«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Табысты ферма

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­да­уында ішкі на­рықты не­гізгі азық-түлік өнімі­мен толық қам­тамасыз ету қажет екенін айтқан болатын. Мұны жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылы­ғымен айналы­сатын жандарға субсидия қол­жетімді болу ке­ректігін алға тартты. Қызыл­жар өңірі сүт өндірісі бойынша елімізде көш бастап тұр. Жуыр­да Шал ақын ауданына бар­ған іссапа­рымызда “LTD Zha-Group” та­уарлы-сүт фер­ма­сында бо­лып, жұмысы­мен танысып қайтқан едік. 2022 жылы са­лынған тауарлы-сүт фермасы жобасының жалпы құны 3,5 млрд. теңгені құрайды.

Бізді тауарлы-сүт ферма­сы­ның технологы, ветеринар­ Виктор Го қарсы алды. Қазақ тіліне судай кәріс ұлтының өкі­лімен таныса келе оның Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтты тамамдағанын, кейін Израиль­де сүт өндіру технологиясы бойынша білімін жетілдіргенін білдік.

Технолог бізді ферманың са­уын орнына ертіп келді. Бұл жер­де Ресейден жеткізілген “Елоч­ка” құрылғысы орнатыл­­ғ­ан. Күніне үш мезгіл, 1 рет­те 16 сиыр сауылады. Сүт ферма­сын­­да 12 адам жұмыс істеп жатыр.

Қондырғы мен ірі қараларды сатып алу үшін “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан” 800 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Сондай-ақ мемлекеттен әр сиырға 400 мың теңге субсидия бөлінген.

Қазіргі уақытта фермада 256 ірі қара бар, оның ішінде голштин тұқымды 135, симментал тұқымды 121 бас тайыншалар жеткізілген. Сүт фермасы биылғы жылы ірі қараның басын 622 басқа көбейтуді жоспарлап отыр.

Мамандардың айтуынша, Даниядан әкелінген қара ала тайыншалар жергілікті климатқа бейім. Сүт өнімділігі бойынша голштин тұқымы – ірі қара малдың ішіндегі ең үздігі. Оған қоса әмбебап тұқым деген анықтамасы бар. Себебі сүтті әрі етті. Чехия елінен әкелінген симментал тұқымы да сүті мен етінің сапасы жағынан кем түспейді. Жат жерге тез жерсінетін болғандықтан көп елдерге таралған. Жалпы бұл сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналып шығарылған тұқымдар.

Жануарлар кез келген климатқа бейімделгіш, күйзеліске төзімді. Бұзауларына жақсы күтім жасалса, олар да тез жетіледі. 5-6 айлық бұзаулары жергілікті торпақтармен шамалас. Әрине бұл тұқымдардан сүтті көп алу үшін оларға күтім мен қолайлы жағдай жасап, азықтандыру аса маңызды.

Сауылған сүттер белгіленген температурасын ұстап тұруға мүмкіндік беретін сыйымдылығы 5000 литр болатын екі салқындатқышқа жиналады. Әрі қарай тасымалдаушылар жұмыс кестесіне сай Ақмола облысы Садовое ауылындағы сүт өңдеумен және сүт өнімдерін қаптаумен айналысатын “Milk Project” зауытына жөнелтеді. Өткен жылы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақта мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтіп, осындай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсететіндігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Осы орайда қаржыландыру жағынан қиындық болмау қажеттілігін баса айтып, сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыруды, бүкіл ел бойынша өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жету керектігін тапсырған болатын. Президенттің бұл тапсырмасы “LTD Zha-Group” тауарлы-сүт фермасында нәтижелі орындалуда.

– Сиыр жақсы сүт беруі үшін күніне екі мезгіл жемшөбі мен суын, дәрумендерін беріп отырамыз. 3200 гектарға жүгері мен арпа, бидай егеміз. Фермадағы қара малдың басы 300 басқа жеткенде сүт өнімдерін өзімізде дайындауды жоспарлап отырмыз, – деді “LTD Zha-Group” тауарлы-сүт фермасының технолог маманы Виктор Го.

“Сиырдың сүті – тілінде” демекші, жоғары өнім алу құнарлы мал азығына байланысты. Малдың бір күндік азығының жартысына жуығы құрамажем болуы керек. Кәдімгі сиырлар тәулігіне 7-10 литрден сүт берсе, асыл тұқымдыдан 30-40 литр сүт алынады. Асыл тұқымды мал санын көбейтуге назар аударудың мәні де осында. Сондықтан алдағы уақытта мал азығын әзірлейтін жаңа цехтар бой көтерсе құба-құп. Оның үстіне елімізде осы салаға ерекше көңіл бөлініп отырғандықтан, оны дамытуға қатысты жобалар жылдам қолдау табары анық. Мемлекеттен қолдау көріп отырған өңіріміздегі тауарлы-сүт фермалары ел игілігі жолында қарыштап дамып, болашақта сапалы сүтпен ғана емес, дайын сүт өнімдерімен де қуантары анық.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp