Облыс орталығында “Бір күн қалада” жобасы аясында көшпелі экскурсия бастау алды. Уәлиханов, Ақжар және Айыртау аудандарынан келген кішкентай қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралауға кірісті.
Балалардың күн тәртібі белгіленіп қойған. Олар орталық саябақтағы “Аттракциондар әлемінде” көңіл көтеріп болған соң облыстық тарихи-өлкетану музейіне, “Абылай хан резиденциясына” барып тарихтың тұңғиығына үңілді. Одан соң қаладағы кинотеатрға барып мультфильм көрсе, артынан “Нептун” аквапаркінде көңіл көтерді.
Жалпы “Бір күн қалада” – балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу үшін ұйымдастырылған бірегей жоба. Еліміз бойынша дәл осындай “Ұлы Дала кереметі” , “Jas galym”, “Гастро туризм”, “Қонақжай отбасы” сынды жобалар бастау алған.
Биыл еліміз бойынша барлығы 2,9 млн. бала жазғы демалысын 10 743 демалыс орталығында өткізеді. Оның 10 мыңы жыл бойы сауықтыру орталықтарында, 240 мыңы қала сыртындағы орталықтарда, 2,6 млн.-ы мектеп жанындағы және 75 мыңы шатырлы және киіз үй лагерьлерінде демалады.
Ал өңірде бүгінгі таңда 11 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Олардың тоғызы маусымның 10-ы күні балаларды қабылдаса, қалған екі сауықтыру мекемесі шілде айында есігін айқара ашпақ.
Облыстық білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Мафруза Науанованың айтуынша, өңірде болған төтенше жағдайға байланысты Қызылжар ауданындағы екі жазғы лагерь су астында қалған. Қазір су толығымен тартылып, кептіру жұмыстары жүргізілген. “Орленок” лагерінде қайта қалпына келтіру жұмыстары басталса, “Серебряный бордағы” жөндеу жұмыстары келесі аптаға жоспарланған.
“Жоспар бойынша биыл облыста жалпы алты мыңнан астам бала жазғы лагерьге барады. Мемлекеттік сауықтыру орындарына жолдама құны 35 мыңнан басталса, сенімгерлік басқаруға берілген екі лагерьде 50 мың теңге тұрады. Ал Бурабайда орналасқан “Эделвейс” лагеріне жолдама құны – 65 пен 100 мың теңге аралығында. Бірақ Тайынша ауданының балалары бұл сауықтыру орнына 35 мың теңгемен бара алады”, – деді Мафруза Науанова.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.