Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысов алғашқы жартыжылдықты қорытындылады.
Бүгінде департамент 53 табиғи монополия субьектісінің қызметін реттейді. Оның ішінде су жүйесі, электр энергиясы, жылумен қамту, жол салаларына қатысты ұйымдар бар.
Биылғы жартыжылдықта департаментке мемлекеттік бақылау және реттеу бойынша 47 өтініш келіп түскен. Оның 22-сіне оң жауап беріліпті, 7-сі орындалып жатыр.
– Биыл департамент өтініш негізінде “Қамқор – 2023” серіктестігіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бір заң бұзушылықты анықтап, 516 мың 880 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар “Севказэнергосбыт” серіктестігінің жұмысына бақылау жүргізіліп, заң бұзушылықтарды түзету жөнінде ұйғарым шығарылды. Серіктестік интернет-ресурсына инвестициялық жобаның жүзеге асуы туралы жарияланымға фотосуреттер мен бейнематериалдарды қоса тіркеуі қажет, – деді департамент басшысы.
Департамент электронды түрде 5 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсетуге 19 өтініш түскен.
2023 жылы 45 табиғи монополия субъектісі 2022 жылға арналған бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы 60 және бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы 7 есеп берді.
– Биыл есептерді талдау нәтижелері бойынша кей табиғи монополия субьектілері кірістерінің негізсіз алынғаны анықталды, тұтынушыларға 22 қызмет бойынша қаражатты қайтару мақсатында уақытша тариф енгізілді. 2024 жылы 45 табиғи монополия субъектісі 2023 жылға арналған бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы 58 есеп және бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы 7 есеп берді. 2023 жылға арналған бекітілген тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың есептеріне талдау жұмыстары жүргізілуде, – деді Дамир Тоқтамысов.
6 айда департаментке 86 өтініш түскен. Оның ішінде 42-сі – арыз, 3-і – шағым, 2-і – ұсыныс, 39-ы – өтініш пен хабарлама.
“Тарифті инвестицияға айырбаста” тарифтік саясаты аясында бүгінгі күні 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаржының жалпы сомасы 1 128 612,6 мың теңгеге өскен.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.