Екінші дүниежүзілік соғысқа Есіл ауданы, Ақтас ауылынан тепсе, темір үзетін зіңгіттей 56 азамат қатысты. Басым бөлігіне топырақ жат жерден бұйырды. Ұлын, отағасын, әкесін зарыға күткен ана, асыл жар, жанары жасқа шыланып, жаутаңдаған бала қайғыдан қан жұтып, тас түйнектей көкірегін жаншыды, жан жарасын тілгіледі. Арада сексен жыл өтсе де, тым болмаса жерленген жері белгілі болып қала ма деп, хабарсыз кеткен туысқандарынан үмітін үзбей, сарыла тосқан ұрпақтары қаншама?!.
Солардың бірі – Аяған әулеті. Отан үшін от кешіп, мерт болған немере ағамның жұмбаққа толы қилы тағдыры мені де қатты толғандыратын. Іздеу салу әрекетімді бір сәт те тоқтатпадым десем, артық айтқандық болмас. Әкем Ғелман соғыстан аман-есен оралды, ал оның ағасы Қасымның із-түссіз жоғалуы зайыбы мен балаларын ғана емес, мені де қатты уайымға салғаны рас. Оның артында қалған жалғыз ұлы Сәлем ағам екеуіміз іздестіруді ұзақ жылдар бойы жүргізіп келдік. Кеңес үкіметі тұсында бірқатар әскери құрылымдарға, атап айтқанда, Сталинград шайқасы туралы дерек орталықтарына, эвакуациялық госпитальдарда қаза тапқан жауынгерлердің тізімі сақталған Ленинград мұрағатына бірнеше рет сұрау жолдадық. Көбіне “із-түссіз жоғалды” деген нұсқада жалпылама жауаптар келетін.
Жылдар бойғы іздеуімізге бөгет болған басты себептің бірі – тегінің қате жазылуында еді. Штаб қызметкерлерінің салғырттығынан Аяғанов “Аляганов” болып кеткен. Бүгінгідей техникалық даму, сандық технологиялық үрдіс арқасында тынымсыз іздестіруіміз осыдан екі жыл бұрын нәтижелі аяқталды. Қасым Аляганов деген жауынгердің Венгрия жерінде қайтыс болғаны туралы жауап-хабар қолымызға тиіп, мұрағатта сақталған құжаттар біздің іздеу салған адамымыздың туған жылына, әскерге шақырылған жеріне, аудандық әскери комиссариаттың атауына, әйелінің аты-жөніне сәйкес келіп, өлгеніміз тірілгендей, өшкеніміз жанғандай керемет шат-шадыман күй кештік. Мұрағатшылардың көмегімен оның жерленген жері де анықталды. 1945 жылдың қаңтарында Будапешт қаласының түбінде ауыр жарақат алып, әскери госпитальда қайтыс болыпты. Жеңіс күніне төрт ай ғана қалғанда…қандай өкініш десеңші?!
Былтыр қыркүйек айында Германияға жолым түсті. Сталиндік қуғын-сүргін мәселесін зерттеп жүрген ғалымдардың бірі ретінде мен де делегация құрамына енгізілдім. Бұл ұсынысты қабылдауымның басты себебі – Венгрия еліне соғып, майдан даласында мәңгілік тыныстап жатқан жауынгер ағамыздың рухына тағзым ету. Шетелге сапарым тағылым-танымға толы болды. Қираған Берлин қабырғасын, Германиядағы тоталитаризм тарихына қатысты мұражайлар мен мемориалдық орындар бар Эрфурт, Торгау, Лейпциг қалаларын аралап, үлкен әсерге бөлендім. 700 мыңнан астам адамды қамаққа алған Бухенвальд концлагеріне бас сұққан кезде естен кетпес ауыр тебіреністі бастан өткердім. Ажал апандарына Германия, Польша, АҚШ, КСРО елдерінен тоғытылған тұтқындардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер фашизмнің ауыр қасіретін көріп, жағаларын ұстайды. Қайсыбір елдің елшілігі Бухенвальд қабырғасында қаза тапқан жерлестеріне ескерткіш тақта орнатыпты. Біздің отандастарымыз үшін де осындай белгі қойылса, артық етпес еді. Неміс әріптестерге өтініш білдіріп, қазақстандық тұтқындардың тізімін алдым. Ол тізімді әлеуметтік желіде жариялап, оқырмандарға ұсынатын боламын. Онда жауынгерлердің тегі, аты-жөні, туған жылы, әскерге шақырылған жері және лагерьлерінің нөміріне дейін көрсетілген.
Атам Аяған Тілеуліұлы – Байтоқтан тараған Шуаш (Ақсұлудан) руынан. Имандылық жолын таңдап, молда болған. Сонымен қатар аңшылық, саятшылық құрып, ел ішінде аштыққа ұшыраған адамдарға көмек көрсеткенін көзкөргендер бүгінге дейін ауыздарынан тастамай, айтып жүреді. Жүрегі кең, жұртқа қамқоршыл жанды ауыл-аймақ “Әйем” деп ерекше құрметтеген. Екі рет үйленген. Қабдырахман, Уәлден деген ұлдары, бірнеше қызы дүниеге келген. Бірақ балалары жастай шетінеп, Ұмсын әжемізден туған Ғелман ғана ержетеді. Болмысынан балажан атамыз тағдырдың ауыр сынағына сағын сындырмай, ағайыны Сәрсенбінің Қасым есімді баласын бауырына салып, тегін Аяғанов деп жаздырады. Туған ұлы Ғелман мен Қасымды бөліп-жармай, бір анадан туғандай өсіреді.
“Аяған атам анам Бикамалға келіп, “келін, біздің шаңырақтан кету деген ойыңда болмасын. Балаларды біреудің есігінде жүргізбе” деген өтінішін айтып, өз үйіне көшіріп алады”, – дейді атамыздың бауырында өскен ағам Сәлем өткенді еске түсіріп.
Қасымнан екі қыз, бір ұл қалды. Олардың болашағына Аяған атамыз немқұрайлы қарай алмайды. 1942 жылы соғысқа аттанып, Қиыр Шығыстағы армияда болып, 1948 жылы елге оралған жалғыз ұлы – менің әкемді – Ғелманды жеңгесіне қосады. Сонда баласына “Ағаңнан қалған үш қарлығашыңды әр үйдің самаурынының жанына отырғызып қоясың ба?” деген сауалын төтесінен қойыпты. Әкем анамнан 6-7 жас кіші, үйленбеген. Сонда да әкесінің тілегін бұлжытпай орындап, немере ағасының балаларын бауырына сүйіспеншілікпен басады.
“Жаңалық ауылында Қасымның Қарбалас деген қарындасы тұрды. Әжем Ғазиза мен әпкем Сусарлы (Маймаш) соның қолында болатын. Ғелман ағам Сусарлы әпкемді бірден қолына алды. “Үш баланы бір-бірінен алшақтатпай өсір” деген әкесінің тағы бір аманатын орындады” – дейді ағам Сәлем.
Қасымның есімі ұмытылмасын деп Сәлемнің ата-тегін әкесінің есімімен жаздырған да атам екен.
Ғелман әкем ағасынан қалған жалғыз тұяққа бар мейірімін беріп, тракторшылық мамандыққа оқытып, 1961 жылы әскери борышын өтеуге шығарып салады. Оның жас келіншегі Майра тәтемізді бағып-қағып, ешбір өгейлік танытпаған. Анам Бикамал екеуі Сусар тәтемді Қарағай ауылындағы Қазтай деген жігітке, екінші қызы Сусарлыны көрші Қожым (Еңбек) ауылындағы Қуат жездемізге ұзатып, әрқайсысының жағдайын ойластырған. Әттең, әкемнің маңдайына жазылған өмірі қысқа екен, 1965 жылы 41 жасында жол апатынан қайтыс болды. Әйем жүзден асып, 1956 жылы дүниеден озды.
Қан майданнан ауылға аман-есен оралып, елді қалпына келтіру жұмысына білек сыбана кіріскен 16 майдангер менің есімде. Солардың бірі – Мәкен Бейсенұлы. Қасым ағамды соңғы рет тірі көрген – сол кісі. Ауылдасы әрі ағайыны Мәкенге “Жараң жеңіл, елге қайтарады, ауылға сәлем айт. Қарындастарыңа пана бол!”, – деген аманатын арқалаған ол елге жеткен кезде Қасымнан “қара қағаз” келгенін естіп, қатты жылайды. Қасымның туған інісі Қаппас Сәрсенбаев та із-түссіз кеткендердің бірі.
Анам Бикамал – Көкше жерінің қызы. Елі –Төле-төлеңгіт. Атасы Есенәлі мен оның бауыры Есенгелді ер мінезді, қайратты күш иесі болыпты. Қостанай өңірін жайлап жүрген батырлар озбырлық көрсеткен бір жандармның өліміне себепші болып, Көкшетау жаққа қарай көшкен деседі. Есенәліден Мұқан, Мұқаннан Бейсен мен Бикамал туады. Бейсен 17 жасында оба ауруынан шетінеп кеткен. Жалғыз ұлынан айрылған Мұқан қызы Бикамалды бір елі қасынан тастамайтын көрінеді. Өкініштісі, нағашы атамыз да ұзақ өмір сүрмеген. Әкеден айрылып, жетім қалған анам Көкшетаудағы балалар үйін паналайды. Кейін Бұлақта тұратын шешесі Ғазиза алып кетеді де, бірер уақыт қасында ұстап, кейін Ақтас ауылындағы Қасымға тұрмысқа береді. Қасым мен Бикамалдан Сусар (1932 жылғы), Сусарлы (1938 жылғы) және Сәлем (1941 жылғы) туған. Бикамал мен Ғелманнан 1952 жылы туған әпкем Гүлжиян, 1954 жылғы мен, 1957 жылғы інім Түлкібай және 1959 жылғы қарындасым Мінуара есімді балалары болды. Анамның бірінші күйеуінен қалған балаларына деген мәңгі айрылмас туыстық қасиетті қанымызға сіңіріп кеткен әкем болатын.
Не керек, Қасым ағамның Венгриядағы зиратына барсам деген тілегім орындалды. Лейпцигтегі бағдарлама аяқталған соң бірден ұшып кеттім. Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашев пен бірінші хатшы-консул Ермек Жылқайдаровтың көмегімен Қасым Аяғановтың жерленген жері Хатван қаласына бардым. Мен келгенше елшілік қызметкерлері Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің өкілдігіне хабарласып, 1941 жылдың қараша айында Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин аудандық әскери комиссариаты Ақтас ауылынан әскерге шақырылған Қасым Аяғановтың (Аляганов) жерленген жерін іздестіру және растау құжатын сұратып алыпты. Онда “қолда бар мұрағат құжаттарының көшірмелерін талдау нәтижесінде 9 ақпан мен 15 ақпан аралығында майданда алған жарақаттары мен ауруынан қаза тапқандардың №93 жеке тізімінен мәліметтер анықталды. 1945 жыл”, – деп көрсетілген. Қызыл Армия жауынгері Қасым Аяғановтың 1945 жылдың 10 ақпанында алған жарақатынан қаза тауып, Хатван қаласында жерленгені туралы анықтама қоса беріліпті. Бұл әскери жерлеу 1947 жылғы 7 ақпандағы №050 Эхер қаласының әскери коменданты кеңсесінің мәліметімен расталған және Хатван қаласының №2 зираты, №33 бейіті деп белгіленген. Мекенжайы: Ховеш облысы, Хатван қаласы, Борнемисса көшесі, 20. Онда кеңес әскерінің үш зираты бар. Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің өкілдігі де Хатван қалалық зиратындағы госпитальда жерленген кеңес жауынгерлерінің тізіміне Қызыл армия жауынгері Қасым Аляганов (Аяғанов) есімі енгізілгенін хабарлаған. Алдағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде мемориалдық тақтаға Аяғанов Қасымның есімі жазылатын болды. Бұл хабарламаға РФ қорғаныс министрлігі өкілдігінің бастығы, полковник Ш.Мамосолиев қол қойған.
Венгрия елінде магистрлік білім алып жатқан немере-жиенім Жанерке екеуіміз кеңес жауынгерлері жерленген қорымға барып құран оқып, туған жерінен әкелінген топырақты қабірге салдық. Әдетте, мұндай “жаппай қабірлер” көп адамның өмірін қиған үлкен қақтығыста немесе жау шабуылынан кейін пайда болады. Гитлер 1945 жылдың көктемінде Берлинге қарай шегінбес бұрын кеңес әскеріне қарсы үлкен шайқас ашуға шешім қабылдағанын білеміз. Бұл операция тарихта “Балатон” деген атпен белгілі. Сол сұрапыл шайқаста қаза тапқан мыңдаған жауынгердің ішінде біздің ағамыз-атамыз да осында мәңгілік мекен тапқан.
Қасымның артында қалған ұлы Сәлемнен туған сегіз баланың әрқайсысы өмірде өз жолын тапты. Араларында ғалым мен ұстаздық жолын қуғандар көп. Қасымның қызы Сусарлының балалары арасында да академик пен бірнеше ғылым докторы бар. Жауынгердің өз өмірі қысқа болса да, ұрпағы атын өшірмей, тамырын тереңге жайып отыр.
Қасым Аяғановқа туып-өскен жерінде ескерткіш орнату туралы ұсынысымды ұлы Сәлем қуана қолдап, жуық арада осы ойымызды жүзеге асырмақпыз. Бұл жалғыз Қасымға ғана емес, елін, жерін қорғау жолында ажал құшқан барлық майдангер жерлестеріміздің рухына арналатын болады.
Бүркітбай АЯҒАН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.