Алаштан ән оздырған ерекше дарын иелерінің бірі – Мұхит Мералыұлы. Әнші шынында да қазақ өнерінің шеті, шегі жоқ терең де телегей мұхиты еді. Батыс өңірінде туып, бар қазақты үніне ұйытқан талант иесінің әндерінде кең тыныс байқалады. Бүгінде оның туындылары ел арасында кеңінен тараған.
Мұхит – жасынан ағайын-туысқа еркелеп, баршылық тұрмыс кешіп, өнерге ерте келген жан. Әншінің шын аты Мұханбеткерей. Ол 1841 жылы қазіргі Орал өңірінде дүниеге келген. Әкесі Мералы дәулетті адам болған. Мұхиттың әкеден бірге туған Жанша, Жүсіп, Жангерей есімді бауырлары да домбыра тартатын өнерлі адамдар болған. Алайда солардың ішінен тек Мұхит қаны осы жолды өмірлік мақсатына айналдырды. Әкесі оның билікке барғанын қалайды. Есейгесін өнерін қояр, қызметке бет бұрар деп ойлайды. Бірақ өнерлі жастың әнге деген құштарлығы арта түсіп, ол өз бетінше ел аралап, серілік құра бастайды. Бірде әкесі Мұхитты ауылнай еткен екен. Алайда қызметке құлықсыз жас мөрін басқа біреуге беріп, қолда бар малын келген мейманына сойып, сәнді киім алуға жұмсап, қорасында жалғыз сиыры қалыпты. Сондағы Мұхиттың шығарған өлеңі мынау екен:
Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр,
Болады баспағымен төртеу биыл.
Мұхиттың шаруамен жұмысы жоқ,
Елдегі ойын менен жиынға үйір.
Алғашында елге халық аузындағы, белгілі өнерпаздардың әнін айтып танылған дарын иесі кейін өзі де ән шығара бастайды. Ел аузында Мұхит айтты дейтін өлеңдер, әндер біршама сақталған. Солардың ішінде “Айнамкөз”, “Зәуреш” деген екі әннің орны ерекше. Мұның біріншісін өнерпаз Қобда жерінде кездескен Құралай сұлуға арнаса, екіншісін Зәуреш замандасының қазасына арнаған екен.
Мұхит Мералыұлы әндерін алғаш насихаттаушылардың бірі – Ғарифолла Құрманғалиев. Бүгін сөз болғалы отырған “Зәуреш” әні де тыңдарманға Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында танылған.
Сазгер ән арнаған Зәуреш өте зиялы адам болған. Петерборда оқу бітіріп, бірнеше тіл білген. Тіпті әкесі Медет істі болып, айдалайын деп тұрғанда патшаға кіріп, қайсарлығымен әкесін жазадан құтқарып қалған деген әңгімелер бар. Кезінде қазақтың лауазымды шенеуніктердің бәрін патша деп атай бергенін ескерсек, сірә, Зәуреш патшаның өзіне емес соған жақын басшылардың бірімен сөйлескен болуы шындыққа жақын. Ел арасында Медеттің 30 ұлы қайтыс болып, жалғыз үміті болып Зәуреш қалған дейтін дерек бар. Кейін Зәуреш Әлмұхамед Сейдалинге ұзатылады. Әлмұхамед Сейдалин – көрнекті Алаш қайраткері, 1904 жылы Петербург университетінің заң факультетін кейінгі уақытша үкімет басшысы А.Керенскиймен бірге тамамдаған, “Айқапқа” еңбектері жарияланған Жанша Сейдалиннің әкесі. Жанша Әлмұхамедтің екінші әйелінен туған.
Өкінішке қарай, ұлдарынан айрылған Медетке тағдыр жалғыз қызды да көп көреді. Зәуреш ұзатылғаннан кейін аурудан қайтыс болады. Оның хабары әкесіне жетеді. Зәурештің қазасына Мұхит Мералыұлы да барады. Бұған дейін Зәуреш жарының қызмет бабымен Ырғызда тұрып келген. Мұхит өзі жатқан Ақбақайдан Ырғызға дейін үш күн жүріп барыпты. Ақбақай – батыс өңірдегі көл атауы. Мұхиттың әкесі Мералы осы жерге ие болғанда бақайы ақ жылқы сойып, той жасаған екен. Содан әлгі жер Ақбақай атанып кетеді. Бір нұсқа бойынша әнші үш күн бойы марқұмды жоқтап жыр айтса, енді бір нұсқада “Зәуреш” шығармасы Медетке көңіл айту сияқты туған делінген. Әншінің бұл туындысын Зәурештің қабірінің басында зар еңіреп отырып айтқан дейтін деректер де бар. Не десек те, “Зәуреш” – ауыр қайғыдан туған аса зарлы ән. Тіпті кей зерттеушілер әнші қызын жоқтаған Медеттің зарына ән шығарып, содан “Зәуреш” халық арасына тарады дейді.
Алғашында “Зәуреш” көлемді туынды болған. Бізге бүгін оның 14 шумағы белгілі. Алайда Ғарифолла Құрманғалиев әннің бірнеше шумағын ғана алып, әуеніне де өзгеріс енгізген сияқты. Бүгінде біздің естіп жүргеніміз де сол нұсқа.
Зәуреш дүниеден озғаннан кейін Әлмұхамед тағы екі әйел алды. Ән кейіпкері туралы деректердің көбі негізінен осы екі әйелден тараған ұрпақтарының естеліктерінен алынды. Әлмұхамед қайтыс болған жарын қадір тұтып, кейін туған балаларына ол туралы айтып отырған. Өзге екі әйелінен тараған ұрпағы Зәурешті “үлкен шеше” деп айтады екен. Мұның бәрі оның өз ортасына қаншалықты қадірлі болғанын көрсетеді.
Бір өкініштісі бүгінде ардақты жанның қай жерде жерленгені белгісіз. Зәуреш дүниеден озғанда оның жұбайы қызмет бабымен Ырғызда тұрған екен. Алайда оны жұмыспен уақытша келген жерге жерледі дегенге көбі сенбейді. Тіпті Зәурешті өз өтінішімен Ырғыздан 600 шақырымдағы Орынбор маңына қойған дейтіндер де бар.
“Әннің толық мәтініндегі:
Құланның түзде көрдім шоқырағын.
Қайыңның жаста көрдім жапырағын.
Сен қалған отыз ұлдан жалғыз Зәуреш,
Бір уыс бұйырмады топырағың”, – деген өлең жолдары Зәурештің қаншалықты қадірлі адам болғанын, оның қазасы қаншалық ауыр тигенін көрсетеді.
“Рухың білген шығар келгенімді,
Оқыдым мінәжаттан білгенімді.
Басыңды мен келгенде көтермедің,
Жалғызым жаңа білдім өлгеніңді”, – деген сөздер жалғызынан айрылған әке қайғысын айғақтайды.
Бұл ретте Мұхиттың Зәурештің әкесінің сөзіне ән шығаруы да немесе әкенің мұңын өз сөзімен жырлап айтуы да мүмкін.
Заманында “Ән салып Мұхит бабам өтіпті-ау деп, Кейінгі ұрпақтары есіне алар” деген ақынның әндері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Оның шығармаларын алғашқылардың бірі болып А.Затаевич хатқа түсіріп, оның өнеріне “қазақтың баяны” деп баға берген. Әншінің ұрпақтары өз аталарының шығармаларын ұмытпай, үнемі айтып жүрген. Бұл туралы А.Жұбановтың “И.С.Бах композиторының бір жарым ғасырға созылған музыка әулеттері сияқты, Мұхиттың әулеттері де бәрі бірдей делік музыкаға қабілетті болып, міне осы кезге шейін аталарының мұраларын қатты ұстап келеді”, – деп жазады.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.