«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Партия қызметін қайта құрылымдауға арналған кезек­тен тыс съезде республикалық саяси ұйымның атауы өз­геріп, қызмет сипаты өзгеше арнаға бет бұрды. Форумда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Ама­нат – халқымыздың мәдениетінде ерекше ұғым, ол ата-бабамыз аманат етіп қалдырған тәуелсіздіктің өшпес мұ­раттарын, тұғырлы мемлекеттілік құндылықтарын, ұлт­тық бірлікті, туған жеріміздің ұлан-ғайыр кеңістігін білді­реді. Біз осы баға жетпес мұраны көздің қарашығын­дай сақтауымыз және нығайтуымыз керек. Бұл – өткен және болашақ ұрпақ алдындағы біздің қасиетті парызы­мыз”, – деген болатын.

Содан бері жаңару мен жаң­ғыртуды басты мұрат еткен “AMANAT” партиясы мемлекетті­лікті нығайтудың, ел бірлігін бе­кем­деудің алдыңғы шебінде қалт­қысыз қызмет етіп келеді. Жүйелі әрі кешенді түрде атқа­рылған саяси, идеологиялық, ұйымдастырушылық жұмыстар­дың нәтижесінде партияның ау­мақтық филиалының құрылымы кеңейтіліп, сапалық деңгейі жақ­сара түсті. Бүгінде 14 бастауыш партия ұйымы 1440 белсенді мү­шені біріктіріп отыр. Олардың ішінде ең ірілері – қалалық (250 адам), білім саласы қызметкер­лері топтасқан “Болашақ” (224 адам) және “Новомихайловское” (152 адам) бастауыш ұйымдары. Еліміздегі ең ықпалды республи­калық саяси ұйым қабылдаған 2023-2027 жылдарға арналған “Халықпен бірге!” сайлауалды бағ­дарламасы бәрімізді ортақ мақ­сатқа жұмылдырып, күш-жі­гер берді. Президенттің алда­ғы жеті жылдық кезеңдегі еліміз­дің даму бағытын айқындайтын “Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін! Қазір және әрдайым” іс-қимыл бағдар­ламасын жүзеге асыруға және сайлаушылар жүктеген аманат­тардың орындалуына барынша ықпал жасау басты талап сана­лады. Республика азаматтары­ның әл-ауқатын жақсартуға және ішкі өндірісті арттыруға бағыт­тал­ған 10 міндет, 205 іс-шараны қамтитын “Жол картасының” ма­ңызы айрықша. Бұл жоба аясын­да ауданда биыл 59 іс-шара атқарылуда. Оның әр­бір тармағы бойынша нақты тап­сырмалар бекітілген. Өткен жы­лы Қызыләскер мектебі, Афонь­кино мен Андреевкада мәдениет үйі жөнделіп, Калугинода тауар­лы-сүт фермасы пайдалануға бе­рілді. “Новомихайловское-2003” ЖШС басшылығы 5 млн. теңгеге білім ошағының жылу жүйесін қалпына келтірді. Биыл Дубров­ное орта мектебі, Бикедегі Мәде­ниет үйі, Мамлютка қаласында­ғы, Сенжарка – Троицк – Нико­лаевка –Ленино бағыттарында­ғы аудандық маңызы бар жол­дар, Қызыләскер мен Новоми­хайловкадағы фельдшерлік-акушерлік пункттер қалпына келті­рі­ліп, Дубровное, Бексейіт, Мам­лют­када сумен жаб­дық­тау жүйесінің құрылысы жүр­гізіледі. Осыған орай жер-жерлерде партиялық бақылау бекет­тері құрылып, нысандарға жүйелі түрде мони­то­ринг ұйымдастырылып, нәти­желері әлеуметтік желілерде жа­рияланып отырады. Партиялық бақылаудың міндеті – жоспар­дың уақытылы орындалуын, бюд­жет қаражатының игерілуін, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын ұдайы қадағалау.

Партиялық жобалар негізін­де еліміз бойынша сапалы білім мен медициналық қызметте – 40, әлеуметтік қамқорлық бағытын­да 14 іс-шара жоспарланған. “Жеке баспана мен жайлы ин­фрақұрылым” бағдарламасы шеңберінде сапалы үйдің қолже­тімділігін арттыру мақсатында бар­лық қаржыландыру көздері есебінен 78 млн. шаршы метр тұр­ғын үй тұрғызылмақ. Бір сөз­бен айтқанда, алдағы қадамдар “Жол картасын” нақты орындау­ға бағытталып, партия мен Үкі­меттің ерекше бақылауына алынған. Бастауыш партия ұйымдары осындай іргелі мін­деттердің бел ортасынан табы­лып, сүбелі үлесін қосуды қа­шан­да басты парыз санайды. Мә­селен, “Бақытты отбасы” партия­лық жобасын іске асыру шеңбе­рінде облыс орталығы мен Жам­был ауданындағы әріптесте­рі­міздің қатысуымен “Қазіргі әлем жағдайындағы дәстүрлі отбасы­лық құндылықтар” атты аудан­дық конференция өткізілді. Онда жас отбасылар, аға буын өкіл­дері арасындағы жарасымды­лық, сабақтастық өнегелері дә­ріптеліп, іс-тәжірибе алма­сыл­ды. Жалпыға ортақ құнды­лықтарды жас ұрпақ бойына да­рыту жөнінде құнды ой-пікірлер айтылды. “Ұлттық мұра” жобасы аясында мектеп оқушылары арасында тоғыз құмалақ турнирі ұйымдастырылды.

Президент былтырғы Жол­дауында “AMANAT” партиясы бастамашылдық көрсеткен “Қа­рызсыз қоғам” жобасын айрық­ша атап өтіп, оның игілігін бар­лық азаматтар сезінуі тиіс екенін айтқан болатын. Бүгінде қанат­қақты жоба өз тиімділігін көрсе­тіп, қамтылу аясы әлдеқайда ке­ңіген жалпыхалықтық бағдарла­маға айналды. Оның негізінде не­сие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған, тө­леу мерзімін өткізіп алған ауыл тұрғындары, сонымен қа­тар мемлекеттік жеңілдікпен не­сие алуға үміткер кәсіпкерлер қаржылық сауаттылық курста­ры­нан өте алады. Ақпан айында 106 адам оқытумен қамтылды. Мамыр-маусым айларында 100-ге жуық адам тартылатын бола­ды. Тұтыну несиесін рәсімдеушілер қатарының өсіп келе жатқанын ескерсек, бағ­дар­ламаның қажеттілігі артпаса кемімейді.

Мемлекет басшысының “Қа­зақ­стан Республикасының ауыл­дық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” Жар­лы­ғы шеңберінде Үкімет пен “AMANAT” партиясы бірлесіп, “Ауыл аманаты” жобасын іске қос­қаны белгілі. Ондағы мақсат ауылдықтардың әл-ауқатын жақ­сарту және әлеуметтік мәселе­лерін жедел шешу болып табы­лады. Жолдауда атап өтілген­дей, бүгінгі таңда агроөнеркәсіп­т­егі стратегиялық басым бағыт­тардың бірі – ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту. Алда­ғы жеті жылда ауыл тұрғында­ры­ның табысын арттыруға 1 трлн., ал жобаны жүзеге асыруға 52 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қадам ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ауданда “Ауыл аманаты” жобасына қаты­суға 39 адамнан өтінім түсті. Осы­ған орай ұйым жанынан әдіс­те­мелік қамтамасыз ету, азамат­тарды оқыту, өтініштерді қабыл­дау, қаражат бөлу барысын қа­да­ғалайтын жобалық кеңсе құ­рылған. Жобаның артықшылық­тары барлық ауылдық округ тұр­ғындарына түсіндіріліп, басқа да пәрменді шаралар қолға алын­ған.

Аудандық филиал жанында­ғы қоғамдық қабылдау бөлмесі­не келушілердің қарасы үзілген емес. Оларды көбіне әлеуметтік жайттар толғандырады. Жыл ба­сынан бері 150 адам өтініш-тілек айта келді. Мәселелерді қарау нәтиже­лері бойынша 94 өтініш оң шешімін тапты. Солардың бірі – Леденовода тұратын, баспа­на­сы өртеніп кеткен, асырауында төрт бала­сы бар жалғызілікті ана Н.Са­лютинаға 650 мың теңгенің қайы­рымдылық көмегі берілді. Көп ба­лалы ана Б.Ақжарова да қамқор­лық­тан шет қалған жоқ. Бұдан бө­лек аудандық мәслихат депу­таттары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары 108 адамды қабылдады. Мәслихат­тағы депутаттық фракция жұ­мысының жандануына В.Щего­лев, В.Кейсарчук, Р.Балкина, тағы басқа халық қалаулылары әркез белсенділікпен атсалыса­ды. №6 сайлау учаскесінен депутаттық ман­датқа ие болған Бике мектебінің директоры Д.Нұртаев Ақмола облысынан көшіп келген 7 бала­сы бар Ұтқыр Ахмедовтың атал­ған ауылға қоныстану туралы өті­нішін аяқсыз қалдырған жоқ. “Мәмбетов және К”, “Ділдібаев”, “Дәулетті ел” агроқұрылымдары 0,5 млн. теңге мөлшерінде де­меушілік көмек көрсетіп, баспа­на­ны жөндеп берді. Сондай-ақ “Қайырымдылық жаса!” акциясы ұйымдастырылып, азық-түлік өнім­дері мен киім-кешек сатып әперілді. Отағасы білім ошағына математика пәнінің мұғалімі және директордың кәсіптік бағ­дар беру мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне қабыл­данды. Менің жеке қабылдауы­ма Өзбекстаннан қоныс аудар­ған Жомарт Баиров деген аза­мат келіп, тұрақты жұмыс таппай, қиналып жүргенін жеткізді. Ол бұған дейін түрлі мекемелер­де жүргізуші болған. Жалақының аздығынан бес баланы мектеп пен колледжде оқыту оңайға түс­пеген. Соңғы жылдары такси жүр­гізушісі болып ауысуына тура кел­ген. Бірақ одан жағдайы жақ­сарып кетпеген. Өтініш иесіне филиалдан жүргізушілік жұмыс ұсынылып, қуана келіс­ті. Аманаттықтардың тікелей ара­ласуымен зейнеткер Ф.Ананье­ваның үйінің ауласын тазалауға “СМ спецтехника” ЖШС-ның бас­шылығы жәрдемдесті. Воскре­се­новкадағы Мәдениет үйі 1985 жылы салынған. 2012 жылы те­резелерін ауыстырумен ғана шектелген. Округ әкімі фракция­лық топтың белсенді мүшесі К.Бекеновке келіп, жоба­лық-сметалық құжаттарды рәсім­деуге көмектесуді өтінді. Нәтижесінде “Воскресеновка”, “Стан” серіктестіктері 4 млн. тең­геге тиісті құжаттарды реттеп берді.

Фракция мүшелері 48 аза­мат­ты қабылдап, олардан түс­кен 52 өтінішті жан-жақты зерде­леп, тиісті орындарға 5 сауал жол­дады. Партияға 19 адам қа­былданып, қатарымыз тың күш­пен нығая түсті. Ізімізді басып келе жатқан “Жастар рухы” жас­тар қанаты” қозғалысының қимылы ширақ. Олар көктемгі су тас­қыны кезінде белсенді көмекші­мізге айнала білді.

Алтын САҒИТОВА,

“AMANAT” партиясы Мамлют аудандық филиалының атқарушы хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp