«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛМАҚТЫ АСЫРҒАНДАРҒА — АЙЫППҰЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бері 2 мыңнан астам көлікті тексеріп, 475 әкімшілік іс қозғады. Ведомствоның міндеті – қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және автомобиль жолдары желісінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бақылауды жүзеге асырады. Бұл жұмысты 3 жылжымалы бекет арқылы инспекцияның 11 маманы жүзеге асырады.

“Жыл басынан бері барлығы 2095 автокөлік құралы тексерілді, оның 1546-сы – шетелдік, қалғаны – отандық жүк көліктері. Заң бұзушылық фактілері бойынша 475 әкімшілік іс қозғады, 49,64 млн. теңге сомасында айыппұл салынды. Республикалық бюджетке автокөлік құралдары иелерінен 2,35 млн. теңге мөлшерінде алым түсті”, – дейді облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Абылай Қазбаев.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының деректеріне сүйенсек, өңір аумағында тіркелген жүк көліктерінің жалпы саны – 7494. Оның ішінде рұқсат етілген ең жоғары салмақ – 20 тонналық және одан асатындар саны – 1435.

“Талдау барысында елімізде рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асатын жүк көліктерінің басым бөлігі автомобиль жолдарын салу және қалпына келтіруде қолданылатынын анықтадық. Олар жолдардың кейбір учаскелерін жөндеу үшін инертті материалдарды тасымалдағанымен, басқа учаскелерін зақымдап жатыр. Сондықтан мұндай фактілерге жол бермеу үшін тапсырыс берушілер мердігерлермен шарт жасасқан кезде мұны ескеріп, ауыр салмақты көліктерді қолдануға жол бермеуді ұсынамыз”, – дейді Абылай Қазбаев.

Қазіргі уақытта облыс аумағында қиыршық тас, құм, саз және басқа да инертті материалдар өндіретін 14 ірі карьер жұмыс істейді. Инспекция мамандары рұқсат етілген параметрлерді ескермеген жүк жөнелтушілерге қатысты 22 әкімшілік материал толтырды.

Бұдан бөлек, ауыр салмақты және ірі габаритті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін жүк жөнелтушілерге қатысты 27 әкімшілік іс қозғап, 9,4 млн. теңге сомасында айыппұл өндіріп алды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp