1999 жылы жүргізілген Ұлттық санақ деректеріне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының саны 725980 болса, арада өткен ширек ғасыр бедерінде (1.01.2024 ж.) басқа жақтарға үдере көшу салдарынан 530039-ға дейін азайып кеткен. Жасыратыны жоқ, алаңдатарлық демографиялық ахуалды жақсартуға қатысты ұсыныс-пікірлер мен тұшымды ойлар жұртшылық, қоғамдық ұйымдар, халық қалаулылары, БАҚ өкілдері тарапынан қаншама рет айтылып, тиісті органдар назарына жеткізілсе де, әсіресе, көпшілік арасында “солтүтік коэффициенті” аталып кеткен 15 пайыздық үстемені қайтару мәселесі әлі күнге дейін тиянақты шешімін таппай келеді. Жуырда Қызылжар өңірінен Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған жерлестеріміз Дмитрий Колода мен Еркебұлан Мәмбетов осы мәселені тағы да көтеріп, Үкімет назарына ұсынды.
“Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.В.Склярға
Құрметті Роман Васильевич!
Біздің депутаттық сауалымыз солтүстік өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсарту жайына арналып отыр. Себебі мұндағы климаттық жағдайлар, қалыптасқан әлеуметтік, коммуналдық, жол инфрақұрылымдары тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне талаптағыдай жағдай тудырып отырған жоқ. Мәселен, қысқы жылыту маусымы 7 айдан астам уақытқа созылады. Ал өте қысқа жаз маусымында егіншілікпен, мал шаруашылығымен жете айналысуға, жемшөп қорын молынан дайындауға мүмкіндіктер аз. Еліміздің солтүстігі газдандырумен өз деңгейінде қамтылмаған. Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жайы, жолдардың сапасы сын көтермейді. Мұның бәрі өмір сапасын жақсартуға қомақты қаржыны қажет етері сөзсіз, өкінішке қарай, орташа айлық жалақы көрсеткіші бойынша республикада ең соңғы орында.
Көші-қонның теріс сальдосы салдарынан халықтың табиғи азаюуы көп жылдар бойы жалғасып келеді. Оның ақыры білікті кадрлардың тапшылығына, көрсетілетін қызметтер сапасының нашарлауына соқтырды. Бұдан бөлек, шекаралас аймақтардағы адамдар санының күрт кеміп кетуі ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да өте алаңдатарлық жайт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теріскей тұрғындарының азайып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, аймақтық теңсіздік мәселесін шешу міндетін қойған болатын. Сондықтан мәселені еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен солтүстікке қоныс аудару бағдарламалары арқылы жүзеге асырумен шектелмей сапалы тұрмысты қамтамасыз ету қажет. Өркениетті елдер тәжірибесі көрсеткендей, Қазақстанға ұқсас климаттық жағдайларда түрлі қаржылық қолдау тетіктері көрсетіледі. Атап айтқанда, белгілі мөлшерде шәкіртақы, зейнетақы, жалақы белгіленген. Өмір сүру көрсеткішін жақсартуға бағытталған мұндай қосымша қаржылық көмектер азық-түлік, қысқы киім-кешек алуға, жарық пен жылу шығынын өтеуге, басқа да басқа қажеттіліктерге жұмсалады. Біздіңше, арнайы “өңірлік үстеме” әдістемесін енгізу тәуекелі мол климаттық өңірлердің тартымдылығын арттырары сөзсіз.
Солтүстік аймақтарды “көгілдір отынмен” қамту жайы сайлаушылармен, ауыл шаруашылығы және кәсіпорын басшыларымен кездесулерде жиі айтылады. Газдандыру процесін жеделдету Үкіметтің күн тәртібіне қойылғалы көп уақыт болғанына қарамастан мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Тіпті жобаны жүзеге асырудың нақты механизмі де қарастырылмаған.
Роман Васильевич, солтүстік өңір тұрғындарын толғандырып отырған мәселелерді жедел шешу үшін мына жайттар басты назарға алынуы тиіс:
1.Теріскей тұрғындары үшін арнайы “өңірлік үстеме” бағдарламасы мен әдістемесін айқындау;
2.Аймақтардың зейнет жасындағы тұрғындарына арнап “өңірлік үстемені” енгізу мүмкіндіктерін қарастыру;
3.Жас мамандарды тарту мақсатымен коэффициенттерді ескеру;
4.Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру мәселесін шешуді жылдамдату.
Құрметпен, “AMANAT” партиясының фракция мүшелері Дмитрий Колода, Еркебұлан Мәмбетов”, – делінген депутаттық сауалда.