“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құрылыс компанияларының басшыларымен бірге “Солнечный-2” шағынауданындағы саябаққа көшет отырғызды.
Қазір шағынауданда су тасқынынан зардап шеккендерге 520 үй салынуда. Барлығы 700 үй тұрғызылады. Құрылыспен қатар көшелерді де абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа балабақшаның құрылысы да басталып кетті.
Облыста зардап шеккендерді баспанамен қамту мәселесі белсенді жүргізілуде. Барлығы 1720 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда комиссия 800-ге жуық адамның өтінішін қарады. 98 пәтер сатып алынды, тағы 240 өтініш төлем жасау үшін жіберілді. “Солнечный-2” шағынауданынан жаңа үй алуға 203 өтініш қабылданды.
Сондай-ақ қаланы аралау кезінде өңір басшысы Қазақстан Конституциясы көшесі, саябақтар мен қалаға кіреберіс жерлерді абаттандыру жұмыстарына ерекше мән беруді тапсырды.
“Солнечный-2” шағынауданында салынып жатқан үйлердің алғашқы легі 5 маусым күні пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бір типті баспаналарға тасқыннан зардап шеккендер орналасады.
Бұл аудан осыдан 5-6 апта бұрын жазық дала болса, қазір қаз-қатар тізілген жаңа үйлерден көз сүрінеді. Сырттан келген адамның мұндағы қарбалас жұмысты құмырсқаның илеуіне ұқсатары сөзсіз.
Шағынауданда құрылыс 24 сәуір күні басталды. Бір ай уақыт ішінде бой көтерген үйлер – содан бері атқарылған жұмыстың нәтижесі. Ішкі әрлеу аяқталуға жақын. Суы ішке кіргізілген, электр қуаты тартылған.
“Біз мамырдың 8-і тағы 100 үйдің құрылысына кірістік. Бүгінгі таңда 300 үйде жұмыс 30 пайыз аяқталған. 200 үйдің құрылысына “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлді. 300 баспана “Қазақмыс” компаниясының, 100 үй “Kaspi Bank”, 20 үйді “YDA Group” түрік компаниясы және 80 үй инвесторлар есебінен салынып жатыр. Жалпы қазір 500 үйдің құрылысына 1200 адам және 50-60 техника тартылған. Жалпы бұл аудандағы құрылысқа 23 мердігер компания жұмылдырылған. Соның 21-і – жергілікті, біреуі – Теміртаудан, екіншісі Астанадан келген”, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Елемесова.
Астанадан келген “Integra Construction KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тамыз айының соңына дейін 400 үйді пайдалануға беруі тиіс. Компания үш қабаттан тұратын панельдерді қолданып жатыр. Құрылыс материалы Астанадан әкелініп, конструктор сияқты құрастырылады. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, мұндай үйлер жылы әрі тез салынады.
Тұрғын үйлермен қатар шағынауданда 90 орындық балабақша құрылысы да қолға алынды. Мердігер компания – “Мирас Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
“Бұл – жергілікті құрылыс компаниясы. Балабақша инвесторлардың қаражатына тұрғызылады. Жоба құны 500 млн. теңге. Жаңа балабақша жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілуге тиіс”, – дейді Майгүл Елемесова.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.