«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ ШАҒЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлер облыс прокуроры Қайрат Әбдіхановпен кездесті. Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кезекті жиында зардап шеккендер өтемақы төлеу рәсіміне көңілі толмайтындықтарын айтты.

Өңірде шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындардың өтемақысын анықтау жөніндегі комиссиялардың құрылғанына бір айдан астам уақыт өтті. Бірақ олардың жұмысы сылбыр. Бүгінгі таңда өңірлік комиссия зардап келтірілген залалды өтеу туралы өтініштердің төртеуін ғана қараған. Ол өтініштер де құжаттардың толық болмауына байланысты кері қайтарылып, қайта жүгінуге кеңес берілген. Палата өкілдерінің пікірінше, бұл жұмысты бағалаушылар мен техникалық зерттеушілердің тапшылығы қиындатып отыр. Оның үстіне олардың қызметтеріне ақы төлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесі реттелмеген.

Кездесуде кәсіпкерлер құжаттарды жинау барысында кездескен мәселелерді жіпке тізгендей баяндады. Егер кейбіреулердің мүлікті бағалау нәтижесіне көңілі толмаса, келесілеріне бағалаушылар әлі келмеген. Ал кәсібін жеке тұлға ретінде тіркегендер тіпті түксіз қалудан қорқады.

Комиссия Косогор шағынауданындағы жеке кәсіпкер Любовь Афанасованың тұрғын үйі мен “Наш” дүкенін техникалық тексеруден кейін бұзу қажет деген шешім шығарды. Кәсіпкер мүлкінің бағалау нәтижесіне наразы.

“Менде 145 шаршы метр үй, 10 сотық жер, монша, жылыжай болды. Ал өтеуге тек 22,7 млн. теңгеге бағаланған үй ғана жатады. Мен бұл сомаға не аламын?” – дейді Любовь Афанасова.

Кездесуге қатысқан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамсутдинов комиссия мүшелері залалды өтеу ережелері шеңберінен шыға алмайтындығын айтты. Оған сәйкес, тек тұрғын үйге ғана өтемақы беріледі және оның да шекті сомасы – 22,7 млн. теңге.

Тасқын кезінде “Восточный берег” дәмханасы да зақымданған. Әкесінен мұраға қалған нысанға ие болып жүрген Роман Овчаренко жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Бірақ бизнесті жалға беріп жүрген. Ол кәсібіне өтемақы алуға жеке тұлға ретінде де, кәсіпкер ретінде де өтініш бере алмай отыр.

“Моронбон” ЖШС-ның басшысы Алексей Ханның анасы да осындай жағдайға тап болды. Ол жеке тұлға ретінде тіркелген коммерциялық жылжымайтын мүліктің иесі, бірақ сонымен бірге салық салудың жеңілдетілген түрінде жұмыс істейтін заңды тұлға болып табылады. Қанат Шамсутдинов бұл сұрақтар бойынша ережені әзірлегендермен кеңесуге уәде берді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өтемақы ережесін әзірлеуші орган – Ұлттық экономика министрлігіне коммерциялық жылжымайтын мүліктің жеке кәсіпкерлік не болмаса жауапкершілігі шектеулі серіктестікке емес, жеке тұлғаға тіркелу фактілері бар екенін хабарлап, облыстық әкімдікке тиісті түсініктемелер жіберу туралы өтініш жолдады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp