Жыл сайын энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттары беріледі. Құжат кәсіпорындардың қауырт маусымға дайын екендігін растайды. Өтінімдер тамыздың 15-сі мен қыркүйектің 30-ы аралығында қабылданады. Оны “Электрондық үкімет” арқылы тапсыру қажет. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш және ұйымның дайындық актісі сынды бірқатар құжаттар ұсынуы тиіс. Егер энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар әзірлік паспортын алмаса, оларға айыппұл салынады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
– Облыста мұндай құжатты алты кәсіпорын алады. Оның үшеуіне біз береміз. Субъектілердің жұмысын бағалайтын комиссия іске тамыздан кіріседі. Өткен жылы әзірлік паспортын барлығы алды. Кейбіреуіне ескерту жасалды, – деді Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаментінің басшысы Николай Борзилов.
Комиссия құрамына энергетикалық кәсіпорындардың лауазымды тұлғалары, жергілікті атқарушы, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органдарының өкілдері кіреді. Комиссияның құзыреттілігі мен ашықтығы үшін саяси партиялар, коммерциялық емес ұйымдар арасынан байқаушылар шақырылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.