, салт-дәстүр жайлы айтты, жастарға ақ баталарын берді. Өз кезегінде ұл-қыздар да аянып қалмады. Олар қонақтарға театрландырылған қойылым ұсынды. Музыкалық аспапта ойнап, көпшіліктің құрметіне бөленді.
– Бұл жерде аталар, әжелер, әкелер, жеңгелер клубы жұмыс істейтін болады. Мұнда отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың рөлі туралы айтылады. Мұғалімдер тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейі директорының орынбасары Данаш Темірбекова.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.