1 мамырдағы дерек бойынша 64,2 мың отбасындағы 339,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) берілді. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұрын хабарланғандай, АӘК-тің негізгі мақсаты – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту арқылы отбасын қиын жағдайдан шығару, ақшалай қолдау көрсету. Табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек беріледі. Осындай отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5538 теңге) көлемінде ай сайын қосымша төлем қарастырылған. 1 мамырдағы мәліметке сүйенсек, АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 104,3 мың балаға 1,9 млрд. теңге сомасына қосымша төлем бөлінді.
Сонымен қатар су тасқынына байланысты төтенше жағдай режімі жарияланған қалалар мен аудандарда осы жылдың екінші тоқсанында 5 мың отбасына автоматты түрде АӘК тағайындалды.
Биыл ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент халықты әлеуметтік қолдаудың құрылымы мен тетіктерін қайта қарауды, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруды тапсырды. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек көрсету үдерісін трансформациялау тетігін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл шын мәнінде, мұқтаж азаматтарды анықтауға, оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға, кредиттерді өтеуге, тағы басқа қажет негізгі шығыстардың түрлерін көздеу жоспарланып отыр.
Азаматтардың шығыстары туралы мәліметтерді алуға тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың – Өнеркәсіп және құрылыс, Цифрлық даму, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Ұлттық банктің ақпараттық жүйелерінің интеграциясы жасалады.
Әсет ҚАНАФИН.