Жыл сайын жаз айларында дәрігерлерге маусымдық аллергияға шағымданған адамдардың саны күрт көбейеді. Әсіресе өсімдіктер гүлдейтін шілде мен қазан айларының аралығында аллергия белгілері өрши түседі. Көп жағдайда көзі, мұрны мен тамағы бітеліп, өзін әлсіз сезінуі мүмкін.
Аллергиясы барлар дәрігерге дер кезінде қаралып, аурудың алдын алуы керек. Себебі, аллергияның соңы созылмалы демікпеге ұласып кетуі ықтимал.
“Аллергияны нақты қай өсімдік тудыратынын анықтау үшін зертханаға қан талдауын тапсыру керек. Мысалы шілде-тамыз айларында далалық өсімдіктерден жусан гүлдейді, оның тозаңы адамдардың мұрнына, көзіне түсіп, аллергия тудырады. Аурудың өршіп тұрған кезінде ешқандай ем нәтижесін бермейді”, – дейді аллерголог-дәрігер Алма Ешекеева.
Маман толық емді қыс айларында алу қажеттігін жеткізді. Ал арнайы препараттардың көмегімен жаз-күз мезгілдерінде түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурағанын уақытша жеңілдетуге болады екен. Жалпы қыста емделген науқас бұл дерттен толығымен айығып кетпейді. Тек келесі жазда аллергия жеңіл өтеді.
“Үй ішіндегі аллергендерді жою үшін химиялық тазартқыштардан гөрі сірке суы немесе ас содасын қолданған жөн. Химиялық заттар мұрын жолдарын тітіркендіріп, симптомдарды күшейтуі мүмкін. Темекі түтінінен аулақ болу керек. Аэрозольді спрей, отын түтіні де жағдайды ушықтырады. Үй жағдайындағы ең оңай ем – бумен ингаляция жасау. Бұл әрекет мұрын мен тыныс жолдарын ашып, аллергияны жеңілдетеді”, – дейді дәрігер.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.