Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекетіміздің мызғымас іргетасы, Тәуелсіздігіміздің басты нышандары. Ал оны құрметтеу – отансүйгіштіктің белгісі.
Өңірімізде атаулы мереке күні су тасқынымен күрескен солтүстікқазақстандықтар марапатталды. Қарапайым тұрғындардың су тасқынына қарсы күреске белсене қатысуы – отансүйгіштік пен азаматтық ұстанымның жарқын мысалы.
“Солтүстікқазақстандықтар бірігіп, табиғи апатпен күресте шынайы патриоттық пен қаһармандық танытты. Мереке күні баршаңызға береке мен бірлік тілеймін. Еліміз гүлденіп, көк Туымыз желбірей берсін”, – деді құттықтау сөзінде Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі төтенше жағдайда елжандылық танытқан 40 солтүстікқазақстандықты Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында еріктілер, кәсіпкерлер, журналистер, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес және бюджеттік ұйымдардың өкілдері, блогерлер, спортшылар және тағы басқалар бар.
Марапатталғандардың бірі – Қызылжар ауданындағы жеке кәсіпкер Арыстан Сұлтанғазиев. Оның “Сұлтан” жеке кәсіпкерлігінің жанында наубайхана бар. Кәсіпкер су тасқынының зардаптарын жоюға қатысқан еріктілер, сарбаздар, аудан тұрғындары үшін нан-тоқаш өнімдерін жеткізді.
Ал “Қызыл жарты Ай” қоғамының облыстық филиалы су тасқынынан зардап шеккендерге ыстық тамақ, киім-кешек, қажетті заттар таратты. Облыс орталығындағы №13 орта мектептің оқушысы Тамир Райымбеков алғашқылардың бірі болып Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының волентерлер жасағының құрамына кірді. Күн сайын зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмекті түсіруге және жеткізуге қатысты.
– Мен төтенше жағдай кезінде шын көңіліммен зардап шеккендерге, еліме көмектескім келді. Мұндай жағдайда біреу істейді деп қарап тұруға болмайтынын түсіндім. Біз Мичурино ауылына барып, екі апта бойы бөгет тұрғыздық. Тынымсыз еңбек етіп жатқандарға тамақ, киім-кешек апарып, керек-жарақты тараттық, – деді Тамир Райымбеков.
Құрметке бөленгендердің қатарында “GERA” авторлық агенттігінің коммерциялық директоры Юлия Родионова да бар. Ол қиын-қыстау шақта еріктілердің қатарын толықтырып, гуманитарлық көмекті қабылдау, бөлу және жеткізу ісінде үздіктердің бірі болды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.