«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жан жадыратар жазғы демалыс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі балалар – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан да олардың баянды болашағына барынша жағдай жасап, қолдау көрсету маңызды. Дамыған елдер инвестицияның басым бөлігін ұрпағының ертеңіне салып отырғаны да бекер емес. Өйткені бұл – қайтымы мол ең тиімді жол. Бала тәрбиесіне, оның біліміне жұмсалған күш бүгін болмаса да бірнеше он жылдардан кейін өз жемісін беріп, халқына пайда келтірер азаматтардың өсіп шығары анық. Елімізде бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес.

Бүгінде елімізде 6,8 млн. бала бар. Оның 3,8 миллионы мектеп жасындағылар. Мамандар 2027 жылға қарай елдегі 18 жасқа дейінгілердің саны 8 миллионға жетеді деп жоспарлап отыр. Сондықтан да балалардың болашағына жол салуды қазірден бастап қолға алған жөн. Бұл бағытта биыл алғаш рет “Ұлттық қор – балаларға” жобасы іске қосылып, 7 миллионға жуық баланың шотына алғашқы төлемдер аударылды.

Білім берудегі ең басты міндеттердің бірі – балалардың жазғы уақыттағы демалысын тиімді ұйымдастыру. Балалардың 90 күндік каникулы пайдалы өтуге тиіс. Биыл жазғы демалыстың әр түрімен өңір оқушыларының 94 пайызын қамту жоспарланған. Бұған 1-10 сынып аралығындағы 68 мың оқушы кіреді.

Жазда балалар үшін 204 мектеп жанындағы, 253 кәсіптік алаң жұмыс істейді. Солтүстікқазақстандық ұл-қыздар 27 күркелі, 7 киіз үй лагерьлерінде демала алады. Биыл бұл орындарға 46 мыңнан астам бала барады деп жоспарланған. Жергілікті жерлердегі балалардың демалысы 30 қосымша білім беру орталығы мен 25 аулалық клубта ұйымдастырылады. Мұның бәрі 19 мың ұл-қызды қамтиды.

Жыл сайын Оқушылар сарайында жазғы академия ұйымдастырылып келеді. Онда келетіндер жаз бойы бірнеше маусымда білім алып, шығармашылықпен айналысып, түрлі үйірмелерге қатысады. Алдағы жазда Оқушылар сарайында 2000 балаға жазғы академия аясында қосымша білім беруге мүмкіндік бар.

Дәстүрге сай 6 мыңнан астам бала лагерьлерде демалады. Бүгінде қала сыртында 14 лагерь бар. Онда үш мыңға жуық әлеуметтік осал топтан шыққан балғын үшін тегін жолдамалар қарастырылған. Аталған жолдаманы алу үшін аудандар мен қаладағы білім бөлімдеріне жүгіну қажет. Қазіргі уақытта лагерьлерді демалыс маусымына дайындау жүргізілуде. 6 маусымға дейін барлық демалыс лагерьлері келушілерді қабылдауға дайын болмақ. Ал жазғы маусым 10-15 маусым аралығында ашылады. Жаз ішінде ұзақтығы 10 күндік 5-7 маусым ұйымдастырылады. Балалар орташа тәулік температура 16 градустан асқан кезде демалыс орындарына бара алады.

Балалардың жазғы уақыттағы қауіпсіздігі де басты мәселе. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі 1-4, 5-9, 10-11 сынып оқушыларына арналған арнайы нұсқаулықтар әзірледі. Оқушылардың көшеде, табиғатта, судағы қауіпсіздік ережелерінен хабардар болғаны маңызды. Сонымен қатар 27-31 мамыр аралығында өңірде спорт, ойын алаңдарындағы, құрал-жабдықтардың жағдайы тексерілді.

Балалардың демалысы тиімді, қауіпсіз өтуі үшін ата-анаға жүктелер жауапкершілік зор. Алда қызығы мен қуанышы мол жайдары жаз келе жатыр. Оқушыларға бұл кезеңді пайдалы, сәтті өткізіп, жаңа оқу жылының алдында жақсы демалуларын тілейміз.

Әсел ОРАЗБАЕВА,

облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp