Біз өмір сүріп жатқан қоғам бір орында тұрған жоқ, адамзат баласының қажеттілігіне сай үздіксіз өзгеріп, жаңарып, түрленіп отырады. Адамдардың киім кию, тамақтану мәдениеті де сол өзгерістерге бейімделіп, жаңаша сипат алуда. Өзгесін айтпағанда бір ғана тазалық, яғни адамның өзін-өзі, сырт келбетін күтуі, шаш қою үлгісінің сан тараулы түрі бар.
Қасым Амангелдин 2019 жылдан бері ерлердің шашын алумен айналысып келеді. Ол жуырда Түркияда өткен әлемдік шаштараздар арасындағы сайыста екінші орын иегері атанды. Шаштараз бұл жеңіске оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Байқауға әлемнің 20 мемлекетінен өз ісінің шеберлері қатысыпты.
– Біз, ең алдымен Алматы қаласында өткен іріктеу турында бағымызды сынадық. Онда еліміздің әр бұрышынан келген шаштараздар төбе көрсетті. Солардың арасынан суырылып шыққан жетеуіміз Түркиядағы сайысқа жолдама алдық. Шыны керек, онда жүлдегер атанамын деп ойлаған емеспін. Бар ойым мықты шаштараздардан тәжірибе жинау болатын. Өзіме берілген тапсырманы орындап болғаннан кейін сыртқа шығып кеттім. Бір кезде мені қасымдағылар шақырып алды. Өзімнің екінші орын алғанымды сол кезде ғана білдім, – дейді Қасым Қанатұлы.
Қасым жүлдегер атанғанына алғашында сенбеген. Төреші екінші орын деп жазылып тұрған дипломды көрсеткенде ғана иланыпты. Сол кездегі қуанышын сөзбен жеткізіп айту мүмкін емес. Бұл байқауға қатысқан қазақстандықтардың 60 пайызына арнайы марапат бұйырған екен.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Адам қолымен жасалған жұмыстың бәрі – өнер” депті бір тәмсілінде. Демек шаш алудың өзін өнер деуге толық негіз бар. Оны нан табудың бір жолы ғана емес, жауапкершілік пен шеберлікті қажет ететін, кез келген адамның тілін таба аларлық көркем мінез иесінің ғана қолынан келетін күрделі жұмыстардың бірі ретінде бағалауымыз керек.
“Бұл сала күн сайын дамып келеді. Бір өкініштісі, шаш қиюға арналған құрал-саймандар шетелдерде өндіріледі. Біз оларды қымбатқа сатып аламыз. Шаш қалың, жұқа, сынғыш, тік сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Олардың әрқайсысының табиғатына сай қайшылар қолданылады. Қазіргі жастардың дені заманауи, күрделі шаш үлгісін таңдап жатады. Клиенттеріміздің көңілінен шығу үшін сабындар мен өзге де қатырғыш сұйықтықтардың сапалысын таңдағанды жөн көреміз”, – дейді кейіпкеріміз.
Қасым бұл кәсіпті анасының жол көрсетуі бойынша таңдапты. Анасы – әйелдердің шаш үлгісін жасаумен айналысқан, ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман. Алғашында шаштаразға келушілер пайдаланған орамалдарды жуыпкептірумен айналысқан Қасым уақыт өте келе өзінің жеке кәсібін ашуға бел байлайды. Өзі негізін қалаған шаштаразға “Барбершоп Қасым” деген атау беріпті. Ол бүгінде 6-7 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шаштараздың іші мұнтаздай тап-таза. Клиенттерге барлық жағдай жасалған. Теледидар көріп отыруға арналған орындықтар, шаш күтіміне арналған заттар қойылған сөрелер – бәрі көздің жауын алады. Қазақ тіліндегі ән-күйдің ырғағы жаныңды баурайды.
Мұнда шаштарын қидырып, әдемілеп, сәндендіру үшін алдын ала жазылып, кезекке тұратын ерлердің арасында алтын уақытын қиып, қаланың екінші шетінен келетіндердің, тіпті аудандардан ат арытып арнайы жететіндердің бар екенін естігенде шаштараздың шеберлігіне тәнті болмасқа амалың қалмайды. “Біз ерлердің ғана шашын алумен айналысамыз. Тұрақты клиенттеріміздің қатары көбеюде. Қызметкерлерден жауапкершілік пен шеберлік, ізденіс талап етіледі. Түрлі курстар мен тренингтерге қатысудың пайдасы ұшан-теңіз екенін айтудан жалықпаймын”, – дейді Қасым Қанатұлы.
Ол алдағы уақытта өзінің кәсібін ары қарай дамытып, қаланың бірнеше жерінен шаш қиятын орталық ашуды көздеп отыр.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.