Елімізде биылғы оқу жылын 3,8 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның 186 мыңы – 11-сынып бітіретін түлектер. Ал өңіріміз бойынша 3 мыңнан астам оқушы үлкен өмірге қанат қақса, соның 85-і – “Алтын белгі” төсбелгісіне үміткер.
Солтүстікқазақстандық оқушылар үшін “Мектебім, саған мың алғыс!” атты іс-шара аясында соңғы қоңырау соғылды. Барлық білім ордаларында 24 мамыр күні “Білімім – Отаныма” атты бірыңғай сынып сағаттары өтті. Тәрбие сағаты Әнұраннан басталып, оқушылардың жеткен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді.
Бұл күні қаладағы “Дарын” мектеп-лицейі, Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің базасында 9 және 11 сынып түлектері жаңа өмірге қанат қағып, қадам басатын аяулы шақтары жөнінде “Мен. Мектеп. Ұстаз” атты тақырыпта эссе жазды.
Жалпы биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша, облыста инклюзивті білім беру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, Айыртау ауданы мен Петропавл қаласындағы №42 орта мектеп қабырғасында арнайы кабинеттер ашылса, “Береке” шағынауданында салынып жатқан түзету мектеп-интернаты қолданысқа беріледі.
Сондай-ақ “Жас өркен” шағынауданында 280 орынға шақталған балабақшаның құрылысы басталады. Мектепке дейінгі білім беру нысаны 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.