Ақжар ауданында жұмыс істеп жүрген 20 жастағы жігіттің үстіне балшық құлап кетті. Ауруханаға ауыр халде түскен зардап шегушіні дәрігерлер аман алып қалды.
Оқиға 11 маусым күні болған. Ақжар аудандық ауруханасының мамандары облыстық көпбейінді ауруханаға хабарласып, ауыр сырқат түскендігін айтқан.
“Ақжарлық әріптестеріміз ер адам бас сүйек-ми жарақатын алуы мүмкін, кеудесі қысылған, мидың гипоксиясы тіркелгендігін айтты. Жігіт біршама уақыт топырақ астында жатып қалған. Ол бірден аудандық ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілді. Реаниматологқа кеңес бердім, қандай ем-дом жүргізу керектігін айттым, өйткені сол уақытта сырқаттың жағдайы оны жедел түрде облыс орталығына жеткізуге мүмкіндік бермеді. Сол себепті аудандық ауруханада өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Ал екінші күні жағдайы тұрақталғаннан кейін санавиация арқылы облыстық ауруханаға жеткізілді”, – дейді облыстың штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Сергей Ишин.
Облыстық ауруханаға жеткізілген кезде сырқаттың жағдайы ауыр болған.
“Консилиум құрылып, барлық қажетті зерттеу, соның ішінде толық КТ жасалды. Тексеріс басми жарақатын көрсетпеді, алайда қабырғалары сынып, кеуде қуысына зақым келген, екі жақты пневмония диагнозын қойдық. Сырқат алты тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатты. Қазіргі уақытта есін жиды, өздігінен дем алып жатыр. Пульмонология бөліміне ауыстырдық”, – дейді Сергей Ишин.
Облыстық полиция департаменті қазіргі уақытта осы фактіге қатысты тергеп-тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.