«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СОЛТҮСТІК КОЭФФИЦИЕНТІН” ҚАЙТАРУ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1999 жылы жүргізілген Ұлт­тық санақ деректеріне сүйен­сек, Солтүстік Қазақстан облы­сы тұрғындарының саны 725980 болса, арада өткен ши­рек ғасыр бедерінде (1.01.2024 ж.) басқа жақтарға үдере көшу салдарынан 530039-ға дейін азайып кеткен. Жасыратыны жоқ, алаңда­тарлық демографиялық ахуал­ды жақсартуға қатысты ұсыныс-пікірлер мен тұшымды ойлар жұртшылық, қоғамдық ұйым­дар, халық қалаулылары, БАҚ өкілдері тарапынан қаншама рет айтылып, тиісті органдар на­зарына жеткізілсе де, әсіресе, көпшілік арасында “солтүтік коэффициенті” аталып кеткен 15 пайыздық үстемені қайтару мәселесі әлі күнге дейін тиянақты шешімін таппай келеді. Жуырда Қызылжар өңірінен Пар­ламент Мәжілісіне депутат бо­лып сайланған жерлестеріміз Дмитрий Колода мен Ерке­бұ­лан Мәмбетов осы мәселені тағы да көтеріп, Үкімет назары­на ұсынды.

“Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.В.Склярға

Құрметті Роман Васильевич!

Біздің депутаттық сауалы­мыз солтүстік өңір тұрғындары­ның өмір сапасын жақсарту жайына арналып отыр. Себебі мұндағы климаттық жағдайлар, қалыптасқан әлеуметтік, ком­муналдық, жол инфрақұрылым­дары тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне талаптағыдай жағ­дай тудырып отырған жоқ. Мә­селен, қысқы жылыту маусымы 7 айдан астам уақытқа созыла­ды. Ал өте қысқа жаз маусы­мын­да егіншілікпен, мал шаруа­шылығымен жете айналысуға, жемшөп қорын молынан дайын­дауға мүмкіндіктер аз. Еліміздің солтүстігі газдандырумен өз деңгейінде қамтылмаған. Ха­лықты таза ауызсумен қамта­масыз ету жайы, жолдардың са­пасы сын көтермейді. Мұның бәрі өмір сапасын жақсартуға қо­мақты қаржыны қажет етері сөзсіз, өкінішке қарай, орташа айлық жалақы көрсеткіші бо­йынша республикада ең соңғы орында.

Көші-қонның теріс сальдосы салдарынан халықтың табиғи азаюуы көп жылдар бойы жалғасып келеді. Оның ақыры білікті кадрлардың тапшылығы­на, көр­сетілетін қызметтер са­пасының нашарлауына соқтыр­ды. Бұдан бөлек, шекаралас ай­мақтар­да­ғы адамдар санының күрт кеміп кетуі ұлттық қауіпсіз­дік тұрғы­сынан да өте алаңда­тарлық жайт.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теріскей тұр­ғын­да­рының азайып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, аймақ­тық теңсіздік мәселесін шешу міндетін қойған болатын. Сон­дықтан мәселені еліміздің жұ­мыс күші артық өңірлерінен сол­түстікке қоныс аудару бағдарламалары арқылы жүзеге асы­румен шектелмей сапалы тұр­мысты қамтамасыз ету қажет. Өркениетті елдер тәжі­рибесі көрсеткендей, Қазақ­станға ұқ­сас климаттық жағдайларда түрлі қаржылық қол­дау тетіктері көрсетіледі. Атап айтқанда, белгілі мөлшерде шәкіртақы, зейнетақы, жалақы белгіленген. Өмір сүру көрсет­кішін жақсарту­ға бағытталған мұндай қосым­ша қаржылық кө­мектер азық-түлік, қысқы киім-кешек алуға, жа­рық пен жылу шығынын өтеуге, басқа да басқа қа­жет­тіліктерге жұмсалады. Біз­діңше, арнайы “өңірлік үстеме” әдістемесін енгізу тәуекелі мол климаттық өңірлердің тартымдылығын арттырары сөзсіз.

Солтүстік аймақтарды “кө­гілдір отынмен” қамту жайы сай­лаушылармен, ауыл шаруашы­лығы және кәсіпорын басшыла­рымен кездесулерде жиі айты­лады. Газдандыру процесін же­делдету Үкіметтің күн тәртібіне қойылғалы көп уақыт болғаны­на қарамастан мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Тіпті жобаны жүзеге асырудың нақты механизмі де қарастырыл­маған.

Роман Васильевич, солтүстік өңір тұрғындарын толғанды­рып отырған мәселелерді жедел шешу үшін мына жайттар бас­ты назарға алынуы тиіс:

1.Теріскей тұрғындары үшін арнайы “өңірлік үстеме” бағдар­ламасы мен әдістемесін айқындау;

2.Аймақтардың зейнет жасындағы тұрғындарына арнап “өңірлік үстемені” енгізу мүмкін­діктерін қарастыру;

3.Жас мамандарды тарту мақсатымен коэффициенттерді ескеру;

4.Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру мәселе­сін шешуді жылдамдату.

Құрметпен, “AMANAT” партиясының фракция мүшелері Дмитрий Колода, Еркебұлан Мәмбетов”, – делінген депутаттық сауалда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp