Мемлекеттік рәміздер Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстан Республикасының дербестігі мен Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандылығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Ел азаматтарының патриотизмінің көрінісі, бүкіл қоғамды біріктіретін фактор, кез келген ұлт пен мемлекеттің болмысын қалыптастырудың құрамдас бөлігі.
“Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Бүгінгі таңда өңірімзде 1519 мемлекеттік орган мен ұйым бар. Онда 2064 Мемлекеттік Ту, 1899 Мемлекеттік Елтаңба және мемлекеттік рәміздер бейнеленген 1405 стенд орналастырылған.
Өскелең ұрпақтың мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Барлық мектепке дейінгі мекемелер мен білім ордаларында мемлекеттік рәміздер бұрыштары орнатылып, Әнұран орындалады.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен колледждерде Мемлекеттік рәміздердің құрылу тарихы және олардың мемлекеттің қалыптасуындағы маңызы туралы дәрістер, мәдениет ұйымдарында көрмелер мен таныстырылымдар, мұражай сабақтары мен ақпараттық сағаттар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Мектеп оқушылары арасында Мемлекеттік рәміздерді насихаттау үшін зияткерлік сипаттағы сыныптан тыс іс-шаралар өткізіледі. Мәселен, “Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш”, “Қазақстан Республикасының рәміздері – менің мақтанышым”, “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері”, “Әнұранның пайда болу тарихы” сынып сағаттары, “Мемлекеттік рәміздер туралы не білеміз”, “Ту, Елтаңба, Әнұран – болашақ әлеміміздің рәміздері” викториналары, конкурстар, “Ашықтық, бейбітшілік және үміт рәміздері” блиц-турнирлер, “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері”, “Әнұранның пайда болу тарихы” мемлекеттіліктің геральдикасы мен атрибуттарын білу, “Тәуелсіздіктің рәміздері” атты тақырыптық іс-шаралар, викториналар, патриоттық әндер конкурстары, спорттық жарыстар өткізіліп тұрады.
Ал мектепке дейінгі мекемелерде бүлдіршіндерде Мемлекеттік рәміздер туралы түсінік қалыптастыру үшін тақырыптық сабақтар, “Менің Қазақстаным!” марафондары, ойындар ұйымдастырылады.
Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның отырыстарында Мемлекеттік рәміздерді қолдану және дәріптеу мақсатында оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу жөніндегі білім беру мекемелерінің, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет ұйымдарының мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану бойынша атқарып жатқан жұмыстары тұрақты түрде қаралады.
Облыста мемлекеттік рәміздер саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, яғни, Ту конструкцияларын дұрыс орналастыру, стандартқа сәйкес келмейтіндерді ауыстыру, тәуліктің түнгі уақытында Мемлекеттік рәміздерді жарықтандыру мәселесі қатаң бақылауда.
Облыс және аудан орталықтарының аумағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдаланудың (орнатудың, орналастырудың) дұрыстығына көзбен шолып мониторинг жүргізіліп отырады. Сәйкессіздік анықталған жағдайда (түсі оңған, жыртылған, дұрыс ілінбеген) мемлекеттік орган кемшілікті жедел жою үшін дереу хабардар етіледі.
Жыл сайын облыстық техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің, ішкі саясат басқармасының, оның аудандық бөлімдерінің мамандарынан құралған мониторингтік топ мемлекеттік органдар мен мекемелердің ғимараттарында Мемлекеттік рәміздердің қолданылуына және орналастырылуына мониторинг жүргізеді.
Жиі кездесетін кемшілік – ауа райына және басқа факторларға байланысты тиісті эстетикалық келбетін жоғалтқан Мемлекеттік рәміздерді уақытылы жаңартпау. Барлық анықталған олқылықтар дер кезінде жойылады.
Үстіміздегі жылы облыста Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу шеңберінде түрлі форматтағы іс-шаралар кешені жоспарлануда. Өңір жанашырларын, оның ішінде су тасқыны кезінде көмектескен еріктілерді марапаттау, этномәдени объектілер белсенділерінің жеңіл-атлетикалық жүгірісі, “Таза Қазақстан” экомарафоны, “Мен өз елімді мақтан тұтамын, оның рәміздерін құрметтеймін!” челленджі сынды шаралар ұйымдастырылып отыр. Қаланы көрнекі түрде безендіру мақсатында Петропавл қаласының әкімдігі облыс орталығының тұрғын үйлері мен көшелерін жалаулармен ресімдейді.
Осындай шаралар жыл сайын ұйымдастырылады. Өткен жылдары да ерекше шаралар өткенін баса айтқым келеді. Мәселен, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу шеңберінде Петропавл қаласының орталық алаңында Мемлекеттік Әнұраннның сүйемелдеуімен “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері” архитектуралық композициясында орнатылған облыстың ең үлкен, биіктігі 42 метр болатын Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.
Жастар арасында да Мемлекеттік рәміздер туралы білімді насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, “Instagram” әлеуметтік желісінде Петропавл қаласының Жастар ресурстық орталығы онлайн-викторина ұйымдастырады. Оған Мемлекеттік рәміздердің құрылу тарихы, Ту, Әнұран, Елтаңба туралы сұрақтар енгізілген. Викторинаға 100-ден астам адам қатысты. Мектеп жанындағы алаңдарда Мемлекеттік Әнұран орындалды.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған ақпараттық жұмыс аясында өңірлік баспасөз құралдарында арнайы айдарлар ашылып, ел тарихындағы Мемлекеттік рәміздердің рөлі, олардың семантикалық және функционалдық маңызы туралы телесюжеттер шығарылды. Мәселен, осыған дейін баспасөз беттерінде 28 мақала, 12 сюжет және әлеуметтік желілердегі 30 жарияланым жарық көрді.
Облыста мемлекеттік рәміздерге қатысты заңнама нормаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда (Ту конструкцияларын дұрыс орналастыру, стандартқа сәйкес келмейтін Тулар мен Елтаңбаларды ауыстыру, тәуліктің түнгі уақытында мемлекеттік рәміздерді жарықтандыру және тағы басқа жұмыстар).
Алдағы уақытта да Мемлекеттік рәміздерді тиісінше қолдану және дәріптеу, тиісті заңнама нормаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Бағдат МҰҚАНОВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы.