Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетел компанияларының Қазақстанға инвестиция құюға деген ерекше ден қоюшылығы мен қызығушылығына байланысты экономикалық аймақ бойынша мүлдем басқаша саясатқа көшу талабын қойған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономикалық аймақтың тиімділігімен қатар түйткілді тұстарын да саралап, тың тәсілдерді ойластыру – басты міндет. “Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары” Жолдауында экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі басымдықтарының бірі ретінде еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға, экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуге баса назар аударылды. Бұл орайда, ел тағдыры үшін айрықша мәні бар ауқымды жобаларды жүзеге асыруда арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) орны бөлек. Бүгінде елімізде тіркелген 13 АЭА құрамындағы 100-ге жуық кәсіпорын 150-дей өнім түрлерін шығарып, 4 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мемлекет басшысы көрші елдің Орынбор қаласында өткен Қазақстан – Ресей ХҮІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінде логистикалық хабтар салудағы “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағының маңыздылығына тоқталды. Ел Үкіметі 2019 жылы Петропавл қаласының аумақтық шекарасы шегінде “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағын құру жөнінде шешім қабылдап, жалпы аумағы 212,3 гектар жер учаскесін бөліп берді. Бастапқыда республикалық бюджеттен 16 млрд. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылып, қажетті инфрақұрылымдар тартуға жұмсалды. Тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, жиhаз, электроника, электр жабдықтарын, машина жасау, қағаз, резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын және экспортқа бағдарланған өндіріс ошақтары нақтыланды. Алғашқы кезеңде 160 млрд. теңге қаржы құйылып, 3 мың жаңа жұмыс орнын ашу, ал ширек ғасыр ішінде жалпы өнім мөлшерін 1,5 трлн. теңгеге жеткізу белгіленді. Осылайша ортақ нарық талаптарына сәйкес, экономикалық зор әлеуетімен, үйлесімді еркін сауда айналымының кеңеюімен, импорттық, экспорттық ауқымдылығымен, жер, табыс, қосымша құн, мүлік салығынан босату жеңілдіктерімен ерекшеленді. Мұның өзі қалталы қаржыгерлердің келуіне жол ашты. Бәсекелестік орта қалыптасып, өңдеу саласына басымдық берілді. Экономикалық-географиялық орналасуы жағынан 4 бөлініске жіктеліп, соңғы үлгідегі жоғары технологиялар енгізілді, экспортқа бағытталған тауарлардың үлесі артты. АЭА-да индустрияландыру шараларын іске асырудың табысты бағдарламалары баршылық. Бүгінде мұнда 12 қатысушы тіркеліп, төрт жоба шеңберінде ауқымды жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Олардың инвестиция көлемі 19 млрд. теңгені құрап, 300 жаңа жұмыс орны ашылды. ТМД елдері мен Қазақстан нарығына жоғары кернеулі трансформатор ұсынып жүрген “Alageum Elektrik” компаниясы 10 млрд. теңге қаражат салып, қызметкерлеріне жатақхана мен көпқабатты үйді пайдалануға берді. Былтыр 5 млрд. теңгенің 4 мыңдай өнімі экспортталды. Биылғы меже – 6 мың дана.
Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтаумен бірге оның ауқымын одан әрі кеңейтудің, осылайша отандық тауарларды шетелге танытуда нақты шаралар қабылдаудың мәні айрықша. Жолдауда машина-трактор паркінің әбден тозып, күрделі мәселеге айналғаны, тығырықтан шығу үшін жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру айтылды. Өңірдегі көрсеткіш – 75 пайыз. Осы олқылықтың орнын толтыру немістің “CLAAS” компаниясына жүктелді. Сапалы ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен әлемге белгілі компания 2022 жылы 33,2 млрд. теңгенің – 333, былтыр 56 млрд. теңгенің 521 техникасын құрастырды. Мұның өзі жергілікті фермерлерге қаражаттарын 27 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Әлеуеті жоғары Финляндияның “Sampo” фирмасы 6 млрд. теңге қаражат құйып, 85 адамға тұрақты жұмыс тауып берді. Былтыр 100 комбайн жинаса, биыл бұл межеден асып түспек. Алдағы уақытта “CLAAS” және “Horsch” компанияларының сенімді серіктесі болып табылатын “Reiman” компаниясы қатарға қосылмақшы. Ол ұсынған тіркемелі ауыл шаруашылығы техникаларына арналған жобаның құны – 1,5 млрд. теңге. Цехтардың құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталып, қажетті қондырғылар орнатылды. Өнімдері жоғары сұранысқа ие “KazKran” инвесторлар тобы көпір крандары мен көтергіш көлік жабдықтар жобасын іске асыруға белсене кірісіп кеткен. Қаржы мөлшері – 2 млрд теңге. 150 жаңа жұмыс орнын ашуды белгілеп отыр. Учаскеге апаратын кірме жол жасалып, цехтың іргетасы құйылды. Ресейлік және қазақстандық серіктестердің қатысуымен жеңіл құрыштан жұқа қабырғалы конструкциялар шығаратын зауыт іске қосылатын болады. Ал отандық инвестордың қолдауымен “TFA group” ЖШС жылына 37 млн. данаға дейін кірпіш шығаратын кәсіпорынды тұрғызуға 9 млрд. теңге салмақшы.
Жолдауда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру аса маңызды міндет ретінде белгіленді. Түрлі себептермен құрылысы тежеліп қалған 480 төсек-орынға арналған көпсалалы аурухана мен ламинатталған фанера зауытын салуға түрік ағайындар алғашқысына 186 млрд., соңғысына 8 млрд.теңге қаржы құюға мүдделілік көрсетіп отыр. Тек биылдың өзінде өңдеу саласы бойынша 7 жоба қолға алынбақшы. Соның бірі– торт және нан-тоқаш өнімдерін пісірумен шұғылданатын Ресейдің “Нанпром” кәсіпорны құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Инвестиция мөлшері – өте ауқымды, 37,3 млрд. теңге. Итальяндық “PROSOL” компаниясы қызылша дақылынан жемшөп ашытқысын жасайтын зауыт тұрғызбақшы. Жылдық қуаттылығы 3 мың тоннаға дейін жетеді. “Atameken-Agro” холдингі тәулігіне 1200 тонна өнім шығаратын май экстракциялайтын зауыттың құрылысын бастамақ. Бұдан бөлек, “Қазақинвест” кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларымен бірлесіп, жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауда. Оның ішінде қытайлық әріптестермен ауыл шаруашылығы машиналарын өндіру және жол-құрылыс, коммуналдық техникасын құрастыру бағдарламалары бар.
Жолдауда жобаларды тиімді қолдану шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау, оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тарту, жұмысқа жергілікті шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану керектігі айрықша ескертілді. АЭА-дағы екі субаймақ бойынша жүргізілген жұмыстар экономикалық нәтижесін берсе, №3 және №4 бөліністер бойынша инженерлік желілерге қатысты орын алған кемшіліктер облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты талқыланып, аумағын кеңейту мәселесі де көтерілді. Ғауез Торсанұлы үш кәсіпорынның 63 млрд. 600 млн. теңгенің өнімін шығарғанын айта келіп, олқылықтарды жоюды, инвесторларды бірінші кезекте жол, электр жарығы, жылу жайы қызықтыратынын, сондықтан инженерлік желілерді тарту жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Жауапты мекеме басшыларының мәлімдеуінше, биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның, оның ішінде 2,5 млрд теңгеге электрмен жабдықтау желісінің алты жобасы әзірленді. Атап айтқанда, “Reimann” зауыты тұрақты электрмен жабдықтау желісіне қосылып, 873 млн. теңге игерілді. Жобаны аяқтауға республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге қарастырылған. Сумен жабдықтау жобасына да түзетулер енгізу үшін республикалық ведомстволарға қаржыландыруға өтінім жолданды. Құны 1 млрд. теңге болатын темір жол жолдарының құрылысы да пысықталуда. Автомобиль жолдарын салуға мемлекеттік сатып алулар өткізуге конкурс жарияланбақ. Көпсалалы ауруханаға қосалқы станция салу жобасына түзетулер енгізілді. Кейбір жерлерде аумақ батпақты болғандықтан, кәріз жүйесін тарту ойластырылды.
Арнайы экономикалық аймақ – өте ауқымды жобалардың бірі. “Qyzyljar Investment Forum– 2024” халықаралық инвестициялық құрылыс форумында жалпы құны 128 млрд. теңгені құрайтын 14 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Жол картасында белгіленгендей, су, электр энергиясы, нөсер кәрізі, темір жол бойынша әр тармақ өз мерзімінде орындалуы міндетті. Инженерлік желілерді салу үдерісін жеделдету және әлеуетті инвесторларды жоғалтпау–басты талап. Жоспарланған барлық жобалар іске қосылса, жаңа кәсіпорындарда жұмыс қолдары жеткіліксіз болуы мүмкін. 2024 жылы 680 маманды қажет ететін үш зауыт, 2025 жылы 780 жұмыс орны ашылатын төрт жоба іске қосылады. Сондықтан келешекте мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында білім басқармасымен бірлесе отырып, колледждер базасында техникалық кадрлар даярлайтын боламыз.
Дулат ШАРАПИДЕНОВ,
“Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы басшысының міндетін атқарушы.