Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барып, шаруашылықтарды аралады, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Благовещенка ауылында орналасқан бірнеше кәсіп иелері мал шаруашылығымен жүйелі түрде айналысып келеді. Солардың бірі – “Екпін-2002” шаруа қожалығы асыл тұқымды еділбай қойын өсіреді. Қожалық директорының орынбасары Өмірсерік Әбиевтің айтуынша, Шопан ата түлігі 2016 жылы Батыс Қазақстан облысының Бірлік ауылынан сатып алыныпты. 2021 жылы “Солтүстік” ӘӘК арқылы 159 млн. теңгеге қой басы көбейтілген.
Сайлаубай Әубәкіров жетекшілік ететін “Атамекен Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде екі элеватор бар. Соңғы екі жылда қосымша инвестиция бөлініп, машина-трактор паркі бес техникамен толыққан. Ал “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамытуды басты мақсат еткен “Мысов” жеке кәсіпкерлігінің де аяқ алысы жақсы.
“Жылқының басын көбейтіп, ет және сүт өнімдерінің сапасын жақсартуды міндет етіп отырмыз. Қамбар ата түлігі жусайтын орындар дайын”, – деді “Мысов” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Владимир Мысов.
Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.
Ғауез Нұрмұхамбетов, бұдан бөлек, Пресновкада тауарлы-сүт фермасын салып жатқан “Агротехника Жамбыл” ЖШС-ның жұмыс барысын бақылады. Нысан 400 сауын сиырға шақталған, жыл аяғында іске қосылмақ. Жобалық құны – 2,5 млрд. теңге. Оның 800 млн. теңгесін қондырғылар мен ірі қара сатып алуға “Солтүстік” ӘКК, қалғанын Ислам даму банкі арқылы рәсімдеген. Серіктестік былтыр 14 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріпті.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Әміров жолдарды жөндеу барысын баяндады. Пресноредуть ауылынан облыс шекарасына дейінгі аралықтың 90 пайызы қалпына келтірілген. Келесі жоба – Железное бағытындағы жолды реттеу.
Пресноредуть ауылында оң өзгерістер аз емес. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында бос тұрған ғимарат мәдени-демалыс орталығына айналдырылмақ. Бұл мақсат үшін 200 млн. теңге қаржы қарастырылған. Жергілікті кәсіпкер Руслан Асхабов наубайхана ашып, тұрғындарды жаңа піскен нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Күніне жарты мың бөлке пісіріледі.
Округ орталығында “Таза Қазақстан” жобасы шеңберінде абаттандыру шаралары қолға алынған. Бөлінген 274 млн. теңгенің 150 млн. теңгесі биыл игерілмек. Алдағы уақытта бұл жерде велосипед жолағы, воркаут аймағы, балалар алаңы салынып, тренажерлер, жарық шамдары орнатылады.
Өңір басшысы “Лесная поляна” жазғы сауықтыру лагерінде болды. Мұнда 300-ге жуық бала демалады. Ұлттық ойындарды насихаттауға, патриотизмге баулуға барынша мән берілмек. Сапар соңында Казанка ауылындағы “Шатило және К” шаруа қожалығына аялдады.
Облыс әкімі аудандық Мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесіп, тұрғындар тарапынан айтылған проблемалардың шешу жолдарын айтты. Сауалдарға жауап қайтарылып, аудан әкімі Азамат Бектасовтың есебі тыңдалды.
Белгілі болғандай, 323 мың гектар жерге – дәнді, 66 мың гектарға – майлы, 17 мың гектарға мал азығы дақылдары егіліпті. Озерное, Архангельское және Пресновкада білім беру нысандары күрделі жөндеуден өтуде. 5 елді мекенде ауылішілік жолдар жаңартылады. Жыл соңына дейін Пресновкада хоккей корты, Айымжан мен Баян ауылдарында медициналық пункт тұрғызылмақ. Айтуар, Кабань, Баян ауылдарында су тазартатын кешенді блок модульдері орнатылады. Пресновкада су мұнарасы, Благовещенкада блокты-модульдік сорғы стансасы іске қосылады.
Игілік РАХМЕТ.
Жамбыл ауданы.