«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕБЕР ШАШТАРАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз өмір сүріп жатқан қоғам бір орында тұрған жоқ, адамзат баласының қажеттілігіне сай үздіксіз өзгеріп, жаңарып, түрленіп отырады. Адамдардың киім кию, тамақтану мәде­ниеті де сол өзгерістерге бейімделіп, жаңаша сипат алуда. Өзгесін айтпағанда бір ғана тазалық, яғни адамның өзін-өзі, сырт келбетін күтуі, шаш қою үлгісінің сан тараулы түрі бар.

Қасым Амангелдин 2019 жыл­дан бері ерлердің шашын алу­мен айналысып келеді. Ол жуыр­да Түркияда өткен әлемдік шаш­тараздар арасындағы сайыста екінші орын иегері атанды. Шаш­тараз бұл жеңіске оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Байқауға әлемнің 20 мемлекетінен өз ісі­нің шеберлері қатысыпты.

– Біз, ең алдымен Алматы қа­ла­сында өткен іріктеу турында бағымызды сынадық. Онда елі­міздің әр бұрышынан келген шаштараздар төбе көрсетті. Со­лар­дың арасынан суырылып шыққан жетеуіміз Түркиядағы сайысқа жолдама алдық. Шыны керек, онда жүлдегер атанамын деп ой­лаған емеспін. Бар ойым мық­ты шаштараздардан тәжірибе жинау болатын. Өзіме берілген тапсырманы орындап болғаннан кейін сыртқа шығып кеттім. Бір кезде мені қасымдағылар шақы­рып алды. Өзімнің екінші орын алғанымды сол кезде ғана біл­дім, – дейді Қасым Қанатұлы.

Қасым жүлдегер атанғанына алғашында сенбеген. Төреші екін­ші орын деп жазылып тұрған дипломды көрсеткенде ғана иланыпты. Сол кездегі қуаны­шын сөзбен жеткізіп айту мүмкін емес. Бұл байқауға қатыс­қан қазақстандықтардың 60 па­йызына арнайы марапат бұйыр­ған екен.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлы “Адам қолымен жасалған жұ­мыстың бәрі – өнер” депті бір тәмсілінде. Демек шаш алу­дың өзін өнер деуге толық негіз бар. Оны нан табудың бір жолы ғана емес, жауапкершілік пен шеберлікті қажет ететін, кез келген адамның тілін таба алар­лық көркем мінез иесінің ғана қо­лынан келетін күрделі жұмыс­тардың бірі ретінде бағалауымыз керек.

“Бұл сала күн сайын дамып келеді. Бір өкініштісі, шаш қиюға арналған құрал-саймандар шетелдерде өндіріледі. Біз оларды қымбатқа сатып ала­мыз. Шаш қалың, жұқа, сынғыш, тік сияқты бірнеше түрге бөлі­неді. Олардың әрқайсысының та­биғатына сай қайшылар қолда­нылады. Қазіргі жастардың дені заманауи, күрделі шаш үлгісін таңдап жатады. Клиенттеріміз­дің көңілінен шығу үшін сабын­дар мен өзге де қатырғыш сұйықтықтардың сапалысын таңдаған­ды жөн көреміз”, – дейді кейіп­керіміз.

Қасым бұл кәсіпті анасының жол көрсетуі бойынша таңдапты. Анасы – әйелдердің шаш үлгісін жасаумен айналысқан, ұзақ жыл­дық тәжірибесі бар маман. Алғашында шаштаразға келушілер пайдаланған орамал­дар­ды жуыпкептірумен айна­лысқан Қасым уақыт өте келе өзінің жеке кәсібін ашуға бел бай­лайды. Өзі негізін қалаған шаштаразға “Барбершоп Қасым” деген атау беріпті. Ол бүгінде 6-7 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шаштараздың іші мұнтаздай тап-таза. Клиенттерге барлық жағ­дай жасалған. Теледидар кө­ріп отыруға арналған орындықтар, шаш күтіміне арналған заттар қойылған сөрелер – бәрі кө­здің жауын алады. Қазақ тіліндегі ән-күйдің ырғағы жаныңды баурайды.

Мұнда шаштарын қидырып, әдемілеп, сәндендіру үшін алдын ала жазылып, кезекке тұра­тын ерлердің арасында алтын уа­қытын қиып, қаланың екінші шеті­нен келетіндердің, тіпті аудандардан ат арытып арнайы же­тетіндердің бар екенін естігенде шаштараздың ше­берлігіне тәнті болмасқа ама­лың қалмайды. “Біз ерлердің ғана шашын алумен ай­налысамыз. Тұрақты клиенттері­міздің қатары көбеюде. Қызметкерлерден жауапкершілік пен ше­берлік, ізденіс талап етіледі. Түрлі курстар мен тре­нингтерге қатысудың пайдасы ұшан-теңіз екенін айтудан жа­лықпай­мын”, – дейді Қасым Қа­натұлы.

Ол алдағы уақытта өзінің кә­сі­бін ары қарай дамытып, қала­ның бірнеше жерінен шаш қиятын орталық ашуды көздеп отыр.

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp