І. ƏДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МƏНІ НЕДЕ?
Ішкі саясат саласында ақпарат ағыны əрдайым жылдам алмасып отырады. Белгілі бір кезеңде саяси реформалар, сайлаулар мен кадрлық ауыс-түйістер ел назарында болды. Содан соң отбасылық зорлық-зомбылық, қарғын сумен күрес мəселесі күн тəртібіне шықты. Дегенмен билік құрылымдары түгелдей күнделікті мəселелермен айналысып жатқанына қарамастан, мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарына сəйкес ілгерілеу үшін жүйелі жұмыс жалғасып келеді.
Дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берді. “Əділдік” деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал “Əділетті Қазақстан” деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды. “Əділетті Қазақстан” – бір жағынан мемлекеттік идеологияның өзегі əрі мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты. Сонымен бірге бұл – қоғам санасына орныққан бола шақтың бет-бейнесі.
Шын мəнінде, “Əділетті Қазақстан” идеясы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап əділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мəн берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: “Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, Əділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек”, – деген еді. Одан кейін 2019 жəне 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы “Əділдік” ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді.
Əділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды. Əділдік идеясы қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни “Əділетті Қазақстан” ұлтты ұйыстыратын идеяға айналды. Осы орайда, “əділдік” жəне “əділетті мемлекет” деген терминдердің мəн-мағынасын нақтылай кеткен жөн.
Əділдік дегеніміз – бəрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Əділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бəріне бірдей бөлу деген сөз. “Əділдік” ұғымын дəл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр. Соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы əділдік идеясына орай қабылданып келеді. Мысалы, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге жəне оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар жəне өсімдіктер əлеміне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата Заңымызда бекітілді.
Бұл қағидат іс жүзінде “Ұлттық қор – балаларға” атты бағдарлама арқылы жүзеге асырылды. Соған сəйкес бұдан былай Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балаларға арналған жинақтаушы есепшоттарға тең бөліп аударылады. Сондай-ақ əділдік қағидатының нақты жүзеге асырылып жатқанына мысал ретінде кезінде заңсыз алынған, жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асатын активтердің елге қайтарылғанын, пайдаланылмай келген 5 миллион гектардан астам жердің мемлекет меншігіне өткенін, сонымен бірге “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының құрылғаны мен “Самұрық-Қазына” қорының таза табысының кемінде 7 пайызы жыл сайын осы қордың есепшотына аударыла бастағанын атап өтуге болады.
Шын мəнінде, Əділетті Қазақстан – бəзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Əділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық жəне əлеуметтік-мəдени салаларда жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың бəрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге арналған. Президенттің елімізді түбегейлі жəне жан-жақты жаңғыртуға қатысты байыптамасының түпкі мəні осында жатыр.
ІІ. ЖАҢА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰҒЫРНАМА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері дəйекті түрде жүргізіп келе жатқан, идеологиялық сипаты “Əділетті Қазақстан” тұжырымдамасында көрініс тапқан саясаты басты бес тұжырымға негізделген. Президент оның əрқайсысын əртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келеді. “Əртүрлі пікір – біртұтас ұлт” атты алғашқы тұжырым “Əділдік жəне Əділетті Қазақстан дегеніміз не?” – деген сауалға жауап береді.
Бұл жерде əңгіменің түйіні тең құқылы, сындарлы талқылау арқылы бəріне ортақ байлам жасап, шешім қабылдау қажет деген пайымға келіп тіреледі. Əділетті Қазақстанды құру жолында теңқұқылық қағидаты өте маңызды. Осы қағидат берік орнықса, азаматтардың бəрі өзінің жеке əлеуетін жүзеге асыру үшін əлеуметтік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болады.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” атты екінші тұжырым “əділдік ҚАЛАЙ орнайды?” – деген сауалға “елжұртпен тығыз байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады” деп жауап беруге негізделген. Дегенмен “халық үніне құлақ асатын мемлекет” ұғымы азаматтардың күнделікті түйткілдерін шұғыл əрі тиімді шешуді ғана меңземейді. Сонымен қатар бұл тұжырымдама елімізді дамытуға қатысты басты мəселелер бойынша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты əрі ортақ шешім қабылданатынын аңғартады. “Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің” жарқын мысалы ретінде Конституцияға өзгерістер енгізу үшін өткізілген референдумды айтуға болады.
Үшінші тұжырым – “Заң жəне тəртіп” əділдік орнатудың əдіс-тəсілдерін айқындайды, яғни “Əділдікті қандай жолмен орнатамыз?” – деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда əділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бəрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, əсіресе, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты оқиғалардан айқын көрінеді. Қылмыс жасаған адамның лайықты жазалануы – əділ сот төрелігі қағидатының көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне жəне тұтас мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Бұл ретте мына жайтты түсініп алған жөн. Заңдылық пен құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана міндеті емес. “Заң жəне тəртіп” қағидатының қоғамда орнығуына барлық азамат ұдайы атсалысуға тиіс.
Төртінші тұжырым – “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” Əділетті Қазақстанның институционалдық ауқымын айқындайды, яғни “Əділетті Қазақстан” қандай болуы керек?” – деген сұраққа жауап береді. 2019-2021 жылдардағы саяси реформалардың төрт топтамасы жəне 2022 жылғы саяси жаңғыру бағдарламасы осы тұжырымды нақты жүзеге асыруға арналды. Соның нəтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік жүйесі бар мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық үлгісі қалыптасты.
Бесінші тұжырым – “Адал азамат” ұғымы “Əділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?” – деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын жəне азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Мемлекет басшысы: “Адал азамат” – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін жəне табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен əділдікті бəрінен биік қоятын адам” деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мəселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дəріптеу деген сөз.
Жалпы Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елімізді одан əрі жан-жақты жаңғыртуға қатысы бар салалардың бəріне тың серпін береді.
III. ӨТКЕНГЕ ОРАЛМАЙТЫН ӨЗГЕРІСТЕР
Кейде “Реформалар нəтижесі қайда, уəде етілген өзгерістер қайда? Жаңа Қазақстанның түрі осы ма?” деген пікірлер айтылып қалады.
Біріншіден, өзгерістер əп-сəтте жасала қоймайды. Реформаларды жүзеге асыру үшін орасан зор күш-жігер, қисапсыз уақыт қажет. Мəселенің мəн-жайын білмейтін адамға бұл үдеріс тым ұзаққа созылып бара жатқан секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен өзгерістер бар. Кез келген реформа – қажырлы еңбекті талап ететін аса күрделі жұмыс. Кім не десе о десін, Қазақстан реформалар жолымен сенімді қадам басып келеді.
Екіншіден, біздің елімізде соңғы бес жылда кішігірім өзгерістер емес, керісінше, көптеген салада түбегейлі əрі жүйелі бетбұрыс жасалды. Егер тереңірек ойланып көрсеңіз, небəрі үш жылдың ішінде бүкіл саяси жүйенің құрылымы қайта жасақталғанын аңғарасыз. 2019-2021 жылдардағы саяси реформалар 2022 жылғы конституциялық реформаға ұласып, соның нəтижесінде еліміздегі мемлекеттік институттардың мəртебесі мен рөлі едəуір артты. Конституциялық сот жұмыс істей бастады. Президенттің құзырына кіретін мəселелер азайып, керісінше, Парламенттің құзыреті кеңейді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді, саяси партияларды тіркеу рəсімі жеңілдеді. Тұңғыш рет ауыл əкімдері тікелей сайланатын болды. 2021-2023 жылдардағы сайлау қорытындысында ауыл əкімдерінің үштен екісі жаңарды. Былтыр алғаш рет аудан жəне облыстық маңызы бар қала əкімдерін сайлап көрдік. Мұндай сайлаулар 2025 жылдан бастап тұрақты өткізілетін болады. Бұл аз десеңіз, реформалар Қазақстанға ғана емес, айналамыздағы ауқымды геосаяси кеңістікке де жаңашылдық əкеліп, осы аймақтағы елдер үшін жаңа үрдісті бастап берді.
Үшіншіден, саяси реформалармен қатар экономикалық жəне əлеуметтік-гуманитарлық салаларда да маңызды өзгерістер жасалып жатыр. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін бағалы бастамалар мен нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Жүйелі əрі кешенді жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артты. Бұл 1,8 миллион адамның табысына тікелей əсер етті. Ұстаздар мен дəрігерлердің, сондай-ақ ғалымдардың жалақысы көбейіп, оларды əлеуметтік тұрғыдан қорғау шаралары күшейді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жұртқа тұрғын үй жағдайы мен денсаулығын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік берілді. Бұл мүмкіндікті миллионға жуық азамат пайдаланып үлгерді. “Жайлы мектеп”, “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” секілді ауқымды ұлттық инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында барлық аймақта жүздеген мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салына бастады.
Дегенмен ең бастысы – реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржола өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өсіп, азаматтық белсенділігі артып келеді, тұрғындар елдік мəселелерге еркін араласатын болды, жұрттың бір-біріне деген жанашырлығы нығая түсті, қоғамдық пікір саяси өмірге едəуір ықпал ете бастады. Саяси мəдениетке қатысты бұл өзгерістерді кері қайтару еш мүмкін емес. Осылайша елімізде түбегейлі өзгерістер жасалды, жаңарулар əлі де жалғасып келеді. Жүзеге асырылып жатқан жан-жақты реформалар енді тоқтамайды.
IV. ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ ЭТИКА
Қоғам санасындағы жəне жұрттың мінез-құлқындағы əбден ескірген қасаң түсініктер мен ұғымдар келмеске кетпесе, саясат пен экономикадағы ауқымды реформалар еш нəтиже бермейді. Ескішілдік пен өркениетті даму жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайды. Мысалы, 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мəжіліс жəне мəслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бəсеке түріндегі саяси күреске куə бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа жол берілді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де əрекет жасады. Жаңа саяси мəдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, əділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық.
Сондықтан Президент Атырауда сөйлеген сөзінде жалпыұлттық құндылықтарды нақты айқындап берді. Бұл:
– Тəуелсіздік жəне отаншылдық;
– Бірлік пен ынтымақ;
– Əділдік жəне жауапкершілік;
– Заң мен тəртіп;
– Еңбекқорлық жəне кəсіби біліктілік;
– Жасампаздық пен жаңашылдық.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бір тұжырымдамаға біріктіріп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесін жасады. Сондықтан осы идеологиялық-гуманитарлық тұғырнама ішкі саясаттағы білім мен тəрбие беру, мəдени-ағарту жұмыстарының басты бағытына айналуы керек. Ұлттық құрылтайдағы бастамаларды жүзеге асыру үшін 40 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Осы құжаттың аясында жыл соңына дейін 9 заң қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның үшеуін Парламент мақұлдап, Президент қол қойды. Жақында “Заңсыз ойын бизнесіне жəне лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар” бекітіледі.
Сондай-ақ басқа да тұжырымдамалық құжаттар əзірлеп, нақты жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру қарастырылған. Жалпыұлттық құндылықтарды əдістемелік тұрғыда негіздей отырып, жан-жақты дəріптеудің əдеттегі жалаң үгіт-насихаттан айырмашылығы – бұл тəсіл бірден нəтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда əлдеқайда тиімді. Жаңа құндылықтар жүйесі əр азаматтың мінез-құлқы мен күнделікті іс-əрекеті арқылы қалыптасуы керек.
Сол себепті, билік “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына баса мəн беріп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы жалпыұлттық науқанның маңызы зор екенін ұдайы айтып жүргенін көпшілік байқаған да болар. Шын мəнінде, елді жаңғырту əркімнің өз үйін, ауласын, көшесін тазалау сияқты қарапайым шаруалардан, əр адамның өз мінез-құлқы мен мəдениетін өзгертуден басталады. Сонда жаңа қоғамдық этика қалыптастыру ісі қазір жүргізіліп жатқан реформалардың дəйекті түрде жүзеге асырылуына, сол арқылы Қазақстанның өркендеуіне қажетті негізгі алғышартқа айналады.
V. ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРТАЛАСТЫҢ REDLINE-Ы
Қоғамның ашықтығы, экономикалық реформалардың іске асуы, коммуникацияның жаңа түрлерінің қарқынды дамуы сияқты нақты себептерге байланысты сол қоғамның құрылымы үнемі өзгеріп отырады. Қоғамдық-саяси кеңістік кеңейіп, күрделене түседі, яғни жаңа страталар, əлеуметтік топтар мен субмəдениеттер, сан алуан саяси жəне идеологиялық көзқарастар пайда болады.
Қазір біздің қоғамда саяси ұстанымы əртүрлі азаматтар, атап айтқанда, либералдар, социалистер, консерваторлар, оңшылдар, солшылдар жəне центристер бар. Олар түрлі саяси идеалға жəне құндылықтарға сенеді. Осы орайда біз пікір алуандығын дамыта отырып, ең алдымен, жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мəн беруіміз қажет. Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын əрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн.
Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір əсіребелсенділер, кейде тіпті іс-əрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді. Қазақта “ала жіпті аттамау” деген ұғым бар. Біздің саясатта да мұны берік ұстану керек. Яғни елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын шек, яғни “Redline” нақты белгіленуге тиіс. Бұл дегеніміз – қандай да бір тақырыпты талқылауға тыйым салу немесе цензура жасау емес. Бұл – саяси пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру. Ел алдында жүрген азаматтар, яғни қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, блогерлер, азаматтық сектордың өкілдері берекелі бірлігімізге сызат түспесін десе:
– этносаралық қатынастарға жəне тіл мəселесіне;
– дін саласына;
– сыртқы саясатқа қатысты ахуалды ушықтырмауға баса мəн беруі қажет.
Біздің қоғам бұл мəселелерге қатысты жанжал туғызатын сөз таратуға, ашу-ызаға толы мəлімдеме жасауға болмайтынын жақсы түсінеді. Бұл турасында білікті мамандар мен сарапшылар ғана кəсіби тұрғыдан пікір таластыра алады. Мемлекет елдің ынтымағын бұзып, шаңырағын шайқалтқысы келетін кез келген əрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды. “Шектен шығуға жол жоқ” деген қағида əрдайым басшылыққа алынады.
Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қолдаймыз, алайда ксенофобия мен əсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қарсымыз. Барша адамдар, əсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамастан, жалпыұлттық мүддені, мемлекеттілікті сақтау жəне нығайту мəселесін бəрінен биік қоюға тиіс.
VI. БИЛІК ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДИАЛОГІ
Ел бірлігін, татулық пен бейбітшілікті, этносаралық жəне дінаралық келісімді сақтау арқылы тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі басымдық болып қала береді. Осы саладағы жұмыс халықты ортақ мақсатқа ұйыстыру жəне ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үнемі тың əдіс-тəсілдер, тетіктер мен формалар ойластыруды талап етеді. “Ішкі саясат – саяси технологиялардың жиынтығы əрі жалаң үгіт-насихат” деген түсінік ел ішінде кең таралған.
Бұл – шындыққа еш жанаспайтын жаңсақ пікір. Мұның бəрі – саясаттың қосалқы құралы ғана. Ешқандай саяси технология халыққа етене жақындық пен ел-жұртпен қоян-қолтық жұмыстың орнын толтыра алмайды. Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз, яғни адамдармен ашық əңгімелесіп, тұрақты диалог орнату қажет.
Сонымен бірге, ысқырығы жер жаратын бəзбіреулерді көпшіліктің сөзін сөйлеп жүрген адам деп түсіну əбестік. Мұндай қателікке ұрынуға жол жоқ. Сондықтан диалогтің сындарлы, мазмұнды əрі мағыналы болғаны жөн. Ендеше, қазіргі таңда мемлекеттік аппарат үшін барлық əлеуметтік топтармен жəне азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей қарым-қатынаста болу – ең маңызды мəселенің бірі.
VII. МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТТЫҢ ЖАҢАША ШЫҢДАЛУЫ
Қазір мемлекеттік қызметшілердің мүлде жаңа ахуалда жұмыс істеуіне тура келіп отыр. Бір жағынан, мемлекет олардың біліктілігіне, моральдық ұстанымы мен мінез-құлқына, тіпті процессуалдық-нормативтік міндеттеріне қатысты талаптарды күшейтіп жатыр.
Екінші жағынан, халықтың да сұранысы арта түсті. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады. Түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшіліктің алдына жиі шығатын болды. Соның нəтижесінде мемлекеттік аппараттың жұмыс тəсілі өзгеріп, билік құрылымдары барынша ашық, ал шешім қабылдау үдерісі жариялы əрі тиімді бола түсті. Бұл, əсіресе таяуда болған алапат тасқын кезінде анық байқалды. Төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтері, жергілікті əкімдіктер күндіз-түні жұмыс істеді.
Мемлекет басшысы жəне Үкімет деңгейінде бірнеше шұғыл жиналыс өтті. Президент жағдайды бақылауда ұстау үшін қарғын судан ең қатты зардап шеккен аймақтарға арнайы барды. Жалпы Мемлекет басшысының осындай төтенше жағдайлар кезінде қиындыққа тап болған отандастарымызбен үнемі кездесіп, сын сағатта оларға қолдау көрсетуге тырысатынын атап өткен жөн. Мемлекеттің ең басты міндеті – адам өмірін сақтау жəне қиын жағдайға ұшыраған азаматтарды құтқару. Сондықтан ең алдымен, барлық күш халықты қауіпсіз жерге көшіруге жұмылдырылды. Нəтижесінде, алапат тасқын кезінде құтқарушылар 119 мыңнан астам адамды, соның ішінде 44 мыңнан астам баланы эвакуациялады. Төтенше жағдай болған кезде билік барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, қиын сəтте жедел əрі нақты шешім қабылдай алатынын тағы бір мəрте көрсетті.
Мемлекеттің басқа да көптеген міндеті бар. Билік құрылымдары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, елді мекендерді абаттандыруға дейінгі сан түрлі мəселемен қатар айналысып, күнделікті міндеттерінің бəрін үздіксіз атқара береді. Мемлекеттік аппарат қоғамның барлық саласындағы өзекті мəселелерді шешумен де, ауқымды реформаларды жүзеге асырумен де қат-қабат айналысу арқылы жаңа жағдайда жұмыс істеп, мол тəжірибе жинақтап жатыр. Бұл тəжірибе Мемлекет басшысы айқындап берген, елімізді жан-жақты жаңғыртуға қатысты міндеттерді табысты орындауға септігін тигізері сөзсіз.
VIII. ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ
Еліміз Тəуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеп, мемлекеттік институттары мен заңнамалық базасын қалыптастырғаннан кейін ұлттың саяси миссиясы аяқталды деп санайтындар бар. Бұл – түбірімен жаңсақ пікір. Алдымызда қастерлі тəуелсіздігімізді қорғау, мемлекетімізді дамытып, оны қуатты елге айналдыру, сондай-ақ халықтың əл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер тұр. Бірегейлігімізді жəне өзіндік өмір салтымызды сақтау – ішкі саясатымыздың күн тəртібінде тұрған басты міндет.
Бұл – бізді басқа елдерден, басқа халықтар мен басқа мəдениеттерден ерекшелеп тұратын құндылықтар, яғни жұртымыздың тамыры терең шежіресі, көпұлтты, көптілді сипаты, діни толеранттылығы жəне мəдениетіміздің əр алуандығы, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз, өзара қолдау көрсетуіміз жəне ырысты ынтымағымыз. Осының бəрі тұтаса келгенде, Қазақстанның өмір салтын танытады. Бір сөзбен айтсақ, біз озық ойлы ұлт ретінде əрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дəйекті əрі табанды түрде қорғауымыз керек. Біз сырттан келетін арандатушыларға ілесіп, жат ақпарат пен идеологияның жетегінде кетпегеніміз жөн. Ішкі саясатта тек өзіміздің күн тəртібімізді басшылыққа алуымыз қажет. Бұл – біреуге немесе бірдеңеге қарсылықтың емес, керісінше, игілік пен ырыстың жолы. Біздің ішкі күн тəртібіміз жасампаздыққа негізделген, ол жаңа қоғам құруды, жан-жақты жаңғыруды жəне реформалар жүргізу мақсатын көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өз ұстанымдарын жəне ұлттық мүддесін бəрінен биік қоюы қажеттігін бірнеше мəрте атап өтті. Мəселен, жуырда Сингапурға сапары кезінде арнайы дəріс оқып, біздің бүкіл əлеммен өзара ынтымақтастық орнатуға ашық екенімізді, бірақ Қазақстанның заңды құқықтары мен мүддесін қорғауға келгенде ешқашан қарап қалмайтынымызды қадап айтты. Президент еліміздің бейтарап ұстанымы қақтығыс пен мəжбүрлеуді емес, дипломатия мен диалогті жақтайтын саналы таңдау екенін атап өтті.
Қазақстан ішкі жəне сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең əуелі, ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге əсте болмайды. Көпвекторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай əрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады. Қазақстан көпвекторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, əсіресе жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын жəне орасан зор күш-жігерді талап етеді.
Осындай саясат жүргізу оңай емес екені анық. Бірақ геосаяси орнымызды ескерсек жəне еліміздің мүддесін ойласақ, бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан қазіргідей қиын кезде ұлттық мүддемізді қорғап, өз ұстанымдарымызды сақтау үшін ел бірлігін жəне қоғамның тұтастығын нығайта түсу айрықша маңызды.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік кеңесшісі.