Қызылжар ауданы, Прибрежное елді мекенінің маңында орналасқан “Черное” көліне суға шомылуға барған 20 жастағы жігіт мерт болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 1 шілде күні кешке болған.
“Белгісіз жағдайда жоғалған 2003 жылы туған ер адамды іздеуге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 3 адам, 5 құтқарушы жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнында полицияның 5 қызметкері және 2 техникасы жұмыс істеді. Сағат 22.45 кезінде жігіттің денесі табылды. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның себебі анықталып жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды”, – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл – өңірде жаз басталғалы суда болған төртінші қайғылы оқиға. Бұған дейін үш жасөспірім суға батып кеткен еді.
Мамандар суға шомылу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Арнайы белгілер орнатылған орындарға суға түсуге болмайды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.