Осыдан бес-алты жыл бұрын таза қазақ ауылы Сулышоқтағы тоғыз жылдық мектепте 13 оқушы ғана қалып, бастауыш білім ошағына айналу қаупі төнгенде тарағалы тұрған елді мекенді “Агро-Комплекс-Сулышоқ” ЖШС директоры Қайрат Жәнібеков сақтап қалған болатын. Тұрғындардың алды жүктерін буып-түйіп, көшу қамына кіріскен алмағайып кезеңде ол осы өңірдің тумасы ретінде ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп, қомақты инвестиция құйды. Ауылдастарының бақуатты өмір сүруін алғы мақсат еткен кәсіпкер алғашқы игілікті істі әлеуметтік саланы қалпына келтіруден бастады. Еңбек күші артық және халқы тығыз орналасқан аймақтардан отбасыларды көшіру бағдарламасын қолдай отырып, 18 баспана тұрғызды. Осылайша қоныс аударушыларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етіп, алдарына мал салып берді. Қазір Сулышоқта елу отбасы тұрады. Оның жартысына жуығы – “Оңтүстіктен – Солтүстікке!” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ат басын тіреген ағайындарымыз.
Қайрат Сапарғалиұлы жетекшілік ететін шаруашылықтың “серіктестік” деген дардай аты болмаса, астық алқабының көлемі – бар-жоғы 1500 гектар. Бұдан бөлек, 100 бас сауын сиырға арналған шағын ферма бар. Яғни негізгі тіршілік көзі – диқаншылық пен мал шаруашылығы. Сулышоқтықтардың осы екі сала бойынша нәпақаларын айырып, бала-шағаларын асырауға қарым-қабілеті де, әлеуеті де толық жетеді. Әр отбасы шама-шарқына қарай қосалқы шаруашылықпен айналысады. Араларында тауық-қаз асырайтындары аз емес.
Ауылдың тұтқасы – Қайрат бауырымыздың тәуелсіздік игіліктерін шекаралық аймақ адамдары жете сезінсін деген берік ұстанымда екені анық аңғарылады. Ел ортасынан шыққан оған жерлестерінің тыныс-тіршілігі етене таныс. Отыз жылдық оңтайландыру кезінде жұрт жан-жаққа тарыдай шашылып, ұлттық құндылықтарымыздың, мәдениетіміздің мәйегі саналатын алтын бесігіміз ойсырап бара жатқан шақта ешқайда кетпей, ауылды ұстап қалу іскер азаматқа оңай соқпағаны анық. Баланың аздығынан әне-міне жабылғалы тұрған мектепті ыдыратпаудың өзі – үлкен ерлікке пара-пар. Алыс-жақыннан отбасылар көшіру арқылы тұрғындардың санын көбейтіп, сөйтіп үзіліп бара жатқан үмітті ояту – айтуға ғана оңай. Басқа жақтарға көшкен отбасылардың үйлерін қолма-қол сатып алу жедел түрде ұйымдастырылды. Өйтпеген жағдайда ауылдың жұртын сипап, орны қаңырап қалар ма еді? Есесіне ауылдың шырқы бұзылмай, тұрғындар қатары молықты. Сатып алынған 14 үй өз алдына, тағы 19 баспана бой көтерді. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге 20 млн. теңге бөлініп, шатыры ауыстырылды, пластикалық терезелер орнатылды, маңайы абаттандырылды, сынып бөлмелері жаңартылды. “Мектепке жол” акциясына барынша қолдау көрсетіліп, оқушыларға жыл сайын сыйлық беру дәстүр болып орнықты. Ыстық тамақ тегін, оқуды үздік және жақсы аяқтағандарға арнайы жүлделер тапсырылады.
Қайрат тұрғындар тарапынан өзіне қанша құрмет көрсетілсе де, көмек сұрай келгендерге бәлсінген емес. Ауылды гүлдендіруді, балақандарға бақытты балалық шақ сыйлауды игі мақсат санаған ол серіктестік есебінен бөлінген 30 млн. теңгеге балабақша салуға кірісті. Мешіттің қабырғасы қалана бастады. Спорт кешенін салу ойластырылған. Өкінішке қарай, 40 млн. теңгеге кірсе, шыққысыз етіп Мәдениет үйін тұрғызғанымен, ауданның балансына әлі күнге дейін қабылданбауы түсініксіз. Сулышоққа кіре берістегі 2,5 шақырым жол қалпына келтіріліп, асфальт төселді. “Адамдар бір жылдығы үшін егін егеді, он жылдығы үшін орман өсіреді, жүз жылдығы үшін бала оқытады” деген дана сөз бар. Осы қағида Қайрат Сапарғалиұлының өмірлік мұраты іспеттес. Жас келіншек перзентті болып, бүлдіршін мектеп есігін айқара ашқанда 500000 теңге мөлшерінде біржолғы сыйақы беру белгіленген. Қосалқы шаруашылықты дұрыс жолға қою есебінен мал басын арттырып, сүбелі үлес қосқандар “Озат отбасы” аталымына ие болады “Таза көше” аталымына да сыйақы тағайындалған. Жаңадан қоныстанған әр отбасына 2 сиыр, 10 қойдан беріледі. Бұл – ЖШС директорының сансыз қайырымды амалдарының бір үзігі ғана. Ол – өңірге қызмет етіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, теріскейді қазақыландыруға бел шеше кірісіп жүрген құшағы ашық, пейілі кең жомарт жан. Елдегі есті азаматтар мемлекетке ауыз ашып, қарап отыра бермей, осылай әрекет етсе, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары сөзсіз. Әйтпесе, жақсылығы қара басынан артылмай жүргендер жетерлік. Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, “Дегендер “Мен жақсымын” толып жатыр, Жақсылығы өзінен артылмаған. Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп, Ұмтылып, талап ойлап, талпынбаған”. Отаншылдық пен ұлтқа жанашырлық сөз бен істің үйлесімділігінен анық аңғарылары анық.
Солтүстік облыстарды еңбекпен қамту саясаты жақсы идеялардың бірі екені даусыз. Ниет түзу, әттең жүзеге асу тетіктері дұрыс шешілмеген сияқты. Олай дейтініміз, теріскейге қоныс аударушы отбасыларына бір жолғы көмек беру жолға қойылғанымен, онан ары қарай не істеу керектігі терең ойластырылмаған тәрізді. Жұмыспен қамту, баспаналы болу, ортаға бейімделу мәселелерінің түйінді проблемаға айналуы сондықтан. Оны айтып отырғанымыз, бір жолғы берілетін азын-аулақ жәрдемге үміт артып келген отбасының өзге әлеуметтік жағдайлары дұрыс шешілмесе, келген ізімен кері кетіп қалуы ғажап емес. Мәселен, жеке адамдар үшін егін егуге немесе мал өсіруге бос жердің жоқтығы. Солтүстіктің жері кең көрінгенімен, астық не төрт түлік өсірмесе де, алпауыттар бәрін иеленіп алған. Көшіп келгендердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы да – түйткілді жайттың бірі. Араларында ірі фермерлерге жалданып болмаса базар жағалап, жан бағып жүргендері баршылық.
Солардың арасынан Нұркен Нұрсейіт секілді суырылып алға шығып, ел мүддесі жолында қызмет етіп жүрген азаматтар – қандай да мақтауға лайық. Нұркен Артықбайұлы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Елшібек батыр елді мекенінен көшіп келген. Зайыбы Сарагүл Бейсебаева – жоғары білімді математик. Оңтүстікте дарынды балалар лицейінде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет еткен тәжірибелі маман. Сулышоқ ауылындағы Еңбекші қазақ орталау мектебіне жетекшілік етіп келген ол жуырда Успенка ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сайлаушылар таңдаудан қателеспегенін баса айтқымыз келеді.
Нұркен бауырымыз әңгімесін “ақша сұрама, жұмыс сұра және оның берекесін Алладан сұра” деп бастады. Тепсе, темір үзетін рухты жігіт бастапқыда орысы мен қазағы аралас Октябрь ауылына қоныстанған екен.
“Бір отырыста Сәуле деген апамыздың “қамшы – атты қазақтың құралы, соғыста қару, жорықта айбар. “Қамшы – құл болсаң, басыңда ойнайды. Ұл болсаң, қолыңда ойнайды”, – деген намысты қайрайтын сөзін естігенімде қатты толқыдым, көзіме жас келіп, көңілім алай-дүлей болды”, – деді Нұркен әңгіме арасында.
“Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді” деген емес пе? Сол күннен бастап сенімді серік еткен азамат теріскейдегі демографиялық ахуалды реттеу ісіне жұдырықтай жұмыла кірісіп, нәтижесінде 58 отбасының көшіп келуіне тікелей жәрдемдескен. Мың рет айтылған қызыл сөзден гөрі бір реткі қадам бәрінен артық деген осы!
Ол қиналып жүрген бір сәтінде Қайратпен ойда-жоқта кездесіп қалған. Әлсізге демеу, арыққа әл беретін Қайрат ағасы оны Сулышоққа шақырған. Содан бері арада 7 жыл өте шығыпты. Шаруашылық жетекшілігінің бастамашылығымен көп іс тындырылыпты. Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ахаева үйелменді-сүйелменді 7 перзентінен бөлек, 10 баланы бауырына басқан. Нұркен мен Сарагүл де 4 бала асырап алып, өздерінікін қосқанда 9 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Қазақтың жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған дәстүрі, отбасыдағы ынтымақ, бірлік, сүйіспеншілік құндылықтары осылайша Сулышоқта да ізгілік нұрын шаша бастауы – өте құптарлық.
Ауылға көңіліміз толды, әсіресе, адамдарының тіршілігі, Сулышоқта да сұлу өмір бар екені бізді қайран қалдырды. Біреуге біреу қарамайтын, қым-қуыт заманда бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай болып өмір сүріп жатқан ел тәнті етті. Тосын жаңалықтар мен қызықты оқиғаларға толы алақандай ғана ауыл өмірінің жаңаша түлеп, көлденең көз қызығарлықтай жаңғыруына үлкен үлес қосып келе жатқан Қайраттың бір ғана тілегі бар, ол – мемлекет есебінен жаңа мектеп салып, оны 11 жылдыққа айналдыру.
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.