Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жалпы астық түсімінің үштен біріне жуығын өндіретін Қызылжар өңіріне жасаған іс-сапары кезінде бірқатар аудандарды аралады.
Агроқұрылым өкілдерімен кездесуде Айдарбек Сейпілұлы егістің оңтайлы мерзімдерін сақтау, дизельдік отынның болуы, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мол өнім алудың негізгі шарттары екеніне тоқталды. Диқан қауымы тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар, оның ішінде жеңілдікті дизель отынын алудың өзгертілген ережелері туралы тарқатып айтып берді.
“Мен өңірдің бұрынғы басшысы ретінде ауыл шаруашылығы саласының жағдайын жақсы білемін. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан теріскейлік диқандар ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Жақсы өнім алудың негізгі факторларының бірі – тұқымды мерзімімен жерге сіңіру. 15 мамырдан бастап дизель отынын алуда жаңа ережелер қолданылады. Атап айтқанда, көктемгі егіс және астық жинау жұмыстарына жеке өтінім берудің орнына рәсімді жеңілдететін бірыңғай өтініш қабылданады. Өтініш беру мерзімі 20 күннен 30 күнге дейін ұзартылды. Отын шығынының бірыңғай базалық нормалары алынып тасталды, енді нормативтер аймақтардың топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленетін болады”, – деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, ережеде субсидияланатын дизель отынының қалдығын пайдалануға болатын ауыл шаруашылығы жұмыстарының қосымша түрлерінің стандарттары да қарастырылған. Өзгерістер шаруалардың ұсыныстарын ескере отырып қабылданған.
Дегенмен бірқатар өңірлерде жанармайға сұраныс күрт артқандықтан, жеңілдетілген дизельдік отынның жеткізілуі графиктен кешеуілдеуде. Бүгінгі күнге дейін барлық қажетті сұраныстың 241,4 мың тоннасы ғана жеткізіліп, 64 пайызы қанағаттандырылған. Осыған байланысты жанар-жағармайды кестеге сәйкес тезірек жөнелтуді қамтамасыз ету талабы қойылып отыр.
Есіл ауданындағы егіс алқаптарында өткен кездесулер барысында министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзара міндеттемелеріне қатысты сауалдарға жауап берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз агроөнеркәсіптік кешендегі жалпы көлемді екі есе ұлғайту үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Мен бірінші кезекте биылғы егіс және егін жинау жұмыстарына 580 миллиард теңге көлемінде бағытталған жеңілдетілген несиені айтып отырмын. Қаржыландыру 3 еседен астам өсті”, – деген Айдарбек Сапаров жеңілдікпен несие 5 пайыз мөлшерлемемен берілетініне, несиені 12 айға алуға болатынына, фермерлерден несиені күзде өтеу міндеті алынып тасталатынына, мұның өзі астықты асығыс және тиімсіз бағада сатуға тосқауыл қоятынына, несиені жабуға жанталаспайтынына тоқталды.
“Даму” қорының кепілдігі шаруашылықтар арасындағы кепілдік тапшылығы мәселесін шешеді. Тыңайтқыштарды, тұқымдарды, техникаларды субсидиялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және өзге де қолдау шараларын қолдану мүмкіндіктері мол. Жеңілдетілген несие мен субсидия алып отырған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне озық технологияларға сүйену, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды пайдалану арқылы өнімділікті арттыру талаптары қатаңдатылады.
“Импорттық астық дәстүрлі өткізу нарығымызға түрлі қолайсыздықтар тудырып отырғаны жасырын емес. Көршілерімізде өнімділік жоғары, гектар берекелігі 20-25 центнерден айналады. Бұл жағдай өнім бағасының арзандауына соқтырады. Отандық өнімдер бәсекеге қабілетті болу үшін агроөнеркәсіп кешенінде түбегейлі жаңғыртулар қажет”, – деді министр.
Ауыл шаруашылғы министрі мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға соғып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Шаруашылық басшылармен кездесуде жауапты науқанның өзекті мәселелері және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
“Азко Пески” ЖШС мал азығын өсіруде тамшылатып суару тәжірибесін қолданады. Серіктестік директоры Владимир Коваленко Раисовка елді мекенінің гүлденуіне, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Құрметті қонақтар Президенттің бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында ағаш отырғызуға қатысты.
Ғауез Торсанұлы мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.
Мағжан Жұмабаев ауданында “Пальчик ЖК” сүт зауытының озық қондырғылары таныстырылды. Ал жеке кәсіпкер Светлана Карабанова ешкі фермасын ашқан. Мұнда йогурт, балмұздақ, ірімшік өнімдері шығарылады.
Министр мен облыс әкімі “Нүрсен Агро” және “Полудинское” шаруашылықтарының егістіктерін аралап, жергілікті астық өндірушілермен кездесу өткізді.
Өңір басшысы көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізудің, ауылдарды әлеуметтік қолдаудың маңызын, сонымен қатар су тасқынының салдарын жоюға, бүлінген инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге жекелеген кәсіпкерлердің қомақты үлес қосқанын атап өтті.
“Олардың қатарында “Зенченко және К”, “Ноғайбай”, тағы басқа 360-қа жуық агроқұрылымдар мен кәсіпорындар бар. Қиын-қыстау кезеңде жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген солтүстікқазақстандықтарға алғысымыз шексіз”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Шал ақын, Есіл аудандарында қаржы институттары мамандарының қатысуымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге, қайта өңдеу өнімдерінің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту, субсидиялау мәселелері талқыланды. Алға қойған міндеттерді орындау мақсатымен Жол картасы әзірленіп, нақты көрсеткіштер белгіленген.
Биыл көктемгі егіс және астық жинау жұмыстарына алғаш рет 5 пайыз жеңілдікпен 400 млрд. теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлініп отыр. Несиелер “Кең дала-2” бағдарламасы бойынша қарастырылып, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ филиалдары, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 600-ден астам шаруа қожалығы 46,6 млрд. теңгеге өтінім берген, бұл 425 мың гектар егіс алқабын несиемен қамтуға мүмкіндік береді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.