Маусымның басында ел бойынша “Таза Қазақстан” жалпыұлттық науқаны аясында “Таза бейсенбі” республикалық акциясы басталды. “Amanat” партиясының белсенділері мен қоғам өкілдері жұртшылықты тазалыққа шақырды.
Өңірде абаттандыру жұмыстарына 800-ге жуық адам шықты. Акция аясында спортшылар, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, жастар, зейнеткерлер мен депутаттар 20-шы шағынауданда тау болып үйіліп жатқан күл-қоқысты тазартты.
– Жуков көшесі, 5в мекенжайының маңында орналасқан учаске алдын ала таңдалып алынған. Шаруаға “Новинтех” және “Коммунхоз” ЖШС ұсынған 5 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, 100-ден астам ерікті мен белсенді қосылды. Айта кетейін, бұл акция апта сайын өтетін болады, – деді “Amanat” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Көппен бірге игі іске атсалысып жүргендердің қатарында грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Аманғали Бекболатов та бар. Ол қала тұрғындары қоршаған ортаға салғырт қарамай, жанашыр болу керек екенін айтады.
“Таза бейсенбі” экологиялық акциясы аясында барлық өңірлерде алдын ала елді мекендердің ластанған аумақтарының карталары әзірленетін болады. Одан кейін әрбір ластанған учаскеге партияның бастауыш партия ұйымдары мен филиалдары бекітіліп, олар ай сайын бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді шешеді.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.