Осыдан жарты ай бұрын Петропавл – Шымкент бағытындағы әуе қатынасы қалпына келтірілді. Карантин уақытында жұмысын тоқтатқан әуе кемесі қазір күніне 150-ден астам адамды тасымалдайды.
– Бұрын үйіме пойызбен баратынмын, әуе рейсі қалпына келтірілгесін ұшаққа билет алдым. Бұл – менің бірінші рейсім. Шымкентке тура баратын рейстің болғанына қуанып тұрмын, – дейді жолаушы Айжан Мұқанбетқали.
Петропавл – Шымкент бағытына қатынайтын әуе кемесінің жолаушылары күннен-күнге артып келеді. 2 жарым сағатта діттеген жерге жету – жолаушылар үшін таптырмас мүмкіндік.
– Рейс аптасына дүйсенбі және бейсенбі күндері Петропавлдан Шымкентке күндізгі сағат төрт кезінде ұшады. Осы уақытқа дейін жалпы 800-ден астам адам қатынаған. Көлік министрлігінің жауапты комитеті осы рейстің қызмет етуіне 250 млн. теңге қаржы бөлді, – дейді Петропавл халықаралық әуежайы директорының орынбасары Серік Дәулетов.
Жалпы Петропавл халықаралық әуежайы арқылы күн сайын Астанаға және аптасына бес күн Алматыға рейстер бар.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.