«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУЛЫШОҚТАҒЫ СҰЛУ ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан бес-алты жыл бұрын таза қазақ ауылы Су­лы­шоқтағы тоғыз жылдық мектепте 13 оқушы ғана қалып, бастауыш білім ошағына айналу қаупі төнгенде тарағалы тұрған елді мекенді “Агро-Комплекс-Сулы­шоқ” ЖШС директоры Қайрат Жәнібеков сақтап қалған болатын. Тұрғындардың алды жүктерін буып-түйіп, көшу қамына кіріскен алмағайып кезеңде ол осы өңірдің тумасы ретінде ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көр­сетіп, қомақты инвестиция құйды. Ауылдастарының бақуатты өмір сүруін алғы мақсат еткен кәсіпкер алғашқы игілікті істі әлеуметтік саланы қалпына келтіруден бастады. Еңбек күші артық және халқы тығыз орналасқан аймақтардан отбасыларды көшіру бағдарламасын қолдай отырып, 18 баспана тұрғызды. Осылайша қоныс аударушыларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етіп, алдарына мал салып берді. Қазір Сулышоқта елу отбасы тұрады. Оның жар­тысына жуығы – “Оңтүстіктен – Солтүстікке!” мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде ат басын тіреген ағайындарымыз.

Қайрат Сапарғалиұлы жетек­ші­лік ететін шаруашылықтың “серіктестік” деген дардай аты бол­маса, астық алқабының кө­лемі – бар-жоғы 1500 гектар. Бұ­дан бөлек, 100 бас сауын сиырға арналған шағын ферма бар. Яғни негізгі тіршілік көзі – диқан­шылық пен мал шаруашылығы. Сулышоқтықтардың осы екі сала бойынша нәпақаларын айырып, бала-шағаларын асырауға қа­рым-қабілеті де, әлеуеті де то­лық жетеді. Әр отбасы шама-шар­қына қарай қосалқы шаруа­шылықпен айналысады. Арала­рында тауық-қаз асырайтын­дары аз емес.

Ауылдың тұтқасы – Қайрат ба­уырымыздың тәуелсіздік игілік­терін шекаралық аймақ адам­дары жете сезінсін деген берік ұстанымда екені анық аңғарыла­ды. Ел ортасынан шыққан оған жерлестерінің тыныс-тіршілігі ете­­не таныс. Отыз жылдық оң­тайландыру кезінде жұрт жан-жаққа тарыдай шашылып, ұлт­тық құндылықтарымыздың, мә­дениетіміздің мәйегі саналатын алтын бесігіміз ойсырап бара жат­қан шақта ешқайда кетпей, ауылды ұстап қалу іскер аза­мат­қа оңай соқпағаны анық. Бала­ның азды­ғынан әне-міне жабыл­ға­лы тұр­ған мектепті ыдырат­пау­дың өзі – үлкен ерлікке пара-пар. Алыс-жақыннан отбасылар көшіру ар­қылы тұрғындардың са­нын кө­бейтіп, сөйтіп үзіліп бара жатқан үмітті ояту – айтуға ғана оңай. Бас­қа жақтарға көшкен отбасы­лар­дың үйлерін қолма-қол сатып алу жедел түрде ұйымдасты­рыл­ды. Өйтпеген жағ­дайда ауыл­дың жұртын сипап, орны қаңырап қалар ма еді? Есе­сіне ауылдың шырқы бұзылмай, тұрғындар қатары молықты. Са­тып алынған 14 үй өз алдына, тағы 19 баспана бой кө­терді. Мек­теп ғимаратын күр­делі жөндеуге 20 млн. теңге бөлініп, шатыры ауыстырылды, пластикалық те­резелер орна­тыл­ды, маңайы абат­тандырыл­ды, сынып бөл­мелері жаңартылды. “Мектепке жол” акциясына барынша қолдау көрсетіліп, оқушыларға жыл са­йын сыйлық беру дәстүр болып орнықты. Ыстық тамақ тегін, оқу­ды үздік және жақсы аяқтаған­дарға арнайы жүлделер тап­сырылады.

Қайрат тұрғындар тарапынан өзіне қанша құрмет көрсетілсе де, көмек сұрай келгендерге бәл­сінген емес. Ауылды гүлденді­ру­ді, балақандарға бақытты бала­лық шақ сыйлауды игі мақсат санаған ол серіктестік есебінен бөлінген 30 млн. теңгеге бала­бақша салуға кірісті. Мешіттің қабырғасы қалана бастады. Спорт кешенін салу ойласты­рыл­ған. Өкінішке қарай, 40 млн. теңгеге кірсе, шыққысыз етіп Мәдениет үйін тұрғызғанымен, ауданның балансына әлі күнге дейін қабылданбауы түсініксіз. Сулышоққа кіре берістегі 2,5 шақырым жол қалпына келті­ріліп, асфальт төселді. “Адамдар бір жылдығы үшін егін егеді, он жылдығы үшін орман өсіреді, жүз жылдығы үшін бала оқытады” деген дана сөз бар. Осы қағида Қайрат Сапарғалиұлының өмір­лік мұраты іспеттес. Жас ке­лін­шек перзентті болып, бүлдір­шін мектеп есігін айқара ашқан­да 500000 теңге мөлшерінде бір­жолғы сыйақы беру белгілен­ген. Қосалқы шаруашылықты дұ­рыс жолға қою есебінен мал басын арттырып, сүбелі үлес қос­қандар “Озат отбасы” аталы­мы­на ие болады “Таза кө­ше” аталымына да сыйақы тағайындалған. Жа­ңа­­дан қоныстанған әр отбасына 2 сиыр, 10 қойдан беріледі. Бұл – ЖШС директорының сансыз қа­йырымды амалдарының бір үзігі ғана. Ол – өңірге қызмет етіп, ыс­тығына күйіп, суығына тоңып, те­ріскейді қазақыландыруға бел шеше кірісіп жүрген құ­шағы ашық, пейілі кең жомарт жан. Елдегі есті азаматтар мем­ле­кетке ауыз ашып, қарап отыра бермей, осылай әрекет етсе, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары сөзсіз. Әйтпесе, жақсы­лығы қара басынан артылмай жүргендер жетерлік. Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы айт­пақшы, “Дегендер “Мен жақсы­мын” толып жатыр, Жақсылығы өзінен артылмаған. Бәрінен ты­ныш ұйықтап жатқандар көп, Ұм­тылып, талап ойлап, талпын­ба­ған”. Отаншылдық пен ұлтқа жанашырлық сөз бен істің үйлесім­ділігінен анық аңғарылары анық.

Солтүстік облыстарды еңбек­пен қамту саясаты жақсы идея­лардың бірі екені даусыз. Ниет түзу, әттең жүзеге асу тетіктері дұрыс шешілмеген сияқты. Олай дейтініміз, теріскейге қоныс ау­дарушы отбасыларына бір жол­ғы көмек беру жолға қойылғаны­мен, онан ары қарай не істеу ке­ректігі терең ойластырылмаған тә­різді. Жұмыспен қамту, баспа­налы болу, ортаға бейімделу мә­се­лелерінің түйінді проблемаға айналуы сондықтан. Оны айтып отырғанымыз, бір жолғы беріле­тін азын-аулақ жәрдемге үміт артып келген отбасының өзге әлеуметтік жағдайлары дұрыс шешілмесе, келген ізімен кері кетіп қалуы ғажап емес. Мәсе­лен, жеке адамдар үшін егін егу­ге немесе мал өсіруге бос жердің жоқтығы. Солтүстіктің жері кең көрінгенімен, астық не төрт түлік өсірмесе де, алпауыттар бәрін иеленіп алған. Көшіп келген­дер­дің мамандығы бойынша жұмыс­қа орналасуы да – түйткілді жайт­тың бірі. Араларында ірі фермерлерге жалданып болма­са базар жағалап, жан бағып жүргендері баршылық.

Солардың арасынан Нұркен Нұрсейіт секілді суырылып алға шығып, ел мүддесі жолында қыз­мет етіп жүрген азаматтар – қан­дай да мақтауға лайық. Нұркен Артықбайұлы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Елшібек ба­тыр елді мекенінен көшіп кел­ген. Зайыбы Сарагүл Бейсебаева – жоғары білімді математик. Оң­түс­тікте дарынды балалар лице­йінде оқу ісінің меңгерушісі бо­лып қызмет еткен тәжірибелі ма­ман. Сулышоқ ауылындағы Ең­бек­ші қазақ орталау мектебіне же­текшілік етіп келген ол жуырда Успенка ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сайлаушылар таңдаудан қателеспегенін баса айтқымыз келеді.

Нұркен бауырымыз әңгімесін “ақша сұрама, жұмыс сұра және оның берекесін Алладан сұра” деп бастады. Тепсе, темір үзетін рухты жігіт бастапқыда орысы мен қазағы аралас Октябрь ауы­лына қоныстанған екен.

“Бір отырыста Сәуле деген апа­мыздың “қамшы – атты қазақ­тың құралы, соғыста қару, жо­рықта айбар. “Қамшы – құл бол­саң, басыңда ойнайды. Ұл бол­саң, қолыңда ойнайды”, – деген намысты қайрайтын сөзін естіге­німде қатты толқыдым, көзіме жас келіп, көңілім алай-дүлей бол­ды”, – деді Нұркен әңгіме арасында.

“Қоянды қамыс өлтіреді, жі­гітті намыс өлтіреді” деген емес пе? Сол күннен бастап сенімді серік еткен азамат теріскейдегі демографиялық ахуалды реттеу ісіне жұдырықтай жұмыла кірісіп, нәтижесінде 58 отбасының көшіп келуіне тікелей жәрдемдескен. Мың рет айтылған қызыл сөзден гөрі бір реткі қадам бәрінен артық деген осы!

Ол қиналып жүрген бір сәтін­де Қайратпен ойда-жоқта кезде­сіп қалған. Әлсізге демеу, арыққа әл беретін Қайрат ағасы оны Сулышоққа шақырған. Содан бері арада 7 жыл өте шығыпты. Ша­руашылық жетекшілігінің бас­тамашылығымен көп іс тынды­рылыпты. Асхат Нүсіпов пен Гүл­нұр Ахаева үйелменді-сүйел­менді 7 перзентінен бөлек, 10 ба­ланы бауырына басқан. Нұркен мен Сарагүл де 4 бала асырап алып, өздерінікін қосқанда 9 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Қазақтың жесірін қаңғытпаған, жетімін жы­латпаған дәстүрі, отбасыдағы ынтымақ, бірлік, сүйіспеншілік құндылықтары осылайша Су­лышоқта да ізгілік нұрын шаша бастауы – өте құптарлық.

Ауылға көңіліміз толды, әсі­ре­се, адамдарының тіршілігі, Су­лышоқта да сұлу өмір бар екені бізді қайран қалдырды. Біреуге біреу қарамайтын, қым-қуыт за­манда бір атаның баласын­дай, бір қолдың саласындай болып өмір сүріп жатқан ел тәнті етті. Тосын жаңалықтар мен қызықты оқиғаларға толы алақандай ғана ауыл өмірінің жаңаша түлеп, көл­денең көз қызығарлықтай жаң­ғыруына үлкен үлес қосып келе жатқан Қайраттың бір ғана тілегі бар, ол – мемлекет есебінен жа­ңа мектеп салып, оны 11 жыл­дық­қа айналдыру.

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp