«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңалық жаршыларына құрмет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының мамандары бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі алдындағы жылдағы дәстүрлі бас қосуды тимбилдинг түрінде ұйымдастыруды жөн көріпті. Ол “команда құру” деген мағынаны білдіреді. Ұйымшыл ұжым қалыптастыратын, жеке қарым-қабілетті барынша ашып көрсететін психологиялық әдістің еркін, бейресми қарым-қатынас құралы ретінде таңдап алынуы кездейсоқ емес. Өйткені жаңалықтың жаршысы, халықтың жанашыры ретінде ардақталатын мәртебелі мамандық иелері табиғатынан ашық, көпшіл.

“Динамо” стадионында өткен жиынды облыстық журналистер ұйымының төрағасы Ерлан Тоқшылық кіріспе сөзбен ашқаннан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин ақпарат айдынында үздік деп танылған бір топ жергілікті журналисті марапаттады.

Ортаға бірінші болып осы салада жарты ғасырға жуық маңдай терін төгіп келе жатқан, зейнетке шықса да, республикалық “Қазақстан дәуірі” газетінің меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып жүрген Нұрсайын Шәріп шақырылды. Қаламы жүйрік әріптесіміздің кеудесіне “Қазақстанның құрметті журналисі” төсбелгісі жарқырата тағылды.

Көктемгі тасқын кезінде ағын судан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарға көмек қолын созып, қайырымдылық шаралардың бел ортасында жүрген жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі – күрд ағайындардың “Барбанг” қоғамдық ұйымының төрағасы, “Шин Лайн” ЖШС-ның бас директоры Худайберген Афандиев. Оның тікелей ұйымдастыруымен үйсіз-күйсіз қалған отбасылар 2 млн. теңгенің жылы киім-кешегімен, азық-түлігімен қамтамасыз етілді. Худайберген Махамедұлы ұйым тағайындаған “Алтын медаль” төсбелгісіне ие болды.

“Тайынша таңы” аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Гүл Нұралина – “Ақпарат саласының үздігі”, “Тайыншинские вести” аудандық газетінің бөлім меңгерушісі Алла Бочкар – “Жылдың үздік журналисі”, “Евразия” телеарнасының меншікті тілшісі Зайра Жақыпова – “Жылдың үздік меншікті тілшісі”, облыстық әкімдіктің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешев – “Жылдың үздік баспасөз хатшысы”, фототілші Александр Коротков – “Өз мамандығының адал журналисі”, Шал ақын аудандық “Новатор” газеті “Ең үздік аудандық басылым” ретінде жеңімпаз болып танылды.

Бір топ журналиске Қазақстан журналистер одағының Алғыс хаттары табыс етілді. Олардың арасында қаламы жүрдек әріптесіміз Арайлым Бейсенбаева Қазақстан журналистер ұйымының марапатын иеленді.

Төрт әріптесіміз Қазақстан журналистер ұйымына мүшелікке қабылданды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp