«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтжанды тұлға еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елордадағы Ұлттық акаде­миялық кітапханада рәмізтану­шы, ақын, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Ербол Шаймер­денұлының туғанына 70 жыл то­луына орай ­ғылыми-танымдық конференция өтті. “Ғасырлар қол­таңбасы немесе рәміздік таным­ның баспалдақтары” тақырыбын­дағы іс-шара аясында “Мәңгілік мұра: Елтаным..” атты кітап көр­месі ұйымдастырылды.

Конференцияға қатысқан қа­зақ әдебиетінің танымал тұлға­лары, Парламент депутаттары, мәдениет және қоғам қайраткер­лері, белгілі ғалымдар қазақ елі­нің тұңғыш рәмізтанушысы және Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы Ербол Шаймерденұлы­ның мәдениет, тіл және гераль­дика саласына сіңірген еңбектері жайлы баяндап, жалпы азамат­тық, адами қасиеттері туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Жиынға қатысушылар рәміз­та­ну­шы туралы түсірілген “Ербол Шай­мерденұлы: Тұлға” деректі фильмін тамашалады.

– Еліміз тәуелсіздік алған ал­ғашқы күндерден бастап бойын­дағы барлық жігерін, қайратын, бі­лімін егемендікке арнаған бір адам болатын болса, осы Ербол Шай­мерденов деп айтар едім. Пре­зиденттің тұңғыш баспасөз хатшысы бола жүріп, мемлекеті­мізде әлі іске аспаған тұңғыш рә­міздердің жүзеге асуына Ербол­дың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Тіл комитетінің төрағасы қыз­ме­тін атқарғанда сан қилы мақала­лар жазды. Ерекең жайында Әб­діжәміл Нұрпейісовтен бастап, Әбіш Кекілбаев, Әкім Тарази, Қуа­ныш Сұлтанов сынды еліміздің зиялы қауым өкілдерінің бәрі жылы сөздер айтқан, – деді жазушы Қуаныш Жиенбай.

Елтаңба авторы Жандарбек Мəлібекұлы Ербол Шаймерден­ұлының рəмiзтану саласының тереңге тамыр тартуына қосқан үле­сін ерекше атап өтті. “Бүкіл дүниежүзіндегі елтаңбаларды қарап, соған талдау жасағаны маған қатты ұнады. Шын мəнінде өте білімді, дəстүрімізді терең бі­летін жан еді. Мемлекеттік рəміз­дер осы Ербол Шаймерденовтің көзі тірі кезде қалыптасты. Ерекеңнің бұл еңбегі – өз алдына зерт­­теуге тұрарлық жұмыс”, – де­ді Жандарбек Мəлібекұлы. Ол естелік ретінде өзі жасаған Ел­таң­­баның төсбелгісін Ербол Шай­мер­денұлының жары Күләш Қайыржанқызына табыс етті.

“Қазақ газеттері” серіктестігінің бас директоры, ака­демик Дихан Қамзабекұлы сол жылдары қоғам қайраткерінің абыройлы қызмет еткенін айтты.

Конференцияда жазушылар Марат Мəжитов, Алтыншаш Жа­ға­нова, Роза Мұқанова, қоғам қай­раткері Оразкүл Асанғазы қалам­герліктен қайраткерлікке жеткен тұлға туралы орамды ойлары­мен бөлісті.

Алқалы жиында қазақ әде­биетінің өзге де танымал өкілдері, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары Ербол Шаймер­ден­ұлы туралы айтып, оның азаматтық, қаламгерлік, қайрат­керлік қырларын шынайы ой-пікір, құнды естеліктерімен барын­ша ашуға тырысты.

– Ол әсіресе өзінің кіндік қаны тамған Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылын есінен бір шығармайтын. Мүмкіндік болған жағдайда отбасымызбен бірге жыл сайын дерлік ауылға жол тартатынбыз. Ауылдың маңындағы Ұлпан ананың зиратына, әке­сінің басына барып, Құран ба­ғыштайтын. Академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің жақсы көре­тін “Қызқарағайына” баратын, бала күндеріндегі көлдерге шо­мылатын. Сөйтіп, елден керемет көңілмен, күш-қайрат жинап, Астанаға оралушы еді,– дейді ақынның жары Күләш Шаймерденова.

Конференцияда Л.Гумилев атындағы университеттің сту­денттері ақынның өлеңдерін на­қышына келтіріп оқып, айтыс­кер ақын Рауан Қайдар домбырамен арнау айтты.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp