«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАЛЫ ҚАҒАЗ ЖІБЕРІП, ҚАНШАМА ҚАЙҒЫ САЛДЫ ОҚТАР…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екінші дүниежүзілік соғысқа Есіл ауданы, Ақтас ауылынан тепсе, темір үзетін зіңгіттей 56 азамат қатысты. Басым бөлігіне топырақ жат жерден бұйырды. Ұлын, отағасын, әкесін зарыға күткен ана, асыл жар, жанары жасқа шыланып, жаутаңдаған бала қайғыдан қан жұтып, тас түйнектей көкірегін жаншыды, жан жарасын тілгіледі. Арада сексен жыл өтсе де, тым болмаса жерленген жері белгілі болып қала ма деп, хабарсыз кеткен туысқандарынан үмітін үзбей, сарыла тосқан ұрпақтары қаншама?!.

Солардың бірі – Аяған әулеті. Отан үшін от кешіп, мерт болған немере ағамның жұмбаққа толы қилы тағдыры мені де қатты тол­ғандыратын. Іздеу салу әреке­тім­ді бір сәт те тоқтатпадым десем, артық айтқандық болмас. Әкем Ғелман соғыстан аман-есен оралды, ал оның ағасы Қа­сым­ның із-түссіз жоғалуы зайы­бы мен балаларын ғана емес, мені де қатты уайымға салғаны рас. Оның артында қалған жал­ғыз ұлы Сәлем ағам екеуіміз із­дестіруді ұзақ жылдар бойы жүргізіп келдік. Кеңес үкіметі тұсында бірқатар әскери құрылым­дарға, атап айтқанда, Сталин­град шайқасы туралы дерек ор­талықтарына, эвакуациялық гос­питальдарда қаза тапқан жауын­герлердің тізімі сақталған Ле­нин­град мұрағатына бірнеше рет сұ­рау жолдадық. Көбіне “із-түссіз жо­ғалды” деген нұсқада жалпы­лама жауаптар келетін.

Жылдар бойғы іздеуімізге бөгет болған басты себептің бірі – тегінің қате жазылуында еді. Штаб қызметкерлерінің салғырт­тығынан Аяғанов “Аляганов” бо­лып кеткен. Бүгінгідей техника­лық даму, сандық технология­лық үрдіс арқасында тынымсыз із­дестіруіміз осыдан екі жыл бұ­рын нәтижелі аяқталды. Қасым Аляганов деген жауынгердің Венгрия жерінде қайтыс болғаны туралы жауап-хабар қолымызға тиіп, мұрағатта сақталған құжат­тар біздің іздеу салған адамы­мыздың туған жылына, әскерге шақырылған жеріне, аудандық әскери комиссариаттың атауы­на, әйелінің аты-жөніне сәйкес келіп, өлгеніміз тірілгендей, өш­кеніміз жанғандай керемет шат-шадыман күй кештік. Мұрағат­шылардың көмегімен оның жерленген жері де анықталды. 1945 жылдың қаңтарында Будапешт қаласының түбінде ауыр жара­қат алып, әскери госпитальда қай­тыс болыпты. Жеңіс күніне төрт ай ғана қалғанда…қандай өкі­ніш десеңші?!

Былтыр қыркүйек айында Германияға жолым түсті. Ста­лин­дік қуғын-сүргін мәселесін зерттеп жүрген ғалымдардың бірі ретін­де мен де делегация құ­рамына енгізілдім. Бұл ұсынысты қабыл­дауымның басты себебі – Вен­грия еліне соғып, майдан дала­сында мәңгілік тыныстап жатқан жауынгер ағамыздың рухына тағзым ету. Шетелге сапарым тағылым-танымға толы болды. Қираған Берлин қабырғасын, Гер­маниядағы тоталитаризм тари­хы­на қатысты мұражайлар мен мемориалдық орындар бар Эр­фурт, Торгау, Лейпциг қалала­рын аралап, үлкен әсерге бөлен­дім. 700 мыңнан астам адамды қа­маққа алған Бухенвальд концлагеріне бас сұққан кезде естен кетпес ауыр тебіреністі бастан өткердім. Ажал апандарына Германия, Польша, АҚШ, КСРО елдерінен тоғытылған тұтқын­дардың нақты саны әлі күнге де­йін белгісіз. Әлемнің түкпір-түк­пірінен келген туристер фашизм­нің ауыр қасіретін көріп, жағала­рын ұстайды. Қайсыбір елдің елшілігі Бухен­вальд қабырға­сында қаза тапқан жерлестеріне ескерткіш тақта орнатыпты. Біздің отандастары­мыз үшін де осындай белгі қо­йылса, артық етпес еді. Неміс әріптестерге өті­ніш білдіріп, қазақстандық тұт­қындардың тізімін алдым. Ол тізімді әлеуметтік желіде жа­рия­лап, оқырмандарға ұсынатын боламын. Онда жа­уын­гер­лердің тегі, аты-жөні, ту­ған жылы, әс­кер­ге шақырылған жері және ла­герьлерінің нөміріне дейін көр­сетілген.

Атам Аяған Тілеуліұлы – Бай­тоқтан тараған Шуаш (Ақсұ­лудан) руынан. Имандылық жо­лын таңдап, молда болған. Со­нымен қатар аңшылық, саятшы­лық құрып, ел ішінде аштыққа ұшыраған адамдарға көмек көр­сеткенін көзкөргендер бүгінге де­йін ауыздарынан тастамай, ай­тып жүреді. Жүрегі кең, жұртқа қамқоршыл жанды ауыл-аймақ “Әйем” деп ерекше құрметтеген. Екі рет үйленген. Қабдырахман, Уәлден деген ұлдары, бірнеше қы­зы дүниеге келген. Бірақ бала­лары жастай шетінеп, Ұмсын әжемізден туған Ғелман ғана ержетеді. Болмысынан балажан атамыз тағдырдың ауыр сына­ғына сағын сындырмай, ағайы­ны Сәрсенбінің Қасым есімді бала­сын бауырына салып, тегін Аяға­нов деп жаздырады. Туған ұлы Ғелман мен Қасымды бөліп-жармай, бір анадан туғандай өсіреді.

“Аяған атам анам Бикамалға келіп, “келін, біздің шаңырақтан кету деген ойыңда болмасын. Балаларды біреудің есігінде жүр­гізбе” деген өтінішін айтып, өз үйіне көшіріп алады”, – дейді ата­мыздың бауырында өскен ағам Сәлем өткенді еске түсіріп.

Қасымнан екі қыз, бір ұл қал­ды. Олардың болашағына Аяған атамыз немқұрайлы қарай ал­май­ды. 1942 жылы соғысқа атта­нып, Қиыр Шығыстағы армияда болып, 1948 жылы елге оралған жалғыз ұлы – менің әкемді – Ғел­манды жеңгесіне қосады. Сонда баласына “Ағаңнан қалған үш қарлығашыңды әр үйдің самаурынының жанына отырғызып қоя­сың ба?” деген сауалын тө­тесінен қойыпты. Әкем анам­нан 6-7 жас кіші, үйленбеген. Сонда да әкесінің тілегін бұлжытпай орындап, немере ағасының ба­лаларын бауырына сүйіспен­ші­лікпен басады.

“Жаңалық ауылында Қасым­ның Қарбалас деген қарындасы тұрды. Әжем Ғазиза мен әпкем Су­сарлы (Маймаш) соның қо­лын­да болатын. Ғелман ағам Су­сарлы әпкемді бірден қолына алды. “Үш баланы бір-бірінен ал­шақтатпай өсір” деген әкесінің та­ғы бір аманатын орындады” – дейді ағам Сәлем.

Қасымның есімі ұмытыл­масын деп Сәлемнің ата-тегін әкесінің есімімен жаздырған да атам екен.

Ғелман әкем ағасынан қал­ған жалғыз тұяққа бар мейірімін беріп, тракторшылық мамандық­қа оқытып, 1961 жылы әскери бо­рышын өтеуге шығарып салады. Оның жас келіншегі Майра тәте­мізді бағып-қағып, ешбір өгейлік танытпаған. Анам Бикамал екеуі Сусар тәтемді Қарағай ауылын­дағы Қазтай деген жігітке, екінші қызы Сусарлыны көрші Қожым (Еңбек) ауылындағы Қуат жезде­мізге ұзатып, әрқайсысының жағдайын ойластырған. Әттең, әкемнің маңдайына жазылған өмірі қысқа екен, 1965 жылы 41 жасында жол апатынан қайтыс болды. Әйем жүзден асып, 1956 жылы дүниеден озды.

Қан майданнан ауылға аман-есен оралып, елді қалпына кел­тіру жұмысына білек сыбана кіріскен 16 майдангер менің есім­де. Солардың бірі – Мәкен Бей­сенұлы. Қасым ағамды соңғы рет тірі көрген – сол кісі. Ауылдасы әрі ағайыны Мәкенге “Жараң же­ң­іл, елге қайтарады, ауылға сә­лем айт. Қарындастарыңа пана бол!”, – деген аманатын арқа­лаған ол елге жеткен кезде Қа­сым­нан “қара қағаз” келгенін ес­тіп, қатты жылайды. Қасымның туған інісі Қаппас Сәрсенбаев та із-түссіз кеткендердің бірі.

Анам Бикамал – Көкше же­рінің қызы. Елі –Төле-төлеңгіт. Атасы Есенәлі мен оның бауыры Есенгелді ер мінезді, қайратты күш иесі болыпты. Қостанай өңірін жайлап жүрген батырлар озбырлық көрсеткен бір жан­дармның өліміне себепші болып, Көкшетау жаққа қарай көшкен деседі. Есенәліден Мұқан, Мұ­қан­нан Бейсен мен Бикамал туа­ды. Бейсен 17 жасында оба ау­руынан шетінеп кеткен. Жал­ғыз ұлынан айрылған Мұқан қызы Бикамалды бір елі қа­сынан тастамайтын көріне­ді. Өкі­ніштісі, нағашы атамыз да ұзақ өмір сүрмеген. Әкеден айры­лып, жетім қалған анам Көк­ше­таудағы балалар үйін пана­лай­ды. Кейін Бұлақта тұратын ше­ше­сі Ғазиза алып кетеді де, бірер уақыт қасында ұстап, кейін Ақтас ауылындағы Қасымға тұр­мысқа береді. Қасым мен Бика­малдан Сусар (1932 жыл­ғы), Су­сарлы (1938 жылғы) және Сәлем (1941 жылғы) туған. Бикамал мен Ғел­маннан 1952 жылы туған әпкем Гүлжиян, 1954 жылғы мен, 1957 жылғы інім Түлкібай және 1959 жыл­ғы қарындасым Мін­уара есімді балалары болды. Анам­ның бірінші күйеуінен қал­ған ба­лаларына деген мәңгі ай­рылмас туыстық қасиетті қаны­мызға сіңіріп кеткен әкем бола­тын.

Не керек, Қасым ағамның Вен­гриядағы зиратына барсам деген тілегім орындалды. Лейп­цигтегі бағдарлама аяқталған соң бірден ұшып кеттім. Қазақ­станның Вен­гриядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашев пен бірінші хатшы-консул Ермек Жылқайдаровтың көмегімен Қа­сым Аяғановтың жер­ленген жері Хатван қаласы­на бардым. Мен келгенше ел­шілік қызметкерлері Ресей Фе­дерациясы қорғаныс министр­лігінің өкілдігіне хабар­ла­сып, 1941 жылдың қараша айында Сол­түстік Қазақстан об­лысы, Ле­нин аудандық әскери комисса­риаты Ақтас ауылынан әскерге шақырылған Қасым Ая­ғановтың (Аляганов) жерленген жерін іздестіру және растау құ­жатын сұратып алыпты. Онда “қолда бар мұрағат құжаттары­ның кө­шірмелерін талдау нәти­жесінде 9 ақпан мен 15 ақпан аралығын­да майданда алған жарақаттары мен ауруынан қаза тапқандардың №93 жеке тізімі­нен мәлі­меттер анықталды. 1945 жыл”, – деп көрсетілген. Қызыл Армия жауынгері Қасым Аяға­нов­тың 1945 жылдың 10 ақпа­нын­да ал­ған жарақатынан қаза тауып, Хат­ван қаласында жер­лен­гені тура­лы анықтама қоса беріліпті. Бұл әскери жерлеу 1947 жылғы 7 ақпандағы №050 Эхер қаласы­ның әскери комен­данты кеңсе­сінің мәліметімен расталған жә­не Хатван қаласы­ның №2 зира­ты, №33 бейіті деп белгіленген. Мекенжайы: Ховеш облысы, Хатван қаласы, Борне­мисса көшесі, 20. Онда кеңес әскерінің үш зираты бар. Ресей Федера­циясы қорғаныс ми­нистр­­лі­гінің өкілдігі де Хатван қа­ла­лық зира­тындағы госпитальда жер­ленген кеңес жауынгерлері­нің тізіміне Қызыл армия жауын­гері Қасым Аляганов (Аяғанов) есімі енгізіл­ге­нін хабарлаған. Ал­дағы жөн­деу-қалпына келтіру жұ­мыстары кезінде мемориал­дық тақтаға Ая­ғанов Қасымның есі­мі жазы­латын болды. Бұл ха­бар­ламаға РФ қорғаныс ми­нистр­лігі өкіл­дігінің бастығы, пол­ков­ник Ш.Ма­мосолиев қол қойған.

Венгрия елінде магистрлік бі­лім алып жатқан немере-жие­нім Жанерке екеуіміз кеңес жауын­гер­лері жерленген қорым­ға ба­рып құран оқып, туған жерінен әке­лінген топырақты қабірге сал­дық. Әдетте, мұндай “жаппай қа­бірлер” көп адамның өмі­рін қиған үлкен қақтығыста не­месе жау ша­буылынан кейін пайда болады. Гитлер 1945 жыл­дың көк­темінде Берлинге қарай ше­гінбес бұрын кеңес әскеріне қар­сы үлкен шай­қас ашуға шешім қабылдағанын білеміз. Бұл опе­рация тарихта “Балатон” деген атпен белгілі. Сол сұрапыл шай­қаста қаза тап­қан мыңдаған жа­уынгердің ішін­де біздің аға­мыз-атамыз да осын­да мәңгілік мекен тапқан.

Қасымның артында қалған ұлы Сәлемнен туған сегіз бала­ның әрқайсысы өмірде өз жолын тапты. Араларында ғалым мен ұстаздық жолын қуғандар көп. Қасымның қызы Сусарлының ба­лалары арасында да академик пен бірнеше ғылым докторы бар. Жауынгердің өз өмірі қысқа болса да, ұрпағы атын өшірмей, тамырын тереңге жайып отыр.

Қасым Аяғановқа туып-өскен жерінде ескерткіш орнату тура­лы ұсынысымды ұлы Сәлем қуа­на қолдап, жуық арада осы ойы­мызды жүзеге асырмақпыз. Бұл жалғыз Қасымға ғана емес, елін, же­рін қорғау жолында ажал құшқан барлық майдангер жер­лес­теріміздің рухына арналатын бо­лады.

Бүркітбай АЯҒАН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp