Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы нысандарды аралады. Облыс орталығында теміржол арқылы өтетін жаңа өткелдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба жүзеге асырылса, көлік ағынын басқа бағытпен жіберуге, Жұмысшы кентіндегі жол өткеліндегі көлік ағынын азайтуға және қажет болған жағдайда қалалықтарға қолайсыздық туғызбай, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Көпір құрылысына бюджеттен 5,3 миллиард теңге қарастырылып, 80 пайызы мердігерге бөлінген. Құрылыс ұйымдары жыл аяғына дейін көпір мен кіреберіс жолдарды, соңғы және аралық тіректерді, аралық құрылымды салуды, монолитті жабын плитасын орнатуды және инженерлік желілерді ауыстыруды аяқтауы тиіс. Келесі жылы асфальт-бетон жамлғысы төселеді.
Ғауез Торсанұлы мердігерге және тиісті басшыларға құрылыс кестесін қатаң сақтап, барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі сондай-ақ аула аумақтарын ретке келтіру жұмыстарының барысын тексерді. 596 ауланың 254-і жаңартуды қажет етеді.
“Биыл 60 аула қалпына келтіріліп, балалар мен спорт алаңдары орнатылып, асфальт төселіп, абаттандыру жүргізіледі. 5 жыл ішінде жөндеуді қажет ететін барлық аулалар қамтылады”, – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.