«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СӘЙГҮЛІКТІҢ ШАБЫСЫ-АЙ!”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде жыл сайынғы дәстүрлі ат спорты маусымының ашылуы өтті. Тұрғындар Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромына жиналып, қызықты шараның куәсі болды.

Шабандоздар, атбегілер мен жиналған жұртшылықты айтулы күнмен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады.

– Құрметті спорт мерекесіне қатысушылар және қонақтар! Бүгін Қызылжар ауданында ат спорты жарыстары бастау алды. Елімізде және облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылған. Өңірде 800-ден астам жасөспірім қазақ күресімен айналысады. Сонымен қатар солтүстікқазақстандық жастар арасында көкпар, ат жарыс, белдесу сынды спорт түрлеріне сұраныс артқан. Ат спортына қызығушылардың да саны күн санап өсіп келеді. Бүгінгі сайысымыз әділ әрі өте қызықты болады деп үміттенемін, – деді Қанат Дүзелбаев.

Сәйгүліктер 1600, 5000, 7000, 13000 метр қашықтықта сайысқа түсті. Мәреге бұрын келген жүйріктер республикалық додаға жолдама алды.

Ең алғашқы жорға жарыста Аққайың ауданынан келген Евгений Чибисов жеңімпаз атанды.

– Сәйгүлігім – Аквамаринді Ресейден екі ай бұрын ғана алып келдік. Бүгін бірінші рет сайысқа қатыстырдық. Және бірден жеңіске жеттік. Өзім 25 жылдан бері шабандоз болып, талай додада бақ сынап жүрмін, – дейді жеңімпаз.

Ал аламан бәйгеде “Қарагерді” тізгіндеген Әбілмансұр Сәлім мәреге бірінші келсе, екінші орынды “Фаворит” лақап атымен белгілі сәйгүлікке мінген Нұртілеу Рымхан иеленді. Үштікті “Басмаг” тұлпарымен Тілекберген Бижұма түйіндеді. Сайыс жеңімпаздарына ақшалай жүлделер табыс етілді.

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp