Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылжар өңіріне жұмыс сапары барысында Ойқала шағынауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, баспаналарды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қала бойынша 2176 үйді қызыл су шайып, 1458-і жарамсыз деп танылған. 718 баспана қайта қалпына келтірілмек. Людмила Жалдактың үйіне техникалық бағалау жүргізіліп, мемлекет тарапынан 9,2 млн. теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын үй иелері өздерінің күштерімен атқаруды жөн көріпті.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев Үкімет басшысына аудандардан келген арнайы 58 мехбригада көмектесіп жатқанын, 10 мың тоннаға жуық қоқыс полигонға шығарылғанын баяндады.
Олжас Бектенов Анатолий Плещаковтың үйіне барды. Оның тұруға жарамды баспанасын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген мехбригада жөндеуге кіріскен.
Су тасқыны салдарын жою және жүргізіліп жатқан іс-шараларды талдау кезінде резервтік сумен жабдықтау көзіне қатысты жоспарлар талқыланды. Жобалық қуаты сағатына 100 мың текше метр болатын сорғы станциясын салу көзделіп отыр.
Премьер-министр мұндай апатты жағдайлардың қайталануына жол берілмейтінін атап көрсетіп, облыс әкімдігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, жобаны жүзеге асыруға байланысты қаражат бөлу мәселесін талқылауды тапсырды.
Үкімет басшысы неміс технологиясы бойынша ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын “CLAAS” зауытында болды. Мұнда кешенді ауыл шаруашылығы техникаларының желісі орналасқан. Биыл 103 трактор, 180 комбайн, 75 егіс кешені шығарылмақшы.
“Қазақстандық фермерлер арасында жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникасына деген қажеттілік артып келеді. Компания енді өндірісті оқшаулау деңгейін арттыруы тиіс. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет”, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр жұмыс сапары барысында көктемгі егіс науқанының қорытындыларымен, егіншілік және мал шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан игі істермен танысты. “Дайындық” Агро” ЖШС-ның егіс танаптарын аралап, диқандармен кездесті. Серіктестік директоры Біржан Шаймерденовтың айтуынша, 7,5 мың гектар алқапқа дән егуді 13 кешен уақытылы атқарып шыққан. Мал азығына арналған танаптар 3 есеге ұлғайтылған.
Ірі агроқұрылым өкілдерімен кездесуде егіс науқанының мәселелері және агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары талқыланды. Өңірде дәнді дақылдардың 25 пайызы, майлы дақылдардың үштен бірі өсіріледі. 2,3 млн. гектар алқап минералдық тыңайтқышпен қоректендірілген.
“Кең дала-2” бағдарламасы шеңберінде қаржыландырудың жаңа шарты фермерлер үшін өте тиімді. Бұрындары несиелер қысқа мерзімге беріліп, 1 желтоқсанға дейін өтеу міндеттелсе, енді қарызды жабу мерзімі ұзартылды. Жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшері – 5 пайыз. Мемлекеттік қолдаудың жаңа механизміне сәйкес, фермерлердің алған қарызының 85 пайызын “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіреді. Шаруалар несие сомасының 15 пайызына кепілдік қойса жеткілікті.
“Қазақстан әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарады. АӨК-ке жеңілдетілген несие беру және субсидия түрінде қолдау үрдісі жүйелі түрде жалғасып, көлемі де молайып келеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау маңызды. Ол үшін еңбек өнімділігін тұрақты түрде арттырып, жаңа технологиялық тәсілдер енгізу қажет”, – деді Үкімет басшысы.
Жиында еліміздің диқандары көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы атқару үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілгені атап өтілді. Мәселен, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 6,4 млрд. теңгеге 44,8 мың тонна тұқымдық материалдың жүзеге асырды. 376 мың тонна жеңілдікті дизель отынының литрі 250 теңгеден босатылды, бұл нарықтық бағадан 15 пайызға төмен. Отандық тыңайтқыштарға аванстық субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен заманауи тауарлы-сүт фермаларын салуға 100 млрд. теңге жеңілдетілген кредиттік қаражат жұмсалды. Тек сүтті өндіру және өткізу үшін субсидия түрінде тауар өндірушілерге жыл сайын шамамен 24 млрд. теңге бөлінеді.
Премьер-министр озық технологиялық үдерістерге негізделген өнім шығаратын “Иван Зенченко” серіктестігінің фермасында болып, сүт өнеркәсібінің әлеуетіне назар аударды.
Олжас Бектенов өңірдің ірі мал шаруашылығы өкілдерімен кездесіп, саланы дамыту жолдарын талқылады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 49 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі екені белгілі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.