«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жастарға – жаңа мүмкіндік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызмет сапына жас кадрларды тарту жайы сөз болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Дулат Тайшабайдың айтуынша, құзырлы орган жас мамандарды тарту шараларын қабылдапты.

“Б” корпусының белгілі бір лауазымдары үшін біліктілік талаптары өзгерген. Жоғары немесе орта білімнен кейінгі техникалық немесе кәсіптік білімнің болуы жеткілікті.

– Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі арқылы жастарды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның ең жақсы түлектері мемлекеттік сектордағы таланттар пулына қабылдау туралы сертификат алады. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап облыста үміткерлерге конкурсқа барлық кезеңдерде, жоспарланған уақытта және елдің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік беретін жаңа қанатқақты жоба сынақтан өткізіледі, – деді Дулат Тайшабай.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ мемлекеттік қызмет жүйесі үшін кадрлар даярлау бойынша бірлесе жұмыс істеп жатыр. “Атамекен” ҰКП рейтингі бойынша университет соңғы 5 жылда еліміздегі үздік жоғары оқу орындарының ондығына кірген.

Осылайша білім ордасы облыстың барлық кәсіпорындары мен мемлекеттік органдары үшін кадрлар даярлайтын орынға айналған.

“Жыл сайын М.Қозыбаев университетіне 1500-ге жуық адам қабылданады. Оның 55-60 пайызы мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға түседі. Биыл 1486 студент оқуын тамамдайды. Түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша облыс пен республика кәсіпорындары тікелей университетке хабарласады. Студенттердің өндіріспен, құрал-жабдықтармен танысып, кәсіби тәжірибеден өтуі маңызды. Университет студенттердің практика нәтижелерін бағалауды толығымен өндірістегі жауапты тұлғаларға тапсырды. Тәжірибеден өткеннен кейін түлектер осы кәсіпорындарға жұмысқа орналасады”, – деді СҚУ-дың тәрбие, әлеуметтік мәселелер және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жөніндегі басқарма мүшесі Азамат Жикеев.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Лаура Қайыржанқызы жас кадрлардың оқуға түсу шарттары туралы айтып берді.

– “Халықаралық қатынастар”, “Мемлекеттік саясат” және “Экономика” білім беру бағдарламалары үшін оқыту мерзімі 1,5 жылға дейін қысқартылды. Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері үшін “Мемлекеттік басқару” білім беру бағдарламасына түсу мүмкіндігі ашылды. Қабылдау науқанының жалпы мерзімі 20 күнге қысқартылды. Магистратура бағдарламалары үшін “Сұхбат” кезеңінен өткені үшін бағалаудың үлес салмағы 70 пайызға дейін, докторантура бағдарламалары үшін 50 пайызға дейін ұлғайтылды, – деді Лаура Қайыржанқызы.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы қыркүйек айында шығарылады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp