«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа шағынауданда балабақша салынады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Таза Қазақстан” республи­калық акциясы аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құ­рылыс компанияларының бас­шыларымен бірге “Солнечный-2” шағынауданындағы саябаққа көшет отырғызды.

Қазір шағынауданда су тас­қынынан зардап шеккендерге 520 үй салынуда. Барлығы 700 үй тұрғызылады. Құрылыспен қатар көшелерді де абаттанды­ру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа балабақша­ның құрылысы да басталып кетті.

Облыста зардап шеккендер­ді баспанамен қамту мәселесі белсенді жүргізілуде. Бар­лығы 1720 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда комиссия 800-ге жуық адамның өтінішін қарады. 98 пәтер сатып алынды, тағы 240 өтініш төлем жасау үшін жіберілді. “Солнечный-2” ша­ғын­ауданынан жаңа үй алуға 203 өтініш қабылданды.

Сондай-ақ қаланы аралау кезінде өңір басшысы Қазақ­стан Конституциясы көшесі, сая­бақ­тар мен қалаға кіреберіс жерлерді абаттандыру жұмыс­тарына ерекше мән беруді тап­сырды.

“Солнечный-2” шағынауда­нын­да салынып жатқан үйлердің алғашқы легі 5 маусым күні пайдалануға беріледі деп жоспар­ланған. Бір типті баспаналарға тасқыннан зардап шеккендер орналасады.

Бұл аудан осыдан 5-6 апта бұрын жазық дала болса, қазір қаз-қатар тізілген жаңа үйлерден көз сүрінеді. Сырттан келген адамның мұндағы қарбалас жұ­мысты құмырсқаның илеуіне ұқсатары сөзсіз.

Шағынауданда құрылыс 24 сәуір күні басталды. Бір ай уақыт ішінде бой көтерген үйлер – со­дан бері атқарылған жұмыстың нәтижесі. Ішкі әрлеу аяқталуға жақын. Суы ішке кір­гізілген, электр қуаты тартылған.

“Біз мамырдың 8-і тағы 100 үйдің құрылысына кірістік. Бүгінгі таңда 300 үйде жұмыс 30 пайыз аяқталған. 200 үйдің құрылысы­на “Қазақстан халқына” қоғам­дық қоры 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлді. 300 баспана “Қа­зақмыс” компаниясының, 100 үй “Kaspi Bank”, 20 үйді “YDA Group” түрік компаниясы және 80 үй инвес­тор­лар есебінен салынып жатыр. Жалпы қазір 500 үйдің құрылы­сына 1200 адам және 50-60 техника тартылған. Жал­пы бұл аудандағы құрылысқа 23 мердігер компания жұмылды­рыл­ған. Соның 21-і – жергілікті, біреуі – Теміртаудан, екіншісі Ас­танадан келген”, – дейді облыс­тық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Елемесова.

Астанадан келген “Integra Construction KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тамыз айы­ның соңына дейін 400 үйді пайдалануға беруі тиіс. Компания үш қабаттан тұратын панельдер­ді қолданып жатыр. Құрылыс ма­териалы Астанадан әкелініп, конструктор сияқты құрастыры­лады. Серіктестік өкілдерінің ай­туынша, мұндай үйлер жылы әрі тез салынады.

Тұрғын үйлермен қатар шағынауданда 90 орындық балабақша құрылысы да қолға алын­ды. Мердігер компания – “Мирас Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

“Бұл – жергілікті құрылыс ком­паниясы. Балабақша инвестор­лардың қаражатына тұрғызылады. Жоба құны 500 млн. теңге. Жаңа балабақша жоспар бойын­ша 1 қыркүйекке дейін пайдала­нуға берілуге тиіс”, – дейді Майгүл Елемесова.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp