Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылған сәттен бастап өзіне жүктелген мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау, қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қатысу, этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету, Қазақстан халқының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін сақтау және дамыту міндеттерін абыроймен орындап келеді. Бастапқыда Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде қызмет атқарса, кейін құрылымы кеңейіп, ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган ретінде ерекше мәртебе берілді. “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заңның 4-ші бабында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, халық пен мемлекет мүдделерінің басымдылығы, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге жол бермеушілік, тағы басқа дербес жауапкершілік принциптері жазылған. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға жәрдемдесу, мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту, демография және көші-қон саласындағы жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу, елде және шетелде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал ету көзделген. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ағартушылық және баспа қызметін жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері жөніндегі заң жобаларына қоғамдық-саяси сараптамаға қатысу, шетелдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсету, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау Ассамблея қызметінің негізгі бағыттары саналады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан. Адал азамат” деген тақырыппен Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінен туындайтын “Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуы тиіс”, – деген талаптарын басшылыққа алған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы өңірде тұратын этностарды бір шаңырақ астына біріктіре отырып, мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныту, дәріптеу бағытында бұқаралық іс-шараларды алға қойған мақсат-мүдделермен тығыз түрде үйлестіріп отырады. Өңірде жұмыс істейтін 28 этномәдени бірлестік құрамындағы мүшелердің саны 2 мыңнан асады. Бұдан бөлек, 220-ға жуық үйірме мен шығармашылық клуб бар. Ассамблея базасында құрылған ғылыми-сараптамалық топқа 11 өкіл кіреді. Бәрінің белсене қатысуымен былтыр мыңнан астам адамды қамтыған 25 іс-шара өткізілді. “Бірлігіміз жарасқан”, “Қазақ халқына – мың алғыс”, “Біргеміз!”, “Бір ел – бір тағдыр”, “Салт-дәстүр” сияқты фестивальдар, этномарафондар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сөз арасында Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасының жұмысына тоқтала кеткен артықтық етпес. Биыл 10 жылдық мерейтой аясында “Біртұтас ұлттық татулық – азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың негізі” атты атты диалог алаңы өтті. Кафедра құрылғаннан бері 78 әдістемелік әдебиет әзірленіп, 30-дан астам ғылыми-практикалық семинар, 10 жедел курс өткізілді. 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан “Қоғамдық келісім” КММ этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелердің қызметіне жүйелі түрде қолдау көрсетеді.
Тұтастай алғанда жергілікті ассамблея тарапынан 12,5 мың адамды қамтыған 368 іс-шара ұйымдастырылды. Бейбітшілік пен келісім идеяларын нығайтуға 180 этноорталық өз үлестерін қосып келеді. Олар да қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды діттейтін мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады, патриотизм, Қазақстан этностарының рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біртектілікті нығайтуға жәрдемдеседі. Жуырда “Солтүстік Қазақстан облысындағы бірлік пен келісімнен – елдегі үйлесімділік пен ұлттық бірегейлікке” атты семинар-практикум бастау алды. Бұл орайда халық бірлігін нығайтуға және республикамыздың рухани құндылықтарын шоғырландыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру аясында отбасылық құндылықтарды сақтаудың, оның мәртебесін арттырудың мәні айрықша. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру “Аналар кеңесі” ұйымының төрайымы Жұлдыз Саттароваға жүктелген. “Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт” жалпы республикалық жобасы жергілікті жерлерде лайықты түрде жалғасын тапты. Оның шеңберінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетіледі. Ескендір Елеусізов басқаратын “Ақсақалдар кеңесінің” сабақтастықты дамыту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу бағытындағы қайырымдылық істері негізгі бағдарға айналған. Алла Писаренко жетекшілік ететін “Жомарт жан” орталығы жайлы да осылай айтуға болады.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрылымдық бөлімшелері мен этномәдени орталықтардың мүшелері көктемгі су тасқыны кезінде нағыз қайсарлықтың, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Қарғын судан зардап шеккен отбасылардың жанынан табылып, гуманитарлық көмектер ұйымдастырылды. “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС-мен жасалған келісім шеңберінде нан өнімдерімен қамтамасыз ету акциялары өткізілді. Әлеуметтік шара 22 күнге созылып, 4,4 мың бөлке нан тегін үлестірілді. Ұнды “Кара-Яз”, “СевЕсильЗерно”, “DEZ”, “Сұлтан” кәсіпорындары жеткізді. Осы санаттағы отбасылардың балалары да назардан тыс қалмады. “ҚХА Kids” балалар жазғы лагерінің жобасы аясында әртүрлі жастағы 15 бала демалды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері Дария Сұлтанахмет пен Сәния Төлегенова алғашқы күннен балдырғандармен тез тіл табысып, бірнеше интерактив өткізді. “Таза Қазақстан” акциясы бойынша ұлттық өркендеу мектебінің аумағына 40 көшет отырғызылды.
Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен киелі мекен, жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп келе жатқан қарашаңырақ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Республика тұрғындарын біртұтас ұлт ретінде бірігудің, қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, арандатуға, кемсітуге жол бермейтін орта қалыптастырудың маңызын атап көрсетіп, алда тұрған жалпыұлттық негізгі қағидаттарды айқындап берді. Оларды орнықтыру бағытында Ассамблея басты рөл атқарары сөзсіз.
Елена СЕМИДОЦКИХ,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары.