Ел аузында “Қалыңдық үйі” атанып кеткен көпес Халит Янгуразов салдыртқан екі қабатты нысан республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші саналады. Оны кезінде Мәскеуден келген қалыңдықтың тапсырысы бойынша италиялық сәулетшілер модерн стилінде салған. Бірінші қабат кірпіштен, екінші қабат бөренеден тұрғызылған. Ғимараттың қасбеті мен интерьері сәндік сылақпен безендірілген.
Мұнда 2013 жылдан 2016 жылға дейін Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен “Қазқайтажаңарту” мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан филиалы жөндеу-реставрациялау жұмыстарын жүргізген. Алайда жертөле қабатындағы қолданыстағы дренаж жүйесіндегі ақау ескерілмегендіктен, оның соңы іргетастың ішінара бұзылуына әкеліп соққан. Осы олқылықтарды ретке келтірмей болмайды, одан басқа да мәселелер жетерлік. Ғылыми-жобалық құжаттамаға сәйкес жалпы магистралға қосылатын су бұру желілерін жаңарту, шатыр құрылымын ішінара ауыстыру, қабырғаларды гидрооқшаулау, қасбеттерді, ішкі бөлмелерді қалпына келтіру, қазандықты ауыстыру сияқты міндеттер тұр. Бұдан бөлек, су құбыры, кәріз құрылғысы, сыртқы терезе блоктары ауыстырылып, өрт дабылы мен бейнебақылау жүйесі іске қосылады.
Ғылыми-реставрациялау жұмыстары облыстық қазынадан бөлінген 236 млн. теңге есебінен атқарылады. “Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы” заң бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерін өзгертуге тыйым салынған. Жұмыс аяқталғаннан кейін ғимарат бұрынғыдай тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының қарамағында қалады.
Асқар ЖАМЕНОВ,
облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры.